Жабал Ерғалиев,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы
Төрткіл дүниенің төрінде жүрсем де көңіл төрінен сен кетпейсің, Көкшетау! Талайлардың тал бесігі болып тербелген де, сұңғыла көкейді ән болып кернеген де, кең дүниенің сырын шайқап күйі де болып шалқып төгілген де сен едің, Көкшетау! «Өзің боп нәзігім де, дөкейім де, Көкшетау, сен жүресің көкейімде»,–деп күні кеше қайран да, қайран Еркеш ақынның жыр кеудесінен ала құйын болып ұйтқыған бораныңмен де, ұйыған аптап самалыңмен де, кең дүниенің ырғағымен тербелген биші қайыңыңмен де, көк қарағайы көкке қолын созған іңкәр да ұлпа көгіңмен де қымбатсың, ардақтысың, ажарлысың, сүйіктісің, сүйкімдісің Көкшетау!
Бауырындағы балапанын алдырған бүркіт іспеттес Бұқпа таудың тұрысы анау әне! Кең дүниеге құлағын түріп, сол кең дүниенің тылсым сырын ұққысы келген сұңғыланың кейпімен баяу мүлгиді. Жарықтық мәңгілікке орнаған, сөйтіп, мәңгіліктің жырын айтуға жаралған Бұқпа таудың мазасын ақ толқыны жағаға тынымсыз соққылап жатқан Қопа көлі ғана алғандай ма қалай?! Қайтсын-ай енді! Қопа да еркелегісі келеді әлде кімге! Қопа да қамыққан көңілінің кірін шайғысы келетіні бар. Кімнің көңілі кірлемей жүр дейсіз осы күні. Адам баласының ең әуелі өз қадірін өзі білмеуінен жылап жатқан көңілдер қаншама. Төгілген көз жастарын айтсайшы! Дүние-ай, шіркін!..
Сол бір кемі бар көңіл дүниенің жұбанары да, жұбатары да сенсің, Көкшетау! Жүдеген де, үдеген де, құлазыған да, аспандап, асқақтаған да, жәбір көріп жасқанған да, аруақтанып айбаттанған да, қуаттанып қайраттанған да кездерің аз болмады-ау! Сөйткен Көкшетау сен енді міне, тәуелсіз елімнің бір шырақты шаһары болып шамыңды жарқырата жағып отырсың. Қазіргі көркіңе, қазіргі келбетіңе қарап көңілімдегі сүйіспеншілігімді бір баса алмай-ақ қойдым. Көкшетау көркейген сайын көңілім өсіп, Көкшетау өркендеген сайын еңсем көтеріліп, Көкшетау абаттанған сайын жанымның жадырай түсетіні тағы да бар.
Шіркін, Көкшетау, талайларды тамсандырып, ән мен жырдың ырғағымен тербелген едің, әлі де тербелерсің! Көкшетау, сен менің мәңгі айтып өтер әнімсің! Көкшетау, сен менің мәңгі айтып өтер сырымсың да, жырымсың да! Әне, қазіргі Көкшетау көңілімнің лағыл бір сезімдерін селдететін әсем бір күйімен жүрегімде тербеліп тұр.
Көкшетау, сағынып жүрмін өзіңді!
Күн сайын сағынамын! Көшеңде күн сайын жүріп жатсам да сағынамын! Сапырылысқан мынау сабырсыз дүниенің тынымсыз тіршілігінің көңілімдегі үзілмейтін үміті мен жанымның өзіңе деген жалғанып та жалғасып біткен мәңгілік сағынышының қыран қиялын қағып, биікке… зеңгір көкке самғап шығамын да… көңілдің қауырсын қанатымен көгілдір аспанға ілініп тұрып, мына жалпақ әлемнен өзіңді іздеймін, Көкшетау!
Бір өзіңді іздеп шарқ ұрған жаныммен Оқжетпестің ұшар басына да шықтым! Көкше таудың биігіне де көтерілдім! Сексенкөлдің айдынына да қондым! «Көкшетау қайда кетті екен?»–деп мәңгі ұйқыдағы Жекебатырдан да сұрадым! Жұмбақтастан да сұрадым! Дүние жаралғалы жан баласына ашпай келе жатқан өзінің мәңгі бір жұмбақ сырын бүккен қалпы Жұмбақтас та Айнакөлдің жарқыраған айдын жүзінен жанарын бір тайдырмаған күйі қалғып тұра берді.
Қоңыр күздің қоңыр күйін шерткен Бурабайдың биші қайыңдарының ғана сағынышының сары-ала жапырақтары сыбдыр қағып, мына бір тылсым тыныштық пен мылқау үнсіздіктен көңілі қалған кейіппен бірде құлазып, бірде жылап, бірде күліп, жер бауырлай желмен ұшқан желкенді бұлттардың арасынан кей-кейде жарқылдап, кей-кейде нұрланып сәуле шашар күн көзінің жарық та жылы шуағынан әлде бір мейірім мен шапағат сұрағандай. Ей, шашылып қалған, аяқасты басылып жатқан жапырақ дүние, енді қайра бір жылына алар ма екенсің, жылыта алар ма екенбіз сені біз?!
