Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының сайланған Президенті қызметіне кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде елімізді дамытатын он бағытты белгілеген болатын. Өз сөзінде Президент: «Жастар Қазақстанның дамуында шешуші рөл атқарады. Олар прогрестің қозғаушы күші болуға тиіс. Елбасы биылғы жылды Жастар жылы деп жариялады. «Жастар – ел тірегі» арнайы жобасы жұмыс істеуде. «Жас кәсіпкер», жастар бизнес бағдарламаларын қолдаймыз, жастарды жұмысқа орналастыру бағдарламаларын енгіземіз», – деп оныншы бағытты түгелдей жастарға арнады.
Осы орайда, Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасы оныншы бағытта айтылған «Жас кәсіпкер» бағдарламасын іске асыруға атсалысуда. Жуырда осы жоба аясында болашақ кәсіпкерлерге арналған оқыту сыныбы ашылды. Мұндай оқыту курстары облысымыздың басқа да өңірлерінде бастау алды.
22-23 шілде күндері өткен тестілеу нәтижесінде Атбасар, Бұланды, Бурабай, Ерейментау, Есіл, Зеренді, Сандықтау, Целиноград, Шортанды аудандары мен Көкшетау қаласынан 550 адам жобаның оқыту курстарына қатысуға жолдама алды. Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасында бір күнде 70-ке жуық адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылуда.
Жалпы, «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында 950 адамды осындай курстармен қамтып шығуымыз қажет. Жастардан курсқа қатысуға өтініштердің көптеп түсіп жатқаны жобаның сұранысқа ие екендігін көрсетеді. Облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Азамат Маханалиннің айтуынша, әзірше жобаға облысымыздың тоғыз ауданы мен бір қаласы қатысуда. Қалған өңірлер жобаға екінші кезеңде қатыстырылады деп жоспарланып отыр.
«Жас кәсіпкер» жобасының басты мақсаты – жастардың бойында өз бизнесін құру дағдыларын қалыптастыру арқылы кәсіпкерлік әлеуетін дамыту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау болып табылады. Үш аптаға созылатын оқыту барысында қатысушылар негізгі бизнес дағдыларын үйреніп, барлық мемлекеттік бағдарламалар және жас-
тар стартаптары жайлы мәлімет алатын болады. Сондай-ақ, оларға 19 273 теңге көлемінде шәкіртақы төленеді. Оқуларын үздік аяқтаған түлектердің жеңілдетілген несие немесе қайтарымсыз грант алып, өздерінің бизнес идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндіктері бар.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы қолға алып отырған бұл бағдарламаға 18-29 жас аралығындағы жұмыссыз немесе тұрақты табысы жоқ жастар қатыса алады. Одан бұрын осыған ұқсас «Бас-
тау» жобасы іске асырылды. Кез-келген жұмыссыз бен өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған тұрғындарды кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды, содан кейін өз кәсібін ашуға жеңілдетілген несие беруді мақсат еткен ол жоба 2017 жылы облысымыздың Атбасар, Бұланды, Зеренді, Ерейментау және Шортанды аудандарында пилоттық жоба ретінде іске асқан болатын.
Нәтижесінде 2017 жылы 938 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, ауыл шаруашылығы саласы бойынша 202, басқа салалар бойынша 140 жоба іске асырылды. Ал, былтыр «Бастау» жобасы облысымыздың барлық аудандарын қамтып, оқыту курстарына 2070 адам қатысты. 1496 тыңдаушы бизнес жоспарларын ойдағыдай қорғап шықты. 579 қатысушының жобасы іске асты. Өз кәсібін ашқандардың қатарында нәзік жандылардың саны ер азаматтармен теңдей болғанын айта кеткеніміз жөн. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлік саласында гендерлік теңдік қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Енді, жуырда ғана бастау алған жаңа жобаға жастардың да қатысуға көптеп ниет білдіріп жатқаны қуантады. Қазіргі заманда экономика, саясат, кәсіпкерлік болсын, жалпы кез-келген салаға бәсекеге қабілетті, коммуникативті жастар ауадай қажет. Мұны Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің он бағытында баса айтқан болатын.
Осы ретте, «Бастау» жобасының былтырғы жылғы қатысушысы Сұңғат Нұржасаров жайында тоқталып өтсем деймін. Сұңғат – Біржан сал ауданының тұрғыны. Ол өзін мал шаруашылығы саласында сынап көргісі келетін. Сөйтіп, кәсіпкерлік негіздеріне оқығаннан кейін 250 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, қажетті жабдықтар сатып алды. Кейіннен жас шаруа «Игілік» бағдарламасы арқылы қомақты сомада несие алып, 14 бас ірі қара және оған қажетті азық сатып алды.
Айта кетейік, «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы былтыр 291 ауыл шаруашылығы жобасы және дәріхана, сән салоны, тігін цехын ашу секілді 77 түрлі жобалар қаржыландырылды. 2017-2021 жылдарға арналған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 527 адам қайтарымсыз гранттарға қол жеткізді. Солардың бірі – Жарқайың ауданының тұрғыны Руслан Әбжанов. Жас кәсіпкер осы ақшаның арқасында кәсіп ашып, ісін дөңгелетіп отыр.
«Бүгінде бізге, яғни, жастарға үлкен мүмкіндіктер ашылып отыр. 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланып, соның арқасында мемлекет тарапынан қолдау күшейді. Соның бірі «Бастау», «Жас кәсіпкер» бағдарламалары аясында тегін оқыту деп білемін, – дейді жас кәсіпкер.
Сөз соңында, бірегей жобалар – болашақ кәсіпкерлер үшін зор мүмкіндіктер екенін айтқым келеді. «Жас кәсіпкер» жобасы да жастардың кәсіпкерлік әлеуеттерін дамытып, болашақтарына бағдар болары сөзсіз.
Әсел МҰХАМЕД-ӘМИН.