«Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылуына байланысты өңірлік коммуникциялар қызметінде өткен брифингте Қорғалжын ауданының әкімі
Берік Жанбаев аталмыш бағдарламаның аудан өмірінің барлық тұстарына игі ықпалын тигізіп отырғандығын мәлімдеді.
– «Рухани жаңғыру» болашаққа бағдар болған идеологиялық маңызды стратегиялық құжат. Мұнда қоғамымыздың дамуы, ұлтымыздың қалыптасуы, салт-санамыз бен қазақстандық мәдениетті сақтау жолдары нақты айтылған. Егемендігіміздің қалыптасу кезеңінде саяси және экономикалық жаңғырту жүргізілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халқымыздың рухани жаңғыруына және мәдени мұрамызды сақтап қалуға жаңа мүмкіндіктер ашты,–деген аудан әкімі аталмыш бағдарлама бойынша 3 жылда 7 жоба жүзеге асырылғанын, мыңнан аса іс-шаралар қамтылғанын айтты. Осы бағдарлама аясында ауданда «Өмір-өзен» атты авторлық әндер бойқауы өткізілді. «Қорғалжыным – құт дарыған бақ мекен!» және «Ғажап күн» атты жас ақындардың өлеңдер жинағы, «Дударай» халық-фольклорлық ансамблінің үнтаспасы жарық көрді. Жыл сайын ауданның тумасы, кикбокстан әлемнің екі дүркін чемпионы Нұрболат Рысмағамбетовтің жүлдесіне арналған халықаралық турнир өткізілуде.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында меценаттар қаржысы есебінен ауданда 250 адамға арналған дзюдо спорттық «Күрес» және «Балтабек» ұлттық этно-туристік орталығы ашылды. Мұнда туристерге қазақтың төбетімен, тазысымен аң аулау, атпен серуендеу ұсынылады. Қорғалжын мектеп-гимназиясында Ермек Біжкенов атындағы қазақ тілі мен әдебиетінің кабинеті ашылды. Осы игілікті бастама биыл да жалғасын тауып, Қызылту орта мектебінде жергілікті жазушы Смағұл Рахымбек атындағы кабинет ашылды. Ақтан Төлебаевтың есімін мәңгіге қалдыру мақсатында «Сыйладым саған туған жер» бағыты бойынша оның есімімен аталатын орта мектепке мүсіні орнатылды.
Өткен жылы жергілікті меценат Ардақ Балтабековтың демеушілік қаржысы есебінен аудан орталығындағы «Дәурен» стадионына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Биылғы жылы бағдарлама аясында аталмыш меценаттың қаржысы есебінен стадионда волейбол алаңы мен жарыс жолы салынды. «Жомарт жүрек» жобасы аясында кәсіпкер Дәлел Жүзбаев көп балалы ана Бақытгүл Хаусоваға үш бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Сондай-ақ, мүгедек балаларға арналған жартылай стационар орталығы ашылды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.