«Қоғамдық кеңестер қызметінің тиімділігін арттыру бойынша іс-шараларды ұйымдастыру» жобасын іске асыру шеңберінде «Sara» қоғамдық қоры қоғамдық кеңес мүшелеріне арналған семинар-тренинг өткізді.
Елімізде қоғамдық кеңестер өз қызметін 2015 жылдан бері жүзеге асырып келеді. Биыл осыдан төрт жыл бұрын қабылданған Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі деп жос-
парланып отыр. Осы мәселелер және де қоғамдық кеңестердің қызметі кеңінен талқыланған семинар-тренинг барысында «Sara» қоғамдық қорының жетекшісі Сара Баймағанбетова шараға Зеренді, Бурабай және Біржан сал аудандарынан келген қоғамдық кеңес мүшелеріне мониторинг, бақылау жүргізу кезінде нені назарға алу керектігін кеңінен түсіндіріп берді. Қоғамдық кеңестің мүшесі болып сайланған адам қоғам өміріне белсене араласып, тұрғындардың түйткілді мәселелерін көтеріп, әркез өзінің азаматтық ұстанымын танытып отыруы керек.
Қоғамдық қор мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру аясында жуырда облыс орталығындағы бірқатар сауда нүктелеріне қоғамдық мониторинг жүргізіп, әсіресе, балмұздақ сататын жерлерде өрескел кемшіліктер тапқан.
Семинарда сөз алған облыстық қоғамдық кеңестің хатшысы Дулат Жұрымбаев «Қоғамдық кеңестер туралы» заңына енгізілетін өзгертулерге сәйкес, бұдан былай қоғамдық кеңестерді ұйымдастырумен қамтамасыз ету мәслихаттардың құзыретінде болатынын айтты. Үстіміздегі жылдың мамыр айында облыстық қоғамдық кеңес мүшелері жаңадан сайланып, аграрлық, әлеуметтік мәселелер, экономика және бюджет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс бағыттары бойынша қоғамдық бақылаумен айналысатын төрт комиссия құрылған.
–Алдағы уақытта қоғамдық кеңестердің рөлі жоғары деңгейге көтеріледі деп ойлаймын. Жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы Жарлыққа қол қойды. Оның құрамына журналистер, блогерлер, саясаткерлер секілді түрлі салалардың өкілдері енді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы билік пен азаматтық қоғам, қарапайым халық арасындағы өзара байланысты нығайта түсетініне сенімдімін. Бүгінде облысымызда 273 қоғамдық кеңес мүшелері бар. Әсіресе, белсенді жастарды қоғамдық кеңеске тартуға үлкен мән беріп отырмыз, – деді облыстық қоғамдық кеңестің хатшысы Дулат Жұрымбаев.
Сонымен қатар, семинарда бірқатар проблемалық мәселелер де айтылды. Облысымыздың кейбір аудандарында қоғамдық кеңестер бола тұра, өткен жылы қоғамдық тыңдалымдар, мониторингтер мүлде ұйымдастырылмапты. Шара соңында қатысушыларға Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» заң ережелері жазылған парақшалар таратылды.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.