Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ағынан жарылған ақын - АРҚА АЖАРЫ

Ағынан жарылған ақын

Бала күнім. Айнала ақ шағылдар,
Сағыз іздеу. Дейсің бе басқа мұң бар?
Күйгеніне қарамай жүгіреміз,
Табандарын ақ құмға басқан ұлдар.

Ылғи жана бермейді бағың ондай,
Құмдағы үйі – оймақтай, табылар ма-ай?!
Озармысың тобыңнан алға ұмтылған,
Бір құлықты табанға жағып алмай!

Дірілдеген дүзгіннің әні бардай,
Сүттігеннің гүлдеген шағы қандай!
Ойда жоқта алдыңнан шыға келген,
Құмасағыздың шіркін-ай, дәмі қандай!
Осы өлең шумақтары-ақ Серік Жетпісқалиевтің мұнайлы өлке Атырауда дүние есігін ашып, өткен ғасырдың 70-жылдары алаңсыз балдәурен балалық шағының өткендігін көз алдыңызға елестер еді. Табанды қыздыратын ақ шағыл құм, сүттігеннің гүлденген шағы, құм сағызының тіл үйірер тәтті дәмі Серіктің сезімге толы жүрегінен жұп-жұмыр өлең болып өріліп шыққан. Келмеске кеткен балалықтың ұмытылмас күндері ойға оралады.
Қазақстан Жазушылар одағының әдеби-әлеуметтік «Жұлдыз» журналының 2019 жылғы алтыншы санында берілген «Кеудемде күй тұнады» топтамасында Серік Жетпісқалиевтің соңғы уақытта жазған өлеңдерін оқи отырып, әріптес інінің (журналистикадағы) ақындық қарымына қаныға түстік. Қай ақынның болмасын кіндік қаны тамып, балалық кезеңі өткен өлкені жырына арқау етері аян. Бұл орайда, Серік Жетпісқалиевтің Атырау жайлы жазған жырлары жетерлік. Оны ақынның ондаған жыр жинақтарынан молынан кездестіресіз. Бұл да талант иесінің кіндік қаны тамған жерге деген сәбилік парызы, сағынышы болса керек.
80-жылдардың бел ортасында Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін бітіріп, туған мекені Атырау облысы Индер аудандық газетінде қызметке кіріскен жалындаған жас жігіт аға буын тілшілерден тәлім алды. Сөйтіп, Шер ағаңша айтқанда, «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» журналистикаға біржола бет бұрды. Радио, газет, телевидение саласының қара қазанында қайнай жүріп, өмірінің өзегіне айналған өлең жазудан алшақтамады. Есейіп, кемеліне келген ақын Серік Жетпісқалиевтің екінші тынысы көрікті Көкше жеріне қоныс аударған кезеңнен бастап кеңірек ашылған сияқты. Құмда өскен баланы Көкшенің көгілдір таулары, сексен көлі, көркем қыздары шабыттандыра түсті. (Жары Көкшетаудың қызы). Оған Серік ақынның «Жұмбақтас жыры» дәлел болса керек.

Жұмбағың көп-ау, Жұмбақтас!..
Ой қуған жанға сырың мол.
Жүдетті мұңсыз, қылжақпас,
Жырлайтын бүгін жырым бол.

Жұмбақсың! Бір жақ ашпайсың,
Тұрасың үнсіз тұнжырап.
Шалқымайсың да, саспайсың,
Күн күліп тұрсын, түн жылап.

Қоспайсың, сірә, бір пікір,
Білдіріп жатсың кімге сен.
Дейсің бе әлде «мың шүкір»,
«Даурығар еді, білмесем!»

Сөйлейді бүгін білместер,
Білгендер сөзін қоспайды.
Сөйлейді тілдеп күндестер,
Жантықтар жорта қоштайды.
Әдебиет сыншысы, танымал ақын емеспіз. Сондықтан, Серік Жетпісқалиевтің өлеңдерін сүйсіне, түйсіне оқып жүрген аға әріптес ретінде өз ойымды ортаға салдым. Ақын қайда жүрсе де, жүректен шыққан жырларын сүйікті оқырманына жеткізгенше тыным таппайды. Бұл қасиет Серік Жетпісқалиевті де айналып өткен жоқ. Жылына бір келетін еңбек демалысын осы жазда Мысырда Қызыл теңіз жағалауында өткізген ол:
Алланың бұл бір ғажабы,
Тас гүлді шайған таза ағын.
Шыныдай мөлдір бұл теңіз,
Төменде содан назарың.

Ұмытпас мұны бір көрген,
Өтеді балық іргеңнен.
Сары, ақ, қызыл – сан түрлі,
Қалайша сонша түрге ендің?

Тарихтың мұнда көп ізі,
Таң қылар кенет кезігіп.
Қош, енді, саған мың алғыс,
Мысырдың Қызыл теңізі!
Күнге күйіп, Қызыл теңізге шомылған Серік ақын туған жерін сағына жүріп, сан ұлт өкілдерімен жүздескен сайын олардың туған тілдерінде ғана сөйлейтіндігіне сүйсіне отырып:
Дәстүрі барда әр жұрттың,
Өз тілі әр халықтың.
Күйін кештім мәңгүрттің,
Шетке бекер барыппын!

Немістер жүр неміс боп,
Арабың да өз қалпы.
Өз тілінен кеміс боп,
Жүрген, қайран, өз халқым!

Қашанғы өстіп азамын,
Осы ой төбе ойды ғой.
Қазақ тілін қазағым,
Үйренбей-ақ қойды ғой! – деп күрсінеді.
Атырау мен Көкшетаудың арасында алтын көпір болып жүрген ақын Серік Жетпісқалиевке жазарың көп болғай дейміз. Жырларың сезімімізді сергіте берсін.

Қалымбек МҰХАМЕДЖАНОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар