Біз Кәрібайды салмақты та сабырлы, ақкөңіл, жаны жайсаң азамат ретінде білетінбіз. «Әзілің жарасса атаңмен ойна» дегендей, әдемі әзілі де болушы еді. Кәрекең біздің Ортақ ауылына күйеу бала, өзімізге жезде болса да, бәрінен бұрын осы азаматтығын жоғары қойып, елдің бір үлкен тұлғасына балаушы едік. Қайтарынан сәл бұрын Абылай хан алаңындағы «Қазпошта» ғимараты маңында кездесіп қалдық. Түс әлеті болатын. Сәлемдесіп, амандық сұрасқаннан кейін асығыс кете бардық. Бұл соңғы кездесуіміз екенін қайдан білейік?!.
Осы арада шынын айту керек, Кәрібайдың өзінен де ағасы Қайырбек Мақанұлын ертерек біліппіз. Мен Ленинград, Ленин, Қызылту аудандарына облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің меншікті тілшісі болып барғанымда, ол кісі Ленинград ауданының «Киев» кеңшарында директор екен. Осы шаруашылықты ойдағыдай басқарып, көп ұзамай Еңбекшілдер аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметіне жоғарылап кетті. Кейін аудан әкімі болды, басқа да басшылық қызметтерді атқарды. Тағы бір өзіміз білетін бауыры Мұрат облыстық жан-жануарлар әлемі және балық шаруашылығы басқармасының басшысы болып қызмет істеді. Бертін оңтайландырудан кейін әлі де сол бөлімді басқарып келеді.
Міне, тәңірім тұтас бір әулетке несіп еткен басшылық жүгі осы қырымен де, азаматтық биік тұлғасымен де өмірде жарқын із қалдырған Кәрібай Мақанұлы Шалабаевты да айналып өтпепті. Бұл сөзімізге ұзақ жылдар бойы жер мәселелеріне қатысты небір құзырлы мекемелерде басшылық қызмет атқарып, еліне осы саладағы тынымсыз істерімен елеулі еңбек сіңіргені айғақ.
Біз білетін Кәрекең өз жұмысына мұқияттылығы, парасатты пайымы бір мекеме ауқымынан әрі асып, елге тараған, елі сыйлап, жақсы көрген азаматтың нақ өзі еді. Осылай қалыптасуының түп-тамырында әрине, ата-анасынан алған тәрбие, туған топырағының қадір-қасиеті, өзінің де жастайынан бар ізгіге ұмтылып, жақсылыққа жол салған таудай талабы жатқаны анық-ты.
Туған жері – Ақмола облысы Бурабай ауданының Кенесары ауылы. Осынау ұлы есімді тегін иеленбеген іргелі елді мекен. Ал, қара жер қойнында мәңгілік тыныс-тап жатқан жері – осы ауданның Абылай хан ауылы. Неге десеңіз, арғы бабалары, ата-анасы осы елден. Олай болса, біз топшылайтын бір қасиет, Кәрібайдың қысқа ғұмырында бұл дүниеден көптің көңілінен шыққан нағыз азаматтың азаматы болып өтуіне қазақты сақтаған, намысын қайраған осынау кемеңгер қос бабамыздың да аруағының шапағаты тимей қоймағандай.
Қалай айтқанда да, Кәрібай ешкім де өмірі осылай тез тұйықталар деп ойламаған көптің қимас асылы. Бұл арада біз тіпті оның басшылық лауазымын да алға тартқалы отырған жоқпыз. Одан бұрын азаматтық ар-ождан, кісілік келбет бар. Осы жағынан алғанда қайран Кәрекең, кіршіксіз таза жаны мына жарық дүние, ішінде аласы да, құласы бар адам баласы, әріптес, жора-жолдас, ағайын-туыс деп елпілдеп тұратын сезімтал Кәрекең небір талайымыздан озық еді.
Оның ақырын жүріп, анық басқан, үлкен-кішіні сыйлап, адам жанын түсінуден, мінезінің ірілігі мен сөзінің тұрақтылығынан тұратын әр қадамы қызмет баспалдағымен де жоғары көтере берді. Агроном болып ауылда да жүрді, жерге орналастырушы болып шалғай ауданда да шыңдалды. Ақыры білім-білігі, өз мамандығына деген қабілет-қарымы сол Уәлиханов аудандық жер қатынастары бөлімінің басшылығына алып келіп, жауапкершілігін еселеді. Кәрібайдың осы қызметтерінің бәрінде де ел, жер мүддесін адал қорғағанын, алдына сан адамның әртүрлі бұйымтаймен кіріп, кісілігін, ірілігін көріп шыққанын, қарамағындағыларға жанашыр, қамқор болғанын бір кездегі әріптестері да осы күні құдайы сөзімен ауыздарынан тастамайды.