Суық дүниенің тозаңының астында қалып тозып бара жатқан Бұқпа тауға шығып, тағы да кең әлемге көз саламын. Сол кең әлемнен беу, Көкшетау, тағы да өзіңді іздеймін! Көгілдір аспанның көк мұнарына малынып қос өркешті Айыртау мен қылаңкөк Имантау қылаңдайды, сырлы Сырымбет сылаңдайды, Ерке Есілдің есілген, Ақанбұрлықтың ағындаған, Қоскөл мен Саумалкөлдің жабыққан, Қамсақты мен Қалмақкөлдің қамыққан үнін естимін. Дүние базардың сәні мен салтанатын базарлап кеткен Ақан сері мен Үкілі Ыбырайдың бірде тамылжыған, бірде асқақтаған әндері мен үндері қайран да, қайран көңілдің қыл пернесін шертеді де, шерменде көңілдің тұнған да тынған ойларының оттығын үрлегендей боларын қайтерсіз?! Қай биігіңе шықпайын, қай төбеңе көтерілмейін, қай айдыныңа қонбайын, қай жазығыңа бармайын беу, Көкшетау, өзіңді… бір өзіңді әлі де… әлі де таба алмай жүрмін!..
Әне, даланың баяу ескен самалы мен ақселеуінің ақ шашағы толқын болып ырғалған Көксеңгірдің кең жазығы келеді көз алдыма. Көксеңгір!.. Көзден бір-бір ұшқан Көксеңгір!.. Кең жазығында тұлпар шапқан Көксеңгір!.. Жаралғаннан бері жақпар тастың жар қабағын әне жарамын, міне жарамын деп бірде арындап, бірде ашуының ақ көбігін жайылмалы жағалауға шашып буырқанар Сілетінің артына бір қайырылмай Теке көлге қарай асыға жөнелген ағынды мінезінен кешегі Көкшенің өрлігін қайра бір көргендей болады көңіл қиял. Сол көңіл шіркін кешегі Көкшені тағы да… тағы да бір көрсем деген ынтыққан пейілмен тағы да заңғар биікке шарықтар еді. Кішкенекөл–Қызылтудың ен даласы көз алдыма келеді. Сәкен сері туған Кішкенекөл! Жапандағы жалғыз үйімен көз ұшында жалғызсырап қалған Кішкенекөл! Айдынынан аққуы кетіп, қазы қалған Кішкенекөл! Талай да талай бір жақсылар мен жайсаңдардың өмірінің жазы қалған, көңілдерінің назы қалған Кішкенекөл! Қайтейін… бұл күндері бір-бірімізге өгейміз, өгейміз енді!..
Осы бір ойлар өртеген өзегімнің жалын шарпыған жанарымның ұшына ақбасты қарт Алатаудың биігінде тұрған көгілдір Көкшенің ендігі бір биігі Бәйкен аға Әшімов тұрады да, «Ел аман ба, шырағым?»,–деп сол баяғы жайсаң көңілімен өзінің Көкшесінің амандығын сұрайды. Сол Алатаудың етегіндегі Алматының алаңындағы Тәуелсіздік белгісінің сымтасының ұшар басындағы барыс бейнеге көзін тіккен Шота аға Уәлихановтың «Бұлтты сүйген көгілдір Көкшем менің»,–деген ынтызар жан жүрегі анау көшіп бара жатқан ақша бұлттардың арасынан Көкшені, сырлы Сырымбетті іздеп жүргендей болары бар. Тау мен даланы ғана емес, бүкіл әлем саханасын өзінің жаратылысынан бөлек дара үнімен, ән дауысымен сүйсіндіре біліп, бұл күндері ақ басты Алатаудың биігімен жарасқан Ермек аға Серкебаев та: «Ауылым қонған Сырымбет саласына»,–деген дүние жаңғыртар асқақ та сазды, әуезді де әуенді үнімен, әйтеуір Көкшетау бір үн қатар, қол бұлғар, көзіме бір көрінер деген тәтті бір үмітімен елеңдей ән салады.
Көкшетау, мен қайтейін биігіңді?!. Сол биігіңде табан тіреп тұра алмай, биігіңнің қадірі мен қасиетін анық сезініп біле алмай, ұлылар салған ұлы жолмен ұрынбай жүре алмай, енді міне тартып жатырмыз… тартып жатырмыз күйігіңді…
Сапырылысқан сан күймен алысқан санама тығылған осы бір ойлардың талған қанатымен келіп Қопа көлін жағалай қонған өзімнің Көкшетауыма, Көкшетау атты қалама көз тігемін.
Әр қаланың өз тағдыры, өз тарихы бар. Сол тарих беттерінің бір парағына аты да атағы да алтын әріптермен жазылған бір қала бар. Ол – Көкшетау!
Бүгінгі күні жүз тоқсан бес жылдығын атап отырған Көкшетау қаласы да өз елінің, өз халқы мен мемлекетінің іргелі бір қамалы сияқты өсу, өркендеу, құлдырау мен күйзелу сияқты сәттерді өткерді. Жасампаз көкшетаулықтардың еңбегінің, олардың өз қаласына деген шынайы сүйіспеншіліктерінің нәтижесінде Көкшетау түрлі кезеңдердің сындарына төтеп бере алды.
Бас алаңында Абылайдың, көшелерінде ұлы Шоқан мен Қаныштың, қазақ әнінің классиктері Біржан мен Ақанның, батырлары Мәлік пен Талғаттың ескерткіштері тұрған Көкшетау қаласын ұлылар мен дарындар, ерлер мен батырлар қаласы десе де болғандай!
