Облыстық статистика департаментінің басшысы Ермек Мусинаның өңірлік коммуникациялар қызметінде өткізген брифингінде
өңірдің 2019 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылып, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өздерін қызықтырған сауалдарға жан-жақты мағлұматтар алды.
Брифингте айтылғандай, алғашқы жарты жылдықтың көрсеткіші бойынша облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында ілгері басушылық байқалады. Департамент басшысы өз сөзін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген он бағыттан бастады. Оның ішінде халықтың табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, өңірлерді дамыту сияқты маңызды көрсеткіштерге тоқталады. Демография, инвестиция тарту, тұрғын үй құрылысы, өнеркәсіп, мал және егін шаруашылығы сияқты басты салалардың көрсеткіштері де айтылды.
– Биылғы жылғы маусымның 1-дегі мәлімет бойынша облыс халқының саны 739 мың адамды құраған. Ал, облысымызда жаңа жылдан бастап еңбекақының орташа көрсеткіші 123 мың теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,2 пайызға жоғары. Инвестициялық жобаларда ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласы ерекше маңызға ие болып отыр. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнім өндіруден басқа салалардың алдын орап тұр, – дей келе, департамент басшысы жыл басынан бері ауыл шаруашылығы өнімдері 82 миллиард теңгені құрағанын атап өтті. – Оның ішінде 69,7 мың тонна мал мен құстың еті, 190,7 мың тонна сүт, 445,7 миллион дана тауық жұмыртқасы өндіріліпті. Облыста жыл басынан бері 36 миллиард теңгенің әртүрлі құрылыс жұмыстары жүргізілген. Оның негізгі бөлігі жекеменшік кәсіпорындардың үлесінде. Құрылыс жұмыстарының үлесі Бурабай, Целиноград, Зеренді аудандары мен Көкшетау, Степногорск қалаларына тиесілі. Жыл басынан бері 269 мың шаршы метр баспана берілген. Бөлшек сауда айналымы да 2,1 пайызға артып, 109 миллиард теңгені құраған.
Брифингте 2020 жылға жоспарланып отырған ұлттық халық санағына дайындық шаралары да сөз болды. Сондай-ақ, статистика департаментінің сайтына қатысты сұрақтар қойылып, онымен қалай жұмыс істеу керектігі түсіндірілді. Сайт қолданушылар одан барлық салаға қатысты өзіңе керекті сатистикалық деректер ала алады. Қажет болса, осы сайт арқылы республиканың басқа да облыстарының мәліметтерімен танысуға болады.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.