Жоғарыдағы ауданнан кейін Көкшетау, Солтүстік Қазақстан, Астана. Осы үш таған Кәрібай Шалабаевтың бар жемісті, жеңісті жылдарын ел өмірімен берік сабақтастырып жатты. Ауданнан қайта облыс орталығына жерге орналастырушы инженер болып келіп, қатардағы қызметтен Көкшетау қалалық жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы лауазымына көтерілді. Бұл да оның бойына біткен өзін-өзі таныта білу қасиетінен еді. Абзал азамат, салиқалы басшыға тән аспайтын да саспайтын биязы мінезі, бір көргеннен көзге шалынып, көңілге қонып тұратын жанының жылылығы қазақы табиғи болмысымен астасқанда, «ақжарқын, жақсы адам-ау» деген өзіндік бағаңды және бір зердеңе өшпестей етіп нығырлап қоятынсың.
1999 жылы Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласына қоныс аударды. Ел қуанышында шек жоқ еді. Облыс жабылғанда Солтүстік Қазақстан мемлекеттік жерге орналастыру ғылыми-өндірістік орталығының директорлығына тағайындалған Кәрібай Шалабаев та осы елден жан-жаққа босыған өзге азаматтар сияқты қайтадан елге оралды. Бір әділдігі, жоғары жақтағы осы саладағылар Кәрібайдың қолынан іс келетіндігін білгендіктен, Ақмола мемлекеттік жерге орналастыру институтының директоры лауазымы бұйырды.
Не керек, ол жерге орналастыру қызметінің шын мәнінде нағыз майталманы еді. Өлара кезең тап қылған небір күрделі мәселелердің шешімін көкірек көзімен көре білетін. Бүкіл қала, сан сала құлдырап қалғаны секілді, істен берекенің кетуіне болар-болмас аз уақыттың өзі жеткілікті екен ғой. Екі жылға толар-толмас кезеңде Көкшетау сондай күйге түсіп қалғаны анық болатын.
Осындай күндердің бірінде өз басымыз қаланың Горький көшесімен келе жаттық. Бір сәт алдыма қарасам, қазіргі облыстық сот тұсында жоғарыға қарай Еркін Әуелбеков ағамыз аяңдап келеді. Жалма-жан:
– Ассалаумағалейкум, аға! – деп сәлем бердім. Сәлемімді алғанша болған жоқ:
– Қал-жағдайыңыз қалай, жақсы ма?– деп және қосып жатырмын.
Сонда бір кезде өзі салдырған ғимараттар мен сұрқай тартқан айналасына бір қарап қойып айтқаны ғой:
–Как может быть хорошо? Когда кругом рушится,–деп.
Солай демекші, Кәрекең келгенде аталған институттың жағдайы мәз емес-ті. Біраз жабдықтар талан-таражға түскен. Жарғақ құлағы жастыққа тимей топырақ, ботаника зертханаларын қайта қалпына келтірді. Бұрын көріп-білмеген, ішкі жағдайлары өздеріне мәлім Ақмола жағындағы аудандық филиалдардың жұмысын бір ізге түсірді. Ол кезде мекемеде 11 бөлім, 18 жер-кадастрлық орталығы бар. Қызметкерлер саны шамамен 380 адам.
Көп жұмыстың ішінде бәрінен де жермен жұмыс істеу оңай емес. Өйткені, жердің аты жер. Қиыс кетуге де, қиыс кетпейін деп өзіңше бір «жаңалық» ашуға да болмайды. Бәрі заң аясында шешілуі керек. Қоғамда көз үйренген ескіні нарықтық қатынастар ығыстырып жатқан шақ. Заңда көрсетілген жер мәселелерінің қара жұмысын осы институт атқарады. Ол – көптеп ашылып жатқан шаруа қожалықтары мен серіктестіктерінің техникалық құжаттарын рәсімдеу, бейне түсірілімдер жасап, алған жерлерінің шекараларын айқындау, қажет болса түзетулер енгізу. Жеке азаматтар алған жер телімдерімен де солай. Оның сыртында игерілетін пайдалы кен орындары бар. Оның да шекарасын анықтап, жобасын түзейтін осы мекеме. Облыс картасын жасауға, аудан орталықтары мен қалаларға тиесілі жерлерге инвентаризациялар жүргізуге, агрохимиялық, топырақтық-мелиоративтік зерттеулерге дейін айта берсең біраз әңгіме.
