Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевқа тәрбие берген ұлағатты ұстаз есімі құрметке лайық
Әр бала үшін аяулы әкенің орны қашанда ерекше. Әке дегенде мейірлене «айналайын» деп елжіреп тұратын аяулы тұлға көз алдыма келеді. Алайда, кім-кімге болса да, әке туралы естелік жазамын деген ой келмейтін шығар. Менің әкем қашанда ел мүддесін өз мүддесінен жоғары қоятын еді, жарықтық.
Мемлекетіміздің, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы мен Қосшы, Тайтөбе ауылдарының гүлденуіне зор үлес қосқан әкем Көшербай Әмірәлин 1911 жылы Ақмола облысы Қорғалжын ауданына қарасты Тоғанас ауылында дүниеге келген. Атамыз Әміре өте кедей, байлардың жалшысы болыпты. Он жасқа толған Көшербай әкесіне көмектесіп, бақташы болған екен. Балалардың үлкені болған соң ба, ерте есейіп, еңбекке араласады. 1925 жылы кедейлердің кәсіподағына мүше болып, комсомолға өтеді. Жастар арасында комсомол ұйымын құруға, жаңа ұйымдасып жатқан «Қосшы» ұйымының белсенді ұйымдастырушысы ретінде колхоз құру жұмыстарына араласады.
1929 жылы Ақмола қаласында (бүгінгі Нұр-Сұлтан) ашылған ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын 4 айлық оқуға жіберіледі. Бұл курсты бітірген соң Ақмола ауданындағы «Тайтөбе» колхозына басқарма бастығы болып тағайындалады. Ал, 1930-1932 жылдары Ақмола қаласындағы жаңадан ашылған кеңестік партия мектебінде оқып, оқуын жақсы бітірген соң, Жамбыл облысының Сарысу ауданына партия жұмысына жіберіледі. Бір жылдан соң әке-шешесіне көмектесу үшін туған жеріне қайтып келіп, Ақмола аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. Қайратты, айтқанын екі еткізбей істете алатын, сөзден гөрі іске бейім іскер басшы болады. 1933 жылы әскер қатарына шақырылып, №1763 әскери бөлімде міндетін абыроймен атқарып келген соң Комвузға оқуға түседі.
Комвузды бітірген әкем Ақмола қаласында жаңа ашылып жатқан колхоз кадрларын дайындайтын курсқа сабақ береді. 1940 жылы облыстық оқу бөлімі жанынан ашылған мұғалімдер дайындайтын курстың басшысы болады. Елде мұғалімдер жетіспейтінін ескеріп, жастарды тәрбиелеуге, жетім балаларға көмек көрсетуге, мұғалімдерді оқытуға көп көңіл бөліпті. Өзі де Қайыржан есімді баланы асырап алып, үйлендірді.
Жетім демекші, Рейхстагқа ту тіккен батыр Рақымжан Қошқарбаев та Көшербай Әмірәлиннің ұйымдастыруымен ашылған жетім балаларға арналған интернатта жатып оқыған екен. Халық Қаһарманы өзінің «Жеңіс жалауы» атты естелік кітабында «…Әкемді «халық жауы» деп ұстап әкеткен соң, Тайтөбедегі балалар үйіне баруға тура келді. Егер біреулер мұны білмей, кездейсоқ сұрай қалса, оған жету, менің орналасуымның өзі қиямет қиын іс болды деген бір сөйлеммен ғана түйіндер едім» деп жазады.
1942 жылы әкем қаладағы Сталин атындағы қазақ орта мектебінде директор болып тағайындалады. Осы мектепті бітірген сол кездегі оқушылар – қазіргі зейнеткерлер әкемнің терең білімді, өте мәдениетті болғанын, жоғары оқу орындарын өте жақсы аяқтап, басшы қызметтерде істегенін жиі еске алып отыратын.
Көп уақыт өтпей әскерге алынып, Ресейдің Саратов қаласындағы әскери бөлімде партия-саяси жұмысын басқарған Көшербай Әміреұлы 1943 жылы Саратов облысының партия конференциясына делегат болып қатысады. Алайда, