Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров облыстық соттың пленарлық отырысында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен тағайындалған Ақмола облысы соттарының төрағалары мен судьяларын таныстырды.
«Қазақстан Республикасы соттарының төрағалары мен судьяларын қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 17-ші шілдедегі Жарлығымен Даулетияр Машрапов Жарқайың аудандық соты судьясы лауазымынан босатыла отырып, Астрахан аудандық сотының төрағасы қызметіне, Гүлмира Анарбекова Біржан сал аудандық сотының төрағасы қызметіне, Айнагүл Аймұрзинова Көкшетау қалалық сотының судьясы лауазымынан босатыла отырып Ақмола облыстық сотының судьясы қызметіне, Торқалы Бектұрсынов Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау аудандық сотының судьясы лауазымынан босатыла отырып, қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы қызметіне тағайындалды.
Сонымен қатар, құрметті отставкаға кетуіне байланысты Ерлан Жанәділов Ақмола облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының төрағасы қызметінен және Абай Макитов Ақмола облыстық сотының судьясы қызметінен босатылды.
Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров тағайындалған төрағалар мен судьяларды құттықтап, сот төрелігін нығайтуда табыс және жетістіктерге жетулеріне тілектестік білдірді. Сот төрағасы өз тілегінде тағайындалған судьяларға судьяның жоғары мәртебесі мен судьялар әдебін сақтауды ескертіп, заң үстемдігін қамтамасыз етуді тапсырды.
Облыстық соттың баспасөз қызметі.