«Зерен-2019» республикалық жастар білім беру жазғы лагерінің үшінші ауысымы жабылды. Бірден айта кетелік бағалы бастама баянды болды. Жылт еткен жаңалыққа құмар талапты жастардың өрісіне жол ашылды. Шараға Қазақстан Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Зеренді көлінің жағасында ұйымдастырылған лагерьдегі іс-шараға еліміздің барлық өңірінен, сондай-ақ шет елдерден 600-ге жуық талапты жас қатысты. Азаматтық қоғамды дамыту, кәсіпкерлік дағдылары, жасыл және креативті экономика, жаңа медиа сынды төрт бағыт бойынша жұмыс істеген қатысушылар өздерінің жобаларын жетілдіру үшін тәлімгерлерден дәріс алып, тәжірибе жинақтады.
«TIMSS орталығының зерттеуінше біздің академиялық біліміміздің көрсеткіші жақсы, ал, PISA көрсеткіші бойынша, яғни, сол білімді қолдану жағынан соңғы орындардың біріндеміз. Бұл алған білімді тәжірибеде қолдануда үлкен олқылық бар деген сөз. Сол себепті, Елбасымыз мектеп бағдарламаларын жаңартуға ерекше көңіл бөлуді тапсырған болатын», – деді. Бұл жұмыс сол олқылықтың орнын толтыру әрі жастар жылындағы жас таланттарды қолдау барысындағы бірегей ауқымды шара.
Әр ауысымда дарынды жастар қазылардың назарына өздерінің бірегей жобаларын ұсынып, әр маусым жеңімпаздары анықталып отырды. Үшінші маусымның жеңімпаздары «Зерен-2019» лагерінің жабылу салтанатында анықталып, марапатталды.
Айтолқын АМАНГЕЛДІ.