Сол ұлы бабалар мен батыр ағалардың ізі қалған тәуелсіз еліміздің сәулетті де, дәулетті бір қаласы–Көкшетаудың бүгінгі мерейтойы–жүректері Көкшем деп соққан ұл-қыздарының тойы!
Әр қаланың тарихы–түптеп келгенде ел мен жердің тарихы, адамдардың тағдыры. Қилы заман, қиын дәуірлердің қай кезеңінде болмасын өзінің өміршеңдігін танытып, Сарыарқаның киелі топырағында 1824 жылы белі мен биігін көк қарағай көмкерген Бұқпа таудың етегін, айдынында балығы шоршыған Қопа көлін, сол Қопаға келіп құятын Қылшақты өзенінің жағалауын ала бүгінгі Көкшетау атты қаланың алғашқы қазығы қағылып, іргетасы құйылған еді. Бұл кезең орыс патшасы әкімшілігінің қазақ даласына сығалай қарап, сыналай енуін жиілете түскен тұсы болатын. Қазақ жерін өз ықпалына қарату әрекеттерін жасап бағып, барша тіршілігімізді қалт жібермей қадағалап отырған іргелес көршілеріміз көлденең көзді қызықтырмай қоймайтындай ұлан асыр байлыққа ие ұлан-ғайыр кеңістікті бауырына басып жатқан халықтың өзін де, жерін де түрлі амалын тауып, сылтауын қиыстырып, өзін бодан етуге, былайша айтқанда бағындыруға асықты. Өздерінің сол басқыншылық әрекеттерін Еуропаның басқа мемлекеттері алдында шекара мен сауда қатынастарының қауіпсіздігі, өркениетті елдің кейбір көшпенділерге тән әдет-ғұрыптарымен үлкен қауіп төндіріп отырған қолайсыз көршілерден үстемірек тұруды талап ететін болғандықтан және жартылай жабайы халықтардың, жыртқыштық шапқыншылықтарына тыйым салу үшін жасалып жатқан амалсыз шара деп мәлімдеме жасауға дейін барды.
Не де болса, ХІХ ғасырдың бас кезінде, яғни, патша үкіметінің 1822 жылғы 22 шілдесіндегі «Сібір қазақтары» туралы уставы бойынша 1824 жылы құрылған округ орталығы Көкшетаудың күні бүгінге дейін тіршілік отын өшірмей келе жатқан қашанғы қала екендігі ақиқат. Ең әуелі әскери бекініс есебінде іргесі қаланып, кейіннен Сібір казактары облысының құрамындағы округтік станицаға, 1868 жылы уездік қалаға айналған Көкшетау тарихында қиыл-қилы кезеңдердің, ойда қалған небір оқиғалар мен дүркіреген дәуір мен заманалар сыры жатыр.
Қадым замандардан бері қала соғудан да ешбір халықтан кем түспеген халқымыз палезой дәуіріне дейінгі гнейс, мрамор және кристалды тақта тастан түзілген Сарыарқаның солтүстік бөлігінде оқшау жатқан Көкшетау атты қыраттың атын еншілеп, Көкшетау қаласына да көшпенділердің де көліктері жиі қатынай бастаған еді. Ежелгі жырларымыз «Қобыланды батырда» айтылатын Қазан деген қара қаласы, «Ер Тарғындағы» «Азынау» деген аз қаланы, Мұрат ақын толғауларында айтылатын Сарайшық, Ақтөбе, Қорғанша, Шерқала, Үйшік, Тасоба деп санмалайтын сансыз қаланы көрмесе де, естіп өскен қазақтар үшін қала дегенің үрей туғыза қоймағаны анық. Бабаларымызға базар мен шаһар таңсық бола қоймағандықтан да болар, аз уақыттың аралығында Көкшетау қаласы өз атырабындағы малшы қазақтар мен егінші орыс шаруаларының жылына бір рет үлкен жәрмеңке өткізетін шағын әкімшілік қалаға айналып жүре берген еді.
Көкшетау округі 1824 жылы патша әкімшілігі Қарқаралы аймағымен бірге ашқан алғашқы округ болатын. Бұл округ осы күнгі Солтүстік Қазақстан, кейінгі Көкшетау облыстарының, онан қалды Омбы өңірінің, сондай-ақ қазіргі Бұланды, Сандықтау аймағының жерлерін қамтитын еді. Биліктің, басқарудың жаңа түрі енгізіліп, Көкшетау округінің алғашқы аға сұлтаны болып 1824 жылы Абылай ханның немересі Ғұбайдолла Уәлиханов сайланды. Өз атасы хан Абылайдың екі империяға сырын да, қырын да алдырмаған саясатын ұстанған Ғұбайдолла Уәлиханов гауһар тасты алтын медальмен, аты жазылып берілген алтын қылышпен марапатталса да, аға сұлтандықтан өзі болып бас тартуға мәжбүр болды. Түрлі себептермен биліктен бас тартқан Ғұбайдолла Уәлихановтың аға сұлтан қызметіне 1825 жылы осы округтің заседателі болып сайланған Атығай Зілғара Байтоқин тағайындалды. 1796 жылы Орта жүз депутаттарының құрамында Петерборда патшаның қабылдауында болып, поручик, кейін, яғни, 1831 жылы подполковник шенін алған, бірнеше алтын медальдармен марапатталған, «Дворян әулеті» атағы берілген аға сұлтан Зілғара Байтоқин есімдері өз халқына енді мәлім бола бастады. Сол бабаларымыздың арбаларының доңғалағымен, ақ қайыңнан иіп жасаған шанасының табанының ізі мен сүрлеу жолдары күні бүгінге дейін сайрап жатқандай.
