ХVІІІ ғасырдың ортасынан бастап ювеналды құқық жүйесі қалыптаса бастады. Осыдан 250 жыл бұрын Ресей заңгерлері қылмыскер жасөспірімді ересек қылмыскерлер сияқты жазалауға болмайды деген ойға келді. Бүгінгі ювеналды саясат жеке тұлғаны, қоғамды, мемлекеттік қылмыстық əрекеттерден қорғау жəне құқық бұзушылықтан келген зиянның орнын толтыру мақсатында жалпы əлеуметтік, арнаулы жəне жеке сипаттағы жиынтық шараларды жасау мен іске асыруға бағытталған.
Отбасындағы қолайсыздықтар көбінесе мынадай факторлардың жиынтығынан байқалады, бұл: отбасылық байланыстар мен қатынастардың бұзылуы, мəдени, жалпы білім жəне кəсіптік деңгейдің төмендігі, қарабайыр мүдделер, бұзылған имандылық жəне құқықтық көзқарастар. Осының барлығы балалардың құқықтық санасында əртүрлі заң бұзушылықтарды қалыптастырып, олардың болашақта шындықты бұрыс қабылдауына əкеліп соқтырады. Əртүрлі себептермен отбасылардың кейбір бөлігі өзінің тəрбиелеу қызметін орындамайды, бұл отбасылардың кəмелетке толмаған мүшелерін адамгершілікке қарсы, кейде құқықтық жүйеге қайшы әрекеттерге де бағыттайды. Жаза мен тәрбиенің дұрыс сәйкестігін қамтамасыз етуге ұмтыла отырып, мемлекет кәмелетке толмағандардың жеке басының ерекшеліктерін, оларға қатысты қылмыстық жазаның жазалау күшін біршама шектеуді қарастырады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 81-бабында кәмелетке толмағандарға тағайындалатын жаза түрлері көрсетілген. Олар, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру, айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығынан шектеу.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 52-бабының 1-бөлігінде «Қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кінәлі деп танылған адамға Қылмыстық Кодекстің ерекше бөлігінің тиісті бабында белгіленген шектерде және Қылмыстық кодекстің жалпы бөлігінің ережелері ескеріле отырып, әділ жаза тағайындалады» деп көрсетілген. Жаза тағайындаудың жалпы негіздерінің бұл ережелері қоғамдық заңдылықты сақтаудың маңызды кепілі болып табылады немесе сотталған адамға жаза тағайындауда заңның маңызды рөлін көрсетеді. Осы бапта көрсетілген жаза тағайындаудың жалпы негіздері кәмелетке толмағандарға жаза тағайындауда да ескеріледі.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 82-бабының 1-бөлігінде «Кәмелетке толмаған адамға жаза тағайындау кезінде, осы Кодекстің 52-бабында көзделген мән-жайлардан басқа, оның өмірі мен тәрбиесінің жағдайлары, психологиялық даму деңгейі, жеке басының өзге де ерекшеліктері, сондай-ақ оған жасы жағынан үлкен адамдардың ықпалы ескеріледі» деп көрсетілген.
Кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары қоғамға қауіптілік сипаты мен дәрежесінің онша көп болмауында. Оларды қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаларды пайдаланып түзеуге мүмкін болған жағдайларда негізсіз бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауға жол бермеу керек. Сондықтан, қоғамға қауіптілігі онша үлкен болмайтын қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кәмелетке толмаған жасөспірімдерді бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза шараларының мүмкіндіктерін қолдану туралы мәселелерді дұрыс шешудің маңызы зор. Кәмелетке толмағандарға тағайындалатын жазалардың алдына қоятыны тәрбиелік және ескертулік шаралардың әсер етуі. Кәмелетке толмағандарға тағайындалатын жазалардың өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, оларға салынатын айыппұл 81-баптың 3-бөлігіне сәйкес, кәмелетке толмаған сотталған адамның дербес табысы немесе өндіріп алуға жарайтын мүлкі болған жағдайда ғана тағайындалады. Айыппұл айлық есептік көрсеткіштің оннан екі жүз елуге дейінгі мөлшерінде тағайындалады. Яғни, кәмелетке толмағандарға айыппұлдың мөлшері төмендетілген. Айыппұлдың мөлшерін жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығы мен сотталған адамның мүліктік жағдайын ескере отырып сот белгілейді.
Кәмелетке толмағандарға белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру бір жылдан екі жылға дейінгі мерзімге тағайындалады. Бұл жазаның түрі кәмелетке толмаған заңды негізде қызметтің қандайда бір түрімен айналыса жүріп қылмыстық құқық бұзушылық жасаған жағдайда тағайындалады.
Қоғамдық жұмыстарға тарту қырық сағаттан бір жүз елу сағатқа дейінгі мерзімге тағайындалады, ол кәмелетке толмаған адамның қолынан келетін жұмыстарды орындауы болып табылады және ол оны оқудан немесе негізгі жұмысынан бос уақытында орындайды. Он алты жасқа дейінгі адамдардың бұл жаза түрін орындау ұзақтығы – күніне екі сағат, ал он алтыдан он сегіз жасқа дейінгі адамдар үшін күніне үш сағаттан аспауы керек. Бұдан біз кәмелетке толмағандарға қолданылатын қоғамдық жұмыстарға тарту жазасының мерзімінің ересектерге қарағанда біршама төмен екендігін көреміз.
Түзеу жұмыстары дербес табысы немесе өзге тұрақты кірісі бар кәмелетке толмағандарға айлық есептік көрсеткіштің оннан екі жүз елуге дейінгі мөлшерде тағайындалады. Түзеу жұмысының мәні – сотталған кәмелетке толмаған жазасын өзінің бұрынғы негізгі жұмыс орнында өтейді, бірақ оның еңбек ақысынан мемлекеттің кірісіне тиісті бір бөлігі ұсталады. Сонымен түзеу жұмысы белгілі бір өндіріс орнында жұмыс істейтін кәмелетке толмаған адамға ғана тағайындалады. Кәмелетке толмағандарды бас бостандығынан шектеу екі жылға дейінгі мерзімге, ал бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеуге ауыстыру жағдайында жазаның қалған өтелмеген бөлігінің бүкіл мерзіміне тағайындалады.
Қазақстанда кəмелетке толмағандардың ауытқуларына қарсы əрекет жүргізумен кəмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялар, олардың істері жөніндегі бөлімдер, сот, прокуратура, қорғаншылық жəне қамқоршылық органдары, кəмелетке толмағандарды уақытша оқшалау, бейімдеу жəне сауықтыру орталықтары шұғылданады. Қылмысқа қарсы іс-қимыл – бүкіл қоғамның, оның барлық институттарының міндеті. Құқық қорғау қызметі қылмыстың деңгейін төмендете алады, белгілі мөлшерде оны бөгеп немесе тіпті азайтуы да мүмкін, бірақ оның жеке өзі бұл құбылысты жоя алмайды.
Көрсетілген тақырыптың маңызын Шекті Мөңке бидің сөзімен «Баланы ұру, ұрсу, тым еркелету – уақытты босқа кетіру» деп айтқандай, ата-аналар мен кəмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығы жоғары деңгейде қалыптасса ғана құқық бұзушылықтың алдын аламыз. Қазақстанда ювеналды əділеттің, ювеналды құқықтың қалыптасуы жетімдіктің жəне қараусыздықтың, осының бәрі балалардың қылмыс жасау санының азаюына ықпал етеді деп ойлаймын.
Нұрлан ӨМІРТАЙҰЛЫ,
Ақмола облыстық сотының судьясы