Бурабайдағы «Балдәурен» республикалық балалар оқу-сауықтыру орталығында «Туған жер – алтын бесік» тақырыбымен өтіп жатқан халықаралық балалар құрылтайының оныншы ауысымына Ресей, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Иран және Германиядан 300-ге жуық жеткіншек жиналды. Ата жұртқа келген балалардың дені өз орталарында оқу озаты және түрлі дарын иелері болып табылады.
Ауысымның ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Марат Әзілханов бала жанын баураған көңілді де көркем тілмен сөз бастады.
– Осы шара он жыл қатарынан өткізіліп отыр, – деді вице-министр. Қазақ баласы қай мемлекетте жүрсе де, оның жалғыз-ақ Отаны бар, ол – Қазақ елі. Бұл жайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та аталы сөзін айтқан болатын. Шараның негізгі міндеті – әлемнің әр қиырында жүрген қазақ балаларына ата жұрттың тарихын, тамаша дәстүрлерін, әдемі әдет-ғұрпын, әуезді тілін, мәнді мәдениетін таныту арқылы ұлттық құндылықтар ұлағатын қалыптастыру. Міне, сонда ғана балалардың бойына халқымыздың сан ғасыр бойы жасасып келе жатқан ұлттық қадір-қасиетін сіңіре аламыз. Сіздер өздеріңіздің алтын қазықтарыңызды ұмытпай, мақтан ете жүргейсіздер.
Сонымен қатар, шарада Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Арғын Оспанов, «Отандас-тар» қорының вице-президенті Мағауя Сарбасов пен Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігінің кеңесшісі Кирилл Тиллябаев халықаралық балалар құрылтайының тиімді тұстарын талдап көрсетті.
-«Ресей Федерациясында ресми есеп бойынша бір жарым миллионға жуық қазақтар жергілікті жұртпен тату-тәтті тіршілік етуде. Олардың туып-өскен жері Ресей топырағы болғанымен, тарихи Отаны – Қазақстан»,– деді Кирилл Геннадьевич, – менің ойымша бәлкім одан да көп болуы мүмкін. Аумалы-төкпелі талай заман өтті ғой. Біз ежелден достық қарым-қатынастағы елміз. Осы балалар мемлекеттеріміздің арасындағы шынайы достықты одан әрі бекіте түсетін ұрпақ.
«Балдәуренде» тынығуға келген қандастарымыздың балалары өздерінің алғашқы әсерлерімен бөлісті. Соның бірі – Ресейдің Иванов облысының мектеп оқушысы Әмина Жақсылықова «Балдәурен» өзіне ұнайтынын және осында үшінші рет келіп отырғанын айтты.
– Әке-шешемнің айтуынша, олар Иваново қаласына қызмет бабымен келген екен. Олар бізге ата жұртымыз Қазақстан екендігін үнемі айтып отырады, туысқандармен араласып тұрады. Мен «Балдәруенге» үшінші рет келіп отырмын. Қазақстан Бурабай сияқты көркем ел екендігіне қуанамын. «Балдәуренде» әртүрлі елдерден келген қазақ балаларымен таныстым. Егер мүмкіндік болып жатса, болашақта Қазақстанға көшсек деп армандаймын, – дейді Әмина Жақсылықова.
Ал, Моңғолия елінен келген 9-шы сынып оқушысы Айдана Досымбек «Балдәурен» ана тілін жетілдіруге көмектесетінін айтты.
– Мен Моңғолия астанасы, Ұлан-Батырда тұрамын. Онда қазақ мектептері жоқ. Мен моңғол тілінде дәріс беретін мектепте оқимын. Бірақ, Монғолияда біздер, қазақтар өзара ана тілімізде сөйлесеміз. Қазақстанда біздің көптеген туыстарымыз тұрады, олардың көпшілігін танимын. «Балдәуренде» алғаш рет болып тұрмын, маған қатты ұнады, тағы да келгім келеді. Біз 24 бала келдік. Менің осы лагерьге баратынымды естіген сыныптастарымның басым көпшілігінің келгілері келді. Бұл менің ойымша, одан ары жақсы оқуыма әрі тіл білуімді жетілдіруге көмектеседі, –
деді Айдана Досымбек.
Германиядан келген Айша Құлғарина 4-ші сыныптың оқушысы екен. Бірнеше тіл біледі. Қазірдің өзінде оң-солын бажайлап жүргені көрініп тұр. Өскен соң Қазақстанға ораламын дегенді айтты.
Екі апталық жазғы демалыс маусымында шетелден келген қазақ балаларының белсенді демалуына, әртүрлі мәдени және спорт шараларына қатысуына, ең бастысы – ана тілін меңгеру жөніндегі білімдерін шыңдауына мүмкіндіктер жасалағаны қуантады.
Кеше Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтің «Балдәурендегі» жас достарына қонаққа келуі жасөспірім отандастары үшін айрықша оқиға болды.
Халықаралық балалар құрылтайына қатысушы жас достарымен емен-жарқын әңгіме өрбіткен Зауытбек Қауысбекұлы қазақ халқының өткен-кеткен тарихынан, алыс-жақын шет елдердегі қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігінен таратып, тағлымды әңгіме өрбітті. Ол 1864 жылғы Шәуешек келісімінен бастап халқымыздың көші-қон тауқыметінен тәлімді деректер келтірді. Тіпті, қазақ халқының шығу тегі, орналасу мекені, шетелдегі қандастарымыздың саны, Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен туған елге көшу үрдісі, оралман мәртебесі, бауырларымыздың Қазақстандағы үлгілі тұрмысы жайлы қызықты мағлұматтар берілді.
– Біздің басты құндылығымыз – ел Тәуелсіздігі, – деді ол сөзінің бір парасында. Оны тұғырландыру ұлтымыздың мерейін, халықаралық абыройын көтереді. Сендер «Балдәурендегі» әрбір күндеріңді мәнді өткізуге тырысыңдар. Болашақ сендірдікі. Уақыттың толқынды теңізі ұлттарды былай қойып, тұтас халықты жұтып жатқан бүгінгі жағдайда сендердің мойындарыңда зор салмақ болатынын есте ұстағайсыңдар. Қазақстан тағы да 1 миллион қандасымызды шақыруға дайын. Бұл сендер қойған көп сұрақтың біріне жауабым. Сендерге «денсаулықтарыңды күтіңдер, білімді болыңдар, көбейуіміз керектігін ұмытпаңдар, өмірде аспаңдар, саспаңдар, жаман жерді баспаңдар» дегім келеді,– деді З.Тұрысбеков.
Бақберген Амалбеков,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бурабай ауданы.