Біз әлі де болса Көкшетау атты қасиетті қалаға сол бабалар салған қара жолмен қатынап, келіп-кетіп жатқандаймыз. Біз бәлкім қала тіршілігінің үзілмей, бүгінгі күнмен мәңгілік жалғасып жатқандығы үшін сол бабаларға қарыздар да болармыз, Әйтпесе, ойлаңыздаршы, адамзаттың ұлы ойшылы Әл-Фараби бабамыздың туған қаласы Отырардың ойраны шығып, орны ғана қалған жоқ па еді? Жермен жексен болып, құм үйінділерінің астында қалған талай бір көне қалалардың кебін киер кезеңдер бізде де болмай қалған жоқ. Қасиетті Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи мавзолейін зеңбірекпен атқылаған орыс армиясының генералы Черняевтің әрекетіне біздің даңқты жерлесіміз Шоқан Уәлихановтың қатты наразы болып, келісе алмай 1864 жылы Верныйға кетіп қалуы сияқты отаршылдықтың отты аузының шырмауынан аман қалған Көкшетаудың әргі-бергі тарихын қаузаласаң, көптеген тың деректерге жолығар едің. Бір өкініштісі күні бүгінге дейін, яғни, 195 жылдық тарихы бар қасиетті мекеннің құтты ордасы Көкшетау сияқты қаланың тарихы әлі де зерттелмей, әлі де бір ізге түсірілмей, жинақталмай келе жатыр. Бұл – тарихшыларымызға мін. Осы олқылықтың орнын қазіргі «Қала тарихының» музейі толықтырар да болар.
Ұлы Қазан төңкерісінің дүмпуінен шет қала алмаған Көкшетау тарихын біз қайтсек те айналып өте алмаймыз. Сол кезеңдерді білу, оны ұмытпау, қазіргі және бізден кейінгі ұрпақтарымызға білдіру әрі таныту қажет деп санаймын. Ел мен жерге, тіпті мемлекетіңе деген патриоттық сезім әуелі өзіңнің туған қалаңның тарихын білуден басталары бар.
Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына байланысты самодержавие мен империалистік соғысқа қарсы бағытталған Ресей жұмысшылары мен шаруаларының толқуының әсерінен Көкшетау қаласындағы казак-орыс әскерлерінің 4-ші және 7-ші полктерінің 1914 жылдың 31-ші шілдесінде жасаған көтерілісі бұқараның саяси сенімінің ояна түсуіне зор әсер еткен оқиға болған-ды. Ал, 1919 жылдың бірінші жартысында Шығыс майданның Революциялық Соғыс Советінің бұйырығымен 5-ші армиясының құрамында Ақмолаға қарай шегініп, Көкшетау маңына шоғырланған Дутовтың «Орынбор дербес армиясымен» келген әскерлерінің қалдықтарын талқандау үшін құрылған Көкшетау әскерлерінің тобы 1919 жылдың 12 қарашасында Көкшетау қаласын ақ гвардияшылардан азат еткендігі тарих емес пе? Кеңес үкіметін орнату сияқты аласапыранды оқиғалардың бел ортасында жүріп күрескен Сабыр Шәріпов, Трофим Климов, Әбілқайыр Досов сындылардың есімдері мен өмір жолдарын бүгінгі ұрпақ біле ме? Білсе, жақсы-ақ! Білмесе бұл біздің өз тарихымызға, онан қалды өз қаламыздың өткен-кеткеніне жүрдім бардым қарап жүргеніміз болар.
Кешегі тарих бізге бүгінгі күннің ақиқатын ашу мен айту үшін қажет. Тарихи өткен жолдарымыз бен жылдарымызды таразы басына тарта отырып, болашаққа ой жүгірту үшін қажет. Қазан төңкерісінің басында тұрған В.И.Лениннің тікелей нұсқауымен 1920 жылы Петропавлдан Көкшетауға тартылған 133 километрлік темір жолдың қос рельсі «ТрансҚазақстан» және Орта Сібір темір жолдарының біздің қаламыз арқылы өтуінің бастауы да жаңа дәуір тарихының бір беті ғой. Осыны айта отырып, Көкшетаудың темір жол вокзалына алғашқы пойыз қашан келіп тоқтады, қаламыздың көшелерінде алғашқы автобустар қашан жүре бастады, алғашқы самолет аэропортымызға қашан келіп қонды, бұл істің басында кімдер тұрды деген сауалдар менің өзімді қатты қызықтырғаны бар.
