Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Еліміздегі жалғыз көбелектер музейі – Зерендіде - АРҚА АЖАРЫ

Еліміздегі жалғыз көбелектер музейі – Зерендіде

Көбіміздің еліміздегі былай тұрсын, өзіміз өмір сүріп жатқан қала, ауданның киелі жерлері, ерекше орындары жайлы біле бермейтініміз рас. Өзім облыс орталығына іргелес жатқан зерлі Зеренді өлкесінде дүниеге келсем де, онда еліміздегі көбелектерге арналған жалғыз музей барын жуырда ғана естіп білдім. «Ештен кеш жақсы» демекші, ауданға барған сапарымда осы шағын ғана, бірақ ішінде көбелектің екі мың түрі сақталған әлем көбелектерінің энтомологиялық музейін өз көзімізбен көріп қайтудың сәті түсті.

Музейдің орналасқан жерінің өзі ерекше. Қалың қарағайдың ортасынан орын тепкен музейге бізді №1 Зеренді орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Маусымжан Қасымова алып барды. Ұлағатты ұстаз мұнда шәкірттерін жиі ертіп әкеліп, көбелектер әлеміне саяхат жасатады екен.
«Түрлі-түсті, әдемілігі көздің жа-
уын алатын көбелектерді жинаған коллекционер кім?» деген сауал сізді де толғандырып отырған шығар. Ендеше, біле жүріңіздер, ол – өзіміздің жерлесіміз, атбасарлық азамат, танымал хореограф Ортвин Шлоссер.Үш жылдан бері энтомологиялық музейді Зерендідегі жеке меншік шаңғы спорт базасының директоры Валерий Шаровтың басқарып отырған жайы бар. Жеке кәсіпкер келушілерге музейді өзі таныстырып отырады. Өткен айда мұнда АҚШ, Германия, Белгия, Үндістан, Австралия елдерінен энтомологтар, сондай-ақ туристер келіп, музейге таңданыстарын білдіргенін кәсіпкердің аузынан естідік.
Уикипедия сайтында көбелекке мынадай анықтама берілген: көбелек – жәндіктер класының бір отряды. Бұлардың қазба қалдықтары бор кезеңінен белгілі. Жер шарында кең тараған. Қабыршақ қанаттылардың 200-ге жуық тұқымдасқа бірігетін 140 мыңдай түрі белгілі. Қазақстанда 3 мыңнан астам түрі кездеседі. Қабыршақ қанаттылар түрленіп дамиды, яғни, жұмыртқадан дернәсіл сатысына өтіп, одан қуыршаққа, қуыршақтан ересек түрге айналады. Қабыршақ қанаттылардың дернәсілі – жұлдызқұрт. Қабыршақ қанаттыларға ғана тән ерекшелік – жұмыртқасының әр түрлі пішінді болуы.
Жоғарыда атап өткеніміздей, көбелектер жер шарында кеңінен таралған. Алайда, Зерендідегі көбелектер музейінің негізін қалаушы Ортвин Шлоссер өз коллекциясына бұл жәндіктің ең сирек кездесетін, әрі ерекше түрлерін ғана енгізуге тырысқан.
Бұл жәндіктің сирек кездесетін түрлерін әлемнің түпкір-түпкірінен жинаған. Жас кезінде ол көбелекті жәй ермек ретінде ауласа, уақыт өте келе шыңдап кірісе бастаған. Коллекционер көбелектің соңына түсіп, шетел де асып кеткен. Қай мемлекетте сирек кездесетін мұндай жәндік барын естісе, дереу сол жаққа барып, көбелекті алып келуге тырысқан. Соның арқасында әлемнің көптеген көбелек зерттеушілерімен танысып, тәжірибе алмасқан. Солардың арасында Орта Азияның, Еуропа мен Жаңа Гвинеяның коллекционерлері де бар.
Энтомологтардың ойынша, ең әдемі көбелектер – тропикалық жәндіктер. Себебі, олардың қанаттарында кемпірқосақтың барлық бояуы сақталған. Көздің жауын алатын ондай көбелектерді музейде болғанымызда алғаш рет кездестірдік.
–Ортвин Шлоссер көбелектерді зерттеу-
ге, одан коллекция құрастыруға өмірінің 45 жылын арнады. Бұл үлкен еңбекті талап ететін жұмыс. Ол кісі бір жәндіктің өзін коллекциялау үшін екі сағат уақытын жұмсады. Мұнда көбелектің екі мың түрі сақтаулы, – деген Шаров бізге арнайы әйнек жақтауларда сақталып, қабырғада ілулі тұрған көбелектер жайлы өте тартымды, қызықты етіп әңгімелеп берді. –Көбелектердің ішіндегі ең зиянкестісі қырыққабат жейтін ақ көбелек болып табылады. Аты айтып тұрғандай, ол екі мыңнан астам жұмыртқа салып көбейеді және олармен күреспесе, бұл жәндіктер қырыққабат плантациясын лезде жоқ қылып жіберуі мүмкін. Ал, анау көріп тұрғандарыңыз – түнгі көбелектер. Олардың бұлай аталуының себебі қас қарайғанда гүлдерден шырын алып, ұшып жүруімен байланысты. Ал, ала көбелектер одан бетер қауіпті. Денеге қонған жағдайда оны жәй ғана ұшырып жіберу керек. Үстінен басып қалсаңыз, уы кіріп, теріңізді шірітіп жіберуі мүмкін.
Бізге әсіресе, Австралия, Франция, Филиппин, Малайзия елдерінен әкелінген көбелектер ерекше әсер қалдырды. ТМД аумағындағы көбелектерге арналған жалғыз мұражай біздің елімізде, соның ішінде көрікті Зеренді өлкесінде орналасқаны біз үшін зор мақтаныш.

P.S. Музейден шығып келе жатқанымда балалық шағым есіме түсіп кетті. Жаздың ыстығында бауырларыммен көбелек қуалап ойнаған кездерім моншақтай тізіліп көз алдыма келгендей болды. Сіздер де осындай жақсы әсер алып, көбелектер жайлы көбірек білгілеріңіз келсе, Зерендідегі әлем көбелектерінің энтомологиялық музейіне бір барып көріңіздер!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар