Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде сөз болған басты мәселелердің бірі – жұмыс орындарын көптеп ашу. Бұл жағдайда халықтың әл-ауқаты артатынына және экономиканың тұрақты өсімі сақталатына сенім мол.
Бұл жөнінде Президент сайлауалды бағдарламасында және қазақстандықтардан келіп түскен ұсыныс-пікірлер аясында іс-шаралар Жоспарында белгілеген еді. Үкімет пен әкімдер осы бағытта нақты шаралар қабылдауы тиіс. Ол үшін қажетті ресурстар мен мүмкіндіктер бар. Тек қана ынта мен жігер қажет. Индустрияландыру жылдары 1250 жаңа кәсіпорын, 120 мың жұмыс орны ашылды. Бұрын мұндай кәсіпорындар елімізде болған жоқ. Дегенмен, салалардың бәсекеге қабілеттілігі төмен екенін жасыруға болмайды. Оның үстіне отандық экспорттың құрылымы ауыс-
пауда. Өңдеуші өнеркәсіп экспортының көлемі аз. Осы орайда, отандық экспортшыларды қолдау үшін мемлекет тарапынан 500 миллиард теңге бөлінді.
Бүгінгі таңға дейін жиһаз, тамақ, тігін, құрылыс салаларының мүмкіндігі ашылмаған. Одан әрі Президент туризмді дамытудан нақты нәтиже күтілетінін, тиісті бағдарлама қабылданғанын, қаржы тетіктері қарастырылғанын айтты. Бұл тиімді жұмыспен қамту және экономиканының құрылымдық әртараптандыру міндетін шешеді. Бұл бағытқа Елбасының тапсырмасы бойынша 600 миллиард теңге қарастырылды. Алайда, екінші деңгейдегі банктердің жұмысының сылбырлығы алаңдатады. Жұмыспен қамту мәселесі экономиканың жағдайымен және мемлекеттің тұрақтылығымен тығыз байланысты. Сондықтан, бұл жұмысқа қойылатын талап күшейеді. «Еңбек» бағдарламасы өзін-өзі ақтамады. Ешқандай серпін жоқ. Елімізде жұмыссыздық мәселесі толық шешілмеген. Жұмыс орындарын ашу баяу жүргізілуде. Премьер-Министрге банктер проблемасын Ұлттық банк арқылы шешу, индустрияландыру бағдарламасының проблемасына нақты талдау жүргізу тапсырылды. Бұл проблема қаржыландыру мәселесіне келіп тірелетіні белгілі. Осы орайда, жүзеге асатын жоспарлар құру қажет.
Ауыл шаруашылығы саласы инвес-торлар үшін тартымды болмай отыр. Барлық халықаралық қаржы институттары еліміздегі ауыл шаруашылығының әлеуеті үлкен екенін айтады. Сол әлеуетті басшылар дұрыс пайдаланбай отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешеніне инвес-тиция тартудың тиімді жұмысын жөнге келтіруді, ауыл шаруашылығы саясатының басымдықтарын жасауды, оның базасында қолдау тетіктерін тұрақтандыруды тапсырды. Өкінішке орай, бұған дейін бірқатар бағдарлама қабылданды. Олардың көбі жүзеге аспай қалды. Гербицидтерді тиімді субсидиялау, тұқым қоры мен ауыл шаруашылығы техникалары паркін жаңарту, агротехнологияны сақтау, сұрыпты ауыстыру мәселесі туындайды. Экспорт өнімінің 60 пайызы шикізат өнімі. Өткен жылы ауыл шаруашылығындағы өңделген өнімдер экспортының жоспарлы көрсеткіші 37 пайызға орындалды. Үкіметке қарастырылған қаржыны уақытында бөлу және экспорттық тасымалды қолдау тапсырылғаны көңілге қуаныш ұялатады.
Ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеген Ауыл шаруашылығы министрлігі 16,5 миллион гектар егіс алқабының пайдаланылмай отырғанын анықтады. Президент Үкіметке барлық ауыл шаруашылығы жерлеріне аудит жүргізуді және жер кадастрының ақпараттық жүйесін цифрландыруды тапсырды. Жер жұмыс істейтіндерге берілуі тиіс. Маратория бітісімен жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты мәселені шешуіміз қажет. Шетелдіктерге жер сатылмайтыны көңілге қуаныш ұялатады. Сондай-ақ, Үкіметке жыл соңына дейін су ресурстарына, ирригациялық жүйеге, сумен қамтамасыз етудің барлық инфрақұрылымына толық
аудит жүргізу тапсырылды.
Кәсіпкерлікті дамыту мәселесі Ұлттық инвесторлар кеңесінде талқыланып, нақты тапсырмалар берілді. Отандық бизнестің дамуына кедергі жасайтындар қатаң жазаланатын болды. Өкінішке орай, мемлекеттік жекеменшік серіктестігінің жұмысы көңілге қаяу түсіріп отыр. Жекеменшік серіктестіктер өз міндеттерін уақытында әрі сапалы орындамайды. Үкімет бұл жағдайды қатаң бақылауы керек.
Өңдеуші өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, тау-кен кешені тәрізді салаларда жұмыс істейтін шетелдік инвесторлар азайып бара жатыр. Көрсеткіш дабыл қағарлықтай. Бос сөзге құлақ түрмей, инвестиция тарту мәселесін шешу қажет. Әкімдердің шетелдіктерді салқын қабылдауы ешқандай ақылға сыймайды. Ли Куан Ю сияқты инвесторларды дұрыс үгіттеуді үйрену керек. Негізгі капиталдағы инвестиция өсімі жоғары болса да, бірқатар өңірлерде теріс серпінге жол берілген. Шетел ісі мен Ұлттық экономика министрліктеріне инвестиция тарту жұмысын нығайту тапсырылды. Экономиканың дамуында банктік сектордың рөлі көңіл көншітпей отыр. Ұлттық банк жағдайды жақсартуға кірісті. Банктік секторды қайта құру қажет. Ұлттық банк пен Үкіметке Президент Әкімшілігіне тиісті талдау мен ұсыныс жасау тапсырылды. Осы келеңсіздіктің көбі бюджет қаржысын тиімсіз пайдаланудан туындап отыр. Кейбір өңірлер елдің әлеуметтік жағдайын ескермей, үлкен әрі тиімсіз жобаларды қолға алады. Мемлекеттік сатып алу жүйесінде де мәселе жетерлік. Президент тұрғындардың жағдайын жақсарту ең басты міндетім деп жариялағаны көңілге қуаныш ұялатады.
Темірхан МҰҚЫШЕВ,
«Бастау» серіктестігінің директоры.
Атбасар ауданы.