Әзірге тарихшыларымыз үшін бұл ұсақ-түйек мәселе болса да, осындай бір елеусіз болып көрінгенімен, қаламыз бен өлкеміз үшін маңызды мәні бар оқиғаларды мектептерімізде, өзге де білім беру мекемелерінде оқып жүрген жас тарихшыларымыз бен өлке танушыларымыз зерттесе де болғандай. Бұған біздегі білім ошақтарының күші де мүмкіндігі де, жалпы өресі де жетері анық. Өйткені, Қазан төңкерісіне дейін 4-ақ шағын мектебі болған Көкшетау қаласында қазір жалпы білім беретін 30-дан астам мектептер, бірнеше колледждер мен училищелер, жоғары оқу орындары бар. Балалық шағы Көкшетау қаласында өткен Валериан Куйбышевтің мұраларына да қаламыздың құнды бір тарихының беттері есебінде құрметпен қарайық, қолымыздағы бардан айырылып қалмайық.
Ғасырлар бойы Сарыарқаның ен даласын жаз жайлауы, қыс қыстауы қылып, ауыса қонып жүрген арда халықты күшпен зорлап, отаршылдыққа көндіру, артельдер құру мен коллективтендіру сияқты оқиғалар соңын ала жеткен отызыншы жылдардың ашаршылығы мен ел ішінен жау іздеу табының Көкшетауды да, оның халқын да қарып өткенін білсек етті. Замана зұлматының қасіретті нәубеттері жылдар озса да «Көкшетаудың ақ түрмесі» болып аға ұрпақтың санасынан өшер емес. Жалпы Қазақстан тарихының осы бір «ақтаңдақ» кезеңдері зерттеліп, ақиқат айтыла бастағанымен, Көкшетау қаласының «ақтаңдағы» сол күйінде, белгісіз болып келе жатыр. Ұлтымыздың ұлы мүддесі үшін өз тағдырларын замананың жалындап тұрған оттығына сала білген көкшелік арыстар, белгілі алаш қайраткерлері Айдархан Тұрлыбаев, Жұмағали Тілеулин, Зарап Темірбеков, Смағұл Сәдуақасов, Мәмбетәлі Сердалин, Шәймерден Қосшығұлов, Наурызбай Таласов, Қаскей Өтекин сынды Көкше перзенттерінің есімдері де өз халқымен мәңгі бірге жасауы керек. Оларды ең әуелі біздің өзіміз біліп, тануға тиістіміз. Бұл да біздің зерттеушілеріміз айналысар басты бір тақырып боларына сенімдімін. Британ тарихшысы, сталиндік қудалау шежірешісі Роберт Копивист келтіріп жүрген деректер бойынша 1932-1933 жылдардағы аштық пен қуғын-сүргінде қазақ халқының 1 миллион 750 мыңы, яғни, 42 проценті құрбан болыпты. Осы бір деректерді айта отырып, бұл құрбандықтың біздегі қырғыны қалай болды екен деген ауыр ой жүрегімізді сыздатары бар. Мұның не үшін қажеті бар дейтіндерге, ежелгі Қытай мен Ресей архивтеріне ғалымдарымызды отырғызып қойып, еліміз бен халқымыздың тарихын әріден де, беріден де іздестіріп жатқан Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мына бір айтқанын: «Өткенді естен шығармау бізге режим құрбандарының алдындағы парызымызды өтеу үшін ғана қажет емес. Мұның өзі қателіктерімізді қайталамау үшін де қажет»–дегенін қайра бір еске салуды парызым деп білдім.
Жаңа дәуір деп дәріптеп келген социалистік құрылыс кезеңіндегі жасалған істер мен қол жеткізген табыстарымызды жоққа шығармаумен бірге, сол кезеңдерде жанқиярлықпен еңбек еткен аға ұрпақ өкілдеріне құрметпен қарап, оларға алғысымызды да айтамыз. Көкшетау қаласының да социалистік дәуірде дами түскенін, бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген оң өзгерістер болғандығын да жоққа шығара алмасымыз анық. Бүгінгі күні 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында отырған біз сол сұрапыл соғыстан оралмағандарды есімізге ала отырып, жыл озған сайын қатарлары сиреп, азайып бара жатқан жеңімпаз жауынгерлер- ардагерлерімізге басымызды иеміз.
Сол қанды соғысты көрген, қырғын майданнан жеңімпаз болып оралып, онан кейін де бейбіт өмірдің еңбек майданында да адал еңбектерімен алғы шепте жүрген, бүгін де міне қаламыздың тойына шат көңілмен келіп, арамызда жүрген Ұлы Отан соғысы мен тылдың құрметті ардагерлері менің және мен сияқты балаларыңыздың өздеріңізге деген алғысын қабыл алыңыздар! Біздің қолымыз осы бар жетістіктерге де, бар табыстарға да Сіздердің арқаларыңызда жетті. Мың да бір рахмет, сіздерге!
Жарты әлемді жайлап алған Ұлы Отан соғысының өрті шалған Көкшетау да өз ұлдарын қан майданға бірінен соң бірін аттандырып жатты. 41 мыңнан астам көкшетаулықтар қолына қару алып, басқыншы жаумен шайқасты. 20 мыңға жуық көкшетаулықтар қару-жарақ, оқ-дәрі шығаратын заводтарда еңбек етті. Көкшетау қаласының өнеркәсіп кәсіпорындары соғыс жылдары майданға 11 мың пар былғары аяқ киім және 20 мың пар пима, 479 мың декалитр спирт, 820 тонна май және басқа да өнімдер жіберді.
