Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен кеңесте С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің өкілі Төлеухан Нұрқиянов мал шаруашылығы кооперациясы пилоттық жобасының тұсаукесерін жасады.
Бірқатар аудан әкімдері мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қатысқан кеңесте Төлеухан Нұрқиянов аталмыш университет Мемлекет басшысының тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы алға қойған тапсырмасын жүзеге асыруға қатысу үшін пилоттық жобаны жасағанын айтты. Пилоттық жобаға қатысуға Ақкөл ауданының Азат селолық окугі, Қарабұлақ, Кеңес, Домбыралы ауылдары таңдап алыныпты. Одан әрі университет өкілі ауыл тұрғындары қорасындағы ірі қараға қатысты мал бағуды, жемшөп дайындауды, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуді ұйымдастыруға қатысты туындап отырған мәселелерді шешу жөніндегі өз ұсыныстарын айтып берді.
– Кооперативке қызмет көрсететін құрылым құру қажет болды. Жер ресурстары бар. Біздің бұл жобаны «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы қолдады. Бизнес жоспары бойынша талаптарды сәйкестендіру және шаруашылықтың инфрақұрылымы үшін 112 миллион теңге сұрадық. Оның 57 миллион теңгесіне ауыл тұрғындары арасында ауылдық тұтынушы кооперативіне қатысу жөнінде түсінік жұмысы жүргізіледі. Ауыл шаруашылығы құрылымдары мен тұрғындардан мал сатып алынады. «Ауыл бірлестігіне көмек» қызмет көрсететін құрылымның 49 пайызы «Самұрық Қазына» акционерлік қоғамына, 51 пайызы базалық шаруашылыққа тиесілі. 5 жылдан кейін аталмыш акционерлік қоғам өз үлесін жобаның иесіне сатады, – деген университет өкілі базалық шаруашылық өз құрылымымен қалып, одан әрі тұрғындармен жұмыс істейтінін айтты. Бір мың басқа арналған мал бордақылау алаңы 30 миллион теңгеге салынады деп жоспарланған. Бұл құрылым бұзауды өсірумен 4-5 ай айналысады. Бұдан кейін мал бордақылау алаңында семіртіліп, етке тапсырылады. Ауыл тұрғындарымен мәселе туындамас үшін әр бұқаға чип салынады.
«Самұрық Қазына» акционерлік қоғамынан алынған қаржының 70 миллион теңгесі қызмет көрсететін құрылымның материалдық-техникалық базасын жаңғырту үшін жұмсалады екен. Биылғы жылы инфрақұрылым құрылып, келесі жылы мал жиналады деп жоспарланған.
Мұнымен бірге, сол күні облыс әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы мәжіліс өткізді
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.