Міне, жылдағы егін орағы науқаны тағы да тақап тұр. Бұл кезде Қызылсая ауылының тұрғыны Сабырбек Қожағалиевтен де маза кете бастайды. Өйткені, Жер-Ананың қадірін білген диқан жаны қашанда алқапқа асық.
Сабырбек Естайұлы өзі туған Қызылсая ауылында орта мектепті бітірген соң осы шаруашылықта механизатор болып еңбек жолын бастады. Сөйтіп, көп жылдары техниканың тілін білумен өтті. Өндірісте жоғары көрсеткіштерге жетіп жүрген сондағы ширақ қимылымен әлі де кең жазира дала төсіндегі еңбекті аңсайтын. Өйткені, өз ауылындағы шаруашылық уақыттың дегенімен тарап кеткен еді.
Бірде көршілес Симферополь ауылындағы «ҚосЕлАгро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне механизаторлар керек болып, Сабырбек те өз күшін сынап көргісі келді. Бұрынғы тәжірибесі бар, осылайша жаңа шет елдік техниканы тез игеріп алды. Биыл көктемгі егіске қатысып өзінің «Бюллер» тұқым себу кешенінде сменалық нормасын асыра орындап отырды. Серіктестік 10 мың гектар алқапқа бидай, зығыр, арпа сияқты дақылдарды сепкеніне де қуанды. Өйткені, бұл – дала кемесіне мініп, сол өнімді жинауға мол мүмкіндік. Қазір тәжірибелі механизатор пар мен сүдігер жырту жұмыстарында жүр. Сол жұмысының ара-арасында өзіне сеніп тапсырылған «Вектор» комбайнын да жауапты науқанға мұқият дайындап, егін орағына белсене кіріскелі отыр. Олай болса, іске сәт, Сабырбек дейміз!
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.
Зеренді ауданы.
Суретті түсірген автор.