Кеңес халқының басына түскен ауыр кезеңнің қайғысы мен қасіретін Көкшетау қаласының халқы да тең бөлісе білді. Соғыс қимылдары жүріп жатқан Москва, Ленинград, Киев, Курск, Подольскі сияқты қалалардан, сондай-ақ Ресей мен Украина, Белоруссияның өзге де елді мекендерінен эвакуация жасалған қарттар мен әйелдерді, балаларды Көкшетау да жатсынған жоқ. 1942 жылы ғана Көкшетау қаласы 4900 азаматты қабылдап, орналастыра білді. Сонымен бірге сол жылы Подольскі қаласынан екі бірдей завод өз мамандарымен, өз жұмысшыларымен, олардың отбасыларының мүшелерін қоса есептегенде 3 мыңнан астам адамымен келіп қалаға орнықты. Осы заводтың біреуі ғана 1944 жылы майданға 19 мың данадан астам оқ-дәрі жөнелтті. Өзінің ата-анасының, жерлестерінің ақ батасымен майданға аттанған көкшетаулықтардың соғыс даласындағы ерліктері аңыз болып елге тарап жатты. Иә, расында да көкшетаулықтар Отан үшін ерлерше соғыса білді. Бұған 26 бірдей көкшетаулықтардың Совет Одағының батыры атағына ие болуы айқын айғақ. Бұл күндері Көкшетау қаласының бір көшесінің атын беріп, дәл орталығынан мұражай ашып, оның алдына бюстін қойып, ардақтап отырған халқымыздың адал ұлдарының бірі, Совет Одағының Батыры, біздің даңқты жерлесіміз Мәлік Ғабдуллиннің майдандағы да, онан кейінгі өмірінің әдебиет зерттеудегі ерлігі де қалың еліне аңыз болып таралса, сол ерлікті айту да, дәріптеу де, одан үлгі алу да біздің міндетіміз ендігі. Сондай-ақ, Михайл Янко, Николай Сапронов сынды жауынгерлердің де ерліктері отансүйгіштіктің өнегелі үлгісі болып мәңгі жасай берері хақ. Сұрапыл соғыстың сұмдығын көзбен көріп, оқ тиіп жаралы болған жауынгерлердің ыңырсыған үні, ызылдаған оқ пен снарядтың үні түн баласы ұйқы бермейтін сәттері аз болмайтын атақты медбике Мария Смирнова-Кухарская апайымыз күні кешеге дейін арамызда жүрді. Қызыл Крест және Жарты Ай қоғамының халықаралық лигасының жоғары наградасы–«Флоренс-Найтингейл» медалімен Қазақстан бойынша наградталған екі медбикенің біреуінің бірі біздің жерлесіміз болуы, осы бір қарапайым жанның ұлы ерлігін айғақтап тұрғандай. Бүгінгі күні Көкшетау медицина колледжіндегі әлемде теңдесі жоқ «Ізгілік пен мейірімділік» мұражайында Мария Смирнова-Кухарская жасаған ерлік пен ізгілік жайлы сабақтар өтіп жатса, бұл да біздің аға ұрпақтың ерлігіне құрмет көрсеткендігіміз болар.
Отанын, өзінің жерін шын сүйе білген қаһарман жауынгер әкелеріміз бен ағаларымыз соғыс өрті тұтанған Еуропаның батысына қарай басқыншы жауды қуып, жеңісті күнді жақындатып жатқанда тылда қалған қарттар да, біздің аналарымыз бен әкелеріміз де, тіпті бұғанасы бекіп, қабырғасы қатпаған балалар да аш-жалаңаш жүріп еңбек етті. Сол жылдардың ерлігін де, еңбегін де қалай ұмыта аларсың!? 1941 жылдың желтоқсан айынан бастап Көкшетау қаласында 500 кереуеттік №2396 эвакуациялық госпиталь жұмыс істеген еді. Қолдары шаруадан босаған сәтте әйелдер жағы сол госпитальдағы ауыр жаралы жауынгерлерді күтуге, олардың аузына су тамызуға асығатын. Міне, мұны да көкшетаулықтардың сол бір жылдардағы ерлігі деп бағалаған абзал.
Әлі де соғыстың жүріп жатқандығына қарамастан Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің 1944 жылғы 16 наурыздағы Указымен Көкшетау облысы құрылды да, орталығы Көкшетау қаласы болып белгіленді. Көкшетаудың облыс орталығы болуы, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайының күрт өзгеруіне және тарихының баюына әсерін тигізіп, қаланың қайталанбас, тіпті адам қызығарлық жаңа бір жарқын болашағы басталып кете барып еді.
«Көкшетау» деген атау енді бір ғана қаланың аясына сыймай, ол енді Батыс Сібір жазығымен Сарыарқаның аралығын алып жатқан жазиралы өлкенің бар қаласы мен даласының символына айналды.
«Көкшетау!» деп асқақтады, «Көкше!» деп тамсанды, оған ғашық болды, оны бір көруге, ауасын бір жұтуға іңкәр болды адамдар!
Көкшетау қаласы–Сарыарқаның саумал самалы тербеткен сайын даласында сұлудың жасауындай үзіліп қалған әсем әшекейлі Бурабайынан бастап, зерлі Зерендісін, атақты да аруақты Айыртауы мен Имантауын бауырына басып жатқан көркем көркімен, сұлу табиғатымен тамсандыра білген, «Оқжетпесімен» сұқтандырып, Сексен көлімен сыр ұқтырған киелі өлкенің қасиетті ордасына айналған еді.
