Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мал шаруашылығын дамыту, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы, Нұр-Сұлтан қаласында жеңіл рельсті транспорт жобасының құрылысын жалғастыру мәселелері қаралды.
Мал шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, «ҚазАгро» холдингінің басқарма төрағасы Е.Қарашөкеев, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғ.Есқалиев, Қызылорда облысының әкімі Қ.Ысқақов, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары М.Тасмағанбетов, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары — «Empire Food» компаниясының бас директоры А.Джавидан, «Макинск құс фабрикасы» компаниясының вице-президенті Р.Тоқсейітова баяндама жасады.
Мал шаруашылығы — еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің жетекші саласы. 2019 жылдың бірінші жарты жылдығының нәтижесі бойынша мал шаруашылығында жалпы өнімнің көрсеткіштері 2018 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 10,5 пайызға өсті, мал азығы дақылдарының егіс алаңы 19 пайызға ұлғайды.
Премьер-Министр Асқар Мамин әлеуетті инвесторлармен белсенді жұмыс жүргізіп, оларға қолайлы жағдайлар жасау қажеттігін айтты.
«Бұл жұмыс үнемі жүргізілуі тиіс. Біздің ортақ міндетіміз – салаға келетін инвестицияларды жыл сайын кемінде 30 пайызға арттыру. 2020 жылға қарай 211 миллиард теңгеге дейін, 2021 жылға қарай – 274 миллиард теңгеге дейін ұлғайту қажет», – деді Үкімет басшысы.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне «Қазагро» холдингімен және облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, сүтті-тауарлы мал шаруашылығының көлемін арттыру, отандық құс шаруашылығын дамыту, халал өнім экспортын дамыту шараларын қабылдау тапсырылды.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р.Скляр, «Бәйтерек» холдингінің төрағасы А.Әріпханов, Маңғыстау облысының әкімі С.Тұрымов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қ.Айтмұхаметов, Алматы облысы әкімінің орынбасары С.Бескемпіров баяндады.
2019 жылы шамамен 13 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 500 мың шаршы метрге артық. Жыл сайын 6 мың аз қамтылған отбасы мен 3 мың жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамтамасыз ету міндеттемесі қабылданды. Сондай-ақ, ҚР Үкіметінің басшысы тұрғын үйді салуға, инженерлік инфрақұрылымды жеткізуге уақытылы дайындалудың маңызы зор екенін атап өтті.
Нұр-Сұлтан қаласында жеңіл рельсті транспорт жобасының құрылысын жалғастыру мәселелері бойынша әкім А.Көлгінов баяндады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.