Бурабайда триатлоннан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Сайысқа Астана қаласы мен Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген спортшылар қатысып, күш сынасты.
Сайыстың алғашқы күні жарыс алаңына 23 жасқа дейінгі 21 спортшы шықты. Оның ішінде «Стандартты» (1500 метр жүзу, 40 шақырым веложарыс пен 10 шақырымға жүгіру) қашықтықты бағындыруда 6 спортшы бақ сынады. Бұл санатта 2018 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері, ұлттық құраманың мүшесі ақмолалық Аян Бейсенбаев 2 сағат 45 секунд нәтиже көрсетіп, чемпион атанды. Ал, одан кейінгі екінші және үшінші орындарға да ақмолалықтар Мейірлан Ысқақов пен Темірлан Теміров лайық деп танылды.
Ал, «спринтерлік» қашықтықта (750 метр жүзу, 20 шақырым веложарыс пен 5 шақырымға жүгіру) күш сынасқан спортшылар арасында 1 сағат 3 минут 59 секунд нәтиже көрсеткен жерлесіміз Дэнис Туницкий бірінші, одан 37 секунд кеш келген түркістандық Ерасыл Аманжолов екінші және тағы бір ақмолалық триатлоншы Мұрат Жәкен үшінші орыннан көрінді. Он тоғыз жасқа дейінгі спортшы қыздар арасында ойнатылған жүлделі орындардың барлығын ақмолалық арулар Надежда Бекмағанбетова, Ашраф Камалова және Наталья Короткова жеңіп алды.
Жарыстың екінші күні «Elite» (кәсібилер) санатындағы спортшылар арасында крос-кантриден Шығыс Қазақстан облысынан келген Александр Куцев чемпион атанды. Одан кейінгі екінші орынды қарағандылық Антон Чиканков және үшінші орынды тағы бір шығысқазақстандық Кирилл Рябцев жеңіп алды.
Қыздар арасында Шығыс Қазақстан облысының қыздары Іңкәр Мәңгібаева, Виктория Бабина және Анастасия Маврина ешкімге дес бермеді. Жүлделі орындарды өзара бөлісті. Сондай-ақ, «Age Group» (әуесқой) спортшылар арасында «TEMIRADAM» кубогінің VI кезеңінде ерлер арасында Сергей Бондаренко, ал, әйелдер арасында Дарья Старостина жеңімпаз атанды. Жалпы, командалық эстафета да «Ironciti Kokshetau» командасы үздік атанды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.