Аз жылдардың ішінде Қазақстанның өнеркәсіп және мәдени орталықтарының біріне айналған Көкшетау қаласының экономикасы тың және тыңайған жерлерді игеру басталған жылдардан кейін жаңа бір серпінге ие болды. Машина жасау, металл өңдеу, тамақ өнімдері мен құрылыс материалдарын шығару, жеңіл өнеркәсіп дами түсті. Көкшетаудың аспап жасау заводында шығарылған таразы өнімдері өз кезінде бүкіл Кеңестер Одағына және шет елдерге де тарап кеткен болатын. «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» деген атақ тұңғыш рет Көкшетау өнеркәсібінің қара шаңырағы болып саналатын осы аспап жасау заводының жұмысшысы Мағзи Әбілқасымовқа берілген-ді. Бақтары өздерінің еңбектерімен жанып, есімдері Одаққа дейін мәлім болған қарапайым еңбек адамдары Көкшетау қаласының даңқын асыра білгендіктері де ұмытылар ма?! Көкшетаудың құрылысшысы Татьяна Савенко, тігінші Сақина Аппасова, токарь Георгий Петрович Гладченко, жүргізуші Николай Павлович Плясунов, Көкшетау элеваторының шебері, Социалистік Еңбек Ері Николай Иванович Радченко сынды еңбек озаттарын жалпақ ел білді.
Тың және тыңайған жерлерді игерудің 50 жылдық салтанатты жиналысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Тың игеру – бұл ХХ ғасырдың аса зор әлеуметтік-экономикалық жобасы, оған ұқсас жоба әлем тарихында болған емес»,–деп жоғары баға бергендігі тыңды игерудің зияны мол болды деп жүрген сәуегейлердің пікірлерін жоққа шығарумен бірге, тыңгерлердің абыройын асқақтата түсті.
Кезінде Көкшетауға да Одақтың түкпір-түкпірінен келген тың игерушілердің біразы қазір зейнеткерлікке шығып, осы қаламызда тұрып жатыр. Тыңның астығын мол өндіріп, Көкшетауды ірі астықты өлкеге айналдырған, сол еңбектері өз кезінің жоғары бағасын алып, омырауларына Социалистік Еңбек Ерінің Алтын Жұлдызын таққан Баян Жанғалов, Антон Иванов, Әбілжан Өмішев, Сүйіндік Есмағамбетов, Петр Синельников, Ұлтай Нұрсейітов, Есілбай Қадыралин, Сатан Нұрмағанов, Тұрлыбек Әбілпейісов, Ғибадат Оразалин, Әлсен Айсин, Баяш Әміренов, Ерәлі Бақтаев, Күлән Бақыбаева, Николай Елисеевич Нижников, Сартай Жұмағалиев, Василий Киричек, Жәмшит Қожантаев, Әутен Қуандықов, Кенжетай Рамазанов, Антон Левандовский сынды тағы да басқа дала майталмандарымен бүкіл Көкше елі мақтанатын. Тыңды игеріп, астық өндіріп, мал өсірген аға ұрпақ өкілдерінің біразы әлі де болса бізбен бүгінгі күні де қатар жүріп, қазақ елінің тәуелсіздігін нығайту, ұлттар мен ұлыстар арасындағы татулық пен ынтымақты, ел бірлігін сақтау жолындағы Президентіміздің саясатын қолдап, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатындықтарына шын ризамыз.
Өз заманының даңқты да абыройлы бір ұлы Социалистік Еңбек Ері, қоғам және мемлекет қайраткері Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің есімі де, жасап кеткен ісі де көкшетаулықтардың жанына етене жақын. Еркін Әуелбеков ағамыздың бір ғана Көкшетау қаласына салғызып кеткен түрлі ғимараттарынан сол бір абзал жанның өз еліне деген жүрек жылуы күні бүгінге дейін сезіліп тұрары бар. Еркін ағаның Көкшеге, Көкшенің өз Еркініне деген бір-бірінің жүрек жылулары да, жан сүйіспеншіліктері де мәңгіліктің мәңгілігіне ұласқалы қашан! Жер бетінде Көкшетау барда Еркін Әуелбеков есімі сол Көкшесімен мәңгі жасайтындығы тағы да ақиқат.
Ғажайып табиғаты, ғажайып адамдары, ғажайып тарихы бар Көкшетауды әрідегі Орынбай мен Арыстанбай, Шөже ақындар жырласа, бертінгі Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақтардың ән-жырларына сол Көкшетау арқау болса, Мағжан мен Сәкен де, Жұмағали Сайн да, Еркеш Ибраһим, Саттар Сейітхазин сияқты таланттар мен дарындар да сұлу Көкшенің келбетін жырларымен дестелеп, осынау Көкше атты өмірлі өңірге мәңгілік ғашық болып өтті. Қазақтың әні мен поэзиясының алтын қорынан лайықты орын алып, бүкіл адамзаттық игілікке айналған сол ән мен жырдың алтын арқауын үзіп алмай, бүгінгі ұрпаққа жеткізіп берген, соны және бүгінгі күні де жалғастырып келе жатқан таланттар да Көкше елінде аз емес әлі де!
