Бурабай ауданындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында ағымдағы жылдың 11 – 25 шілде аралығында «Әзіл толқынында» КТК-ның және театрлар ұжымдарының кездесуі өтуде.
Бұл ауысымда көңілділер мен тапқырлар клубының аймақтық, облыстық, аудандық және қалалық сайыстарының жеңімпаздары, балалар театрының өкілдері, кино, теле жобалардың жас актерлері, жас режиссерлер мен сценарийстері жиналды.
Ауысым барысында балалар арасындағы қарым-қатынас мәдениетін, ой-қиялдарын дамытып, сатира және әзіл-сықақ саласындағы білімдерін жетілдіріп, өзге ұлт өкілдерін мемлекеттік тілді құрметтеуге шақыру мақсатында қызықты әрі тартымды іс-шаралар мен байқаулар жүргізілуде. Атап айтқанда, маусымның салтанатты ашылуы, «Мен көшбасшымын», «Жастар» педагогикалық отрядының танысу концерті, «Шексіз талант» шығармашылық байқауы, КТК ойындарының І,ІІ,ІІІ кезеңдері, «Балдәурен – көп ұлтты» спорттық – танымдық ойындары, туған күн иелеріне арналған «Еркелейтін, бақытты күн туғанда!» концерті, «Үйлесімді ырғақ» театралды мюзиклі және тағы басқа ойын-сауық кештері өткізілуде.
Ауысым аясында жас балдаурендіктер Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан эстрадасының әншісі, «Дарын» жастар ұлттық сыйлығының иегері Досымжан Таңатаровпен кездесті. Киелі Бурабай жеріндегі «Балдәуренде» өткен халықтың сүйікті әншісі Досымжан Таңатаровтың концертінде ақ қайыңның жұпар иісі мен жапырақтарының сыбдыры, өзеннің толқындары әуен ырғағымен үйлесім тауып, тіпті табиғаттың өзі де әншіге ерекше дем беріп, қолдағандай болды… Концертке қатысушылардың барлығы ерекше көңіл- күйге бөленіп, тамаша әсер алды…
Қай өңірдің өнерлі жастары өнердің өрінен, шығармашылық төрінен көрінетінін, «Мекенім – Балдәурен!» Қорытынды гала- концерті анықтайтын болады. Әрине, бұның бәрі балалар үшін ұйымдастырылып жатқандықтан, «Балдәуренге» келген әр бала жақсы көңіл-күй мен ұмытылмас әсер алады деген сеніміміз мол.
Қазақта «Жас келсе – іске» деген сөз бар. Ақылды технология заманында ақыл да, тың идея да жастардан шығады. Еліміздің ендігі дамуы мен өркендеуі, келешегі жастарға тікелей байланысты болғандықтан, «Балдәуренде» жоспарланған іс-шаралардың барлығы да жастардың дұрыс тәрбие алуы мен білім деңгейінің жоғарылауына бағытталған. Себебі, мемлекеттің болашағы – талантты жастардың қолында. Сондықтан, біз төл тарихын жетік білетін, бағалайтын және мақтан ететін өскелең ұрпақты ұлттық өркениетті рухта тәрбиелеуге белсене атсалысуға міндеттіміз.
Айнұр ЕРДЕНОВА,
«Балдәурен» республикалық
оқу сауықтыру орталығының баспасөз хатшысы.