Осы жұмыстардың бәрін өзі бір қолдан жұмылдыра білген ұжымымен табысты атқарып, әу бастағы 25,2 миллион теңге мекеме қаржысын 2011 жылы 744 миллион теңгеге жеткізген, яғни, 30 есе дерлік өсірген, сөйтіп, он екі жыл бойы институттың басшылық тізгінін мығым ұстаған Кәрібай Шалабаевтың еліміздің жерге орналастыру ісіне қосқан лайықты үлесін шынында сол еңбегінің мына бір өтеуі де растай түседі. Соның ең бастысы, осы саладағы қажыр-қайратына берілген «Ерен еңбегі үшін» медалі. Қазақстан Республикасының Президентінен бастап, сала басшыларының Алғыс хаттары, «Құрметті жерге орналастырушы» төсбелгісі мен кәсіподақтар тарапынан қолы жеткен бірінші, екінші және үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгілері де көп жайды жайып салғандай.
Бұл – әрине, кенеттен келген қазасы ел-жұртын қатты күйзелтіп кеткен асыл азаматтан қалған өшпес іздің белгісі. Көп жылы ел үшін тынымсыз еңбекпен өткен, қашан болсын екінің бірінде кездесе бермейтін жайдары, сырбаз қалпымен көпшілік құрметіне бөленген абзал жанды білетіндер барда, ол із көнермейді де, солғын тартпайды да. Мына білетіндер алғысы да санадан алыстата ма ол бейнені?!.
– Сыйластықты өмірінің мәні деп бағалап, халықпен, ұжыммен де ашық, ынтымақты жағдайда жұмыс істейтін. Қиюы кеткен кеңсені салғызып, тағы бір ғимараттан лайықтап жатақхана жасады. 30 шақты жас маман қашан үй-күйдің бір жөні болып, жағдайлары жақсарғанша сонда тұрды. Бұл да жаны кең, көңілі шуақ Кәрекеңнің өзі басқарып отырған ұжымына деген бір ағалық қамқорлығы еді,– деп еске алады бұл ретте, әріптес жолдасы, жерге орналастыру ісінің ардагері Қанапия Әміренов.
Мақаламыздың өң бойында аңғартқанымыздай, Кәрекең бірер жыл дәм тартып, Астана қаласында «Қазгеодезия» республикалық кәсіпорны директорының қызметін де абыроймен атқарған азамат. Әйтсе де, өз саласында бір басына жетерлік білім-білігі, адамдармен қарым-қатынастағы кір шалдырмайтын биік болмысы, өз жұмысына адалдығы мен жоғары жауапкершілігі қай іске салса да мүдіртпейтін жігіттің жайсаңы бұл дүниеден өзі туған, өзі сүйген Көкшесінің құшағында озғаны да тәңірдің бір оң бұйрығы шығар. Ғұмыр бойы жарасып, тату-тәтті, бақытты ғұмыр кешкен сүйген жары Күләші, аяулы балалары Әсия, Досбол, үш немересі мен туған-туыстары үшін ғана емес, білетін, танитын былайғы жұрт үшін де өмірдегі орны ойсырап тұрған асыл ерім-ай! Осылай болады деп кім ойлаған?! Көзіңіздің тірісінде де жақсы істеріңізді, асқар таудай азаматтығыңызды бір мақалаға арқау етер жөніміз бар еді. Сол ірілігіңіз бен даралығыңызды қимас көңіл сөзімен бірге бүгін айтып жатсақ, бұл да мына тұрлаусыз тіршіліктің бір шуағы, бір өкініші.
Қашанда жатқан жеріңіз жайлы болсын, Көкшеміздің ұмытуға да болмайтын, ұмытылмайтын да нар тұлғалы Кәрекеңі!
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.
Көкшетау қаласы.