Арқаның ару шаһары Көкшетау қаласының жылнамасынан Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бастап болған көңіл қуантарлық өзгерістерін қала тарихының ешбір кезеңімен салыстыруға болмас еді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Көкшетауға деген шынайы сүйіспеншілігі мен пейілінің бір белгісіндей бүгінгі күні астаналық облыстың орталығы болып отырған Көкшетау қаласы тәуелсіз еліміздің ең бір көрікті де сәулетті қаласына айналып келеді. Ел тәуелсіздігі мен қасиетті Көкшетау аралығында ғажап бір тарихи сабақтастық жатқандай. Сол сабақтастықтың әу басында аты алаштың ұранына айналған ұлы Абылай тұр. Көкшетаудың кешегі өткен тарихы Абылай ісімен, Абылай даңқымен тікелей байланысты болса, соның өзі уақыт ұсынған ұлы мүмкіндіктердің жаңа жеңістерімен жалғасып, жаңа Көкшені жаңарта, жаңғырта түсті.
Ұлы бабамыз Абылай ақ ордасын тіккен аяулы да қасиетті өлкенің тұғырлы да баянды болуы еліміздің тәуелсіздік алуымен тікелей байланысты екенін білсек керек-ті. Оның өзі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи танымының, зор көрегендігінің арқасы деп білеміз. Абылай салған ақ жолды айна қатесіз танып, сол ақ жолға деген адалдығын перзенттік және президенттік тұрғыдан дәлелдеп келе жатқан Елбасының қасиетті Көкшеге деген ынтасы мен ықыласы да ерекше. Тарихи болмысты түсіну, тарихи тұлғаларды паш ете отырып, оған тәу ету, айтуға жеңіл болғанымен нақтылы өмірлік шындыққа келгенде оңайға түспей жататыны бар. Осы үдеден шығып, үрдістің үлгісін танытқан біздің Президентіміз болды. Көкшетау қаласының орталық алаңына Абылай бабамыз ескерткіш болып таққа отырды. Қиыр далаға, қиян көкжиекке қыран көзін қадаған хан Абылайдың асқақ тұлғасы рухымызды оятты, жігерімізді жаныды және келешекке деген сенімді нығайтты. Осы ұлы оқиға, 1999 жылы Абылай ескерткішінің салтанатты ашылу рәсіміне Елбасының тікелей өзі келіп, келісті сөз сөйлеп, келелі ойын жеткізгені бар. Міне, тарихи сабақтастық дегеніміз осы. Міне, бабалар аманатына адалдық дегеніміз де осы!
Көкшетаудағы Абылай ханның қазіргі ескерткішін орнатудың көпшілік біле бермейтін осы бір жайын айта отырып, мына дүниеден күні кеше озған Ақаңның, марқұм Ақселеу Сейдімбековтің Көкшетауға келген бір сапарында, Абылайханның ескерткішінің алдында ұзақ тұрып барып айтқан мына бір пікірі көкейімде күні бүгінге дейін сайрап тұрғандығын не қыларсыз?
–Қазақстанда Абылай ханға бір дұрыс жасалған ескерткіштің бірі осы. Осы ескерткішті мемлекеттік сыйлыққа неге ұсынбайсыздар,–деген Ақселеу ағаның бұл әңгімесін ақын Баянғали да естіген еді.
Қазақ тарихында Абылай ханның жеке өз басы емес, оның қайсар ұрпақтарының да қалдырған өз соқпағы, өз жолы болды. Ол–азаттық жолы еді. Осы азаттықтың ақ туын аспандата көтеріп, айқасып өткен Кенесарының тағдыр-талайы бүгінгі ұрпаққа үлгі. Олай болса хан Кенені өз топырағына қайта оралтып, 2002 жылы 200 жылдығын тойлау елдің ісі болса, ең әуелі бұл Елбасының бастамасы еді. Кер өмірмен керісіп өткен қазақтың соңғы ханы Кенесарының да Көкшетауда өткен тойына Нұрсұлтан Әбішұлының өзі келіп, рухты сөз сөйлеуі, ел-жұртына үлкен жігер берді. Тарихтың тасасында қалған ұлы рухты ояту деген міне осы! Тарихтан сабақ ала отырып, тәуелсіз елдің жаңа тарихын жасау дегеніміз де міне, осы!
Көкшетау ежелден көп ұлт өкілдері мекендеген қасиетті өлке. Бүгінгі күні де бізде жүзден астам ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тұрып жатыр. Әр ұлттың тілін, әдет-ғұрпын, салт-санасын дамытудың шаралары ұйымдастырылған. Көкшетау қаласына шоғырланған ұлттық мәдени орталықтары туған еліміздегі халықтар арасындағы бірлік пен ынтымақты нығайтуға елеулі үлес қосып отырғандықтары да сөзсіз.
Халқымыздың сүйікті мекені, тәуелсіз еліміздің аруақты да ардақты, өнерлі де өлеңді өлкесі Көкше елінің абат орталығы Көкшетау! Жер-жаһанда өзінің қайталанбас көркімен де, атағы-даңқымен де, шаттығы, салтанатымен де, әнімен, сәнімен де қазақ рухын аспандатып келе жатқан, Көкшетау!
Сен мәңгі жасай бер Көкшетау!
(«Көкшетау, мен қайтейін биігіңді?!» атты деректі хикаяттан үзінді).