Дәрігерлер мектеп сөмкесін таңдағанда мынаған назар аударуға кеңес береді. Мектеп сөмкесінің көлемі мен салмағы баланың бойы мен жасына сәйкес келуі қажет. Сөмкенің салмағы кітап, дәптерлерді қоспағанда, 1 келіден аспауы керек және бала салмағының ең көп дегенде 10 пайызын құрауы тиіс.
Сөмке тұтқасының ұзындығы реттелуі қажет. Сөмкенің арқа жағы қатты ортопедиялық болуы керек, иықбауы кең болғаны дұрыс. Жарық шағылыстыратын бөлшектері болғаны жөн. Жүргізушілер қараңғы кезде жолды кесіп өтіп бара жатқан баланы бірден байқайды.
Сонымен қатар, оқулықтардың да салмағы шамадан аспауы тиіс. 1-4 сынып оқушылары үшін 300 грамнан, 5-6 сыныптар үшін 400 грамнан, 7-9 сыныптар үшін 500 грамнан және 10-12 сыныптар үшін 600 грамнан аспауы керек.
Ата-аналар оқулықтар салмағы асып кеткенін анықтаған жағдайда 8(7172)-74-18-64 телефонына немесе Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің сайтына шағым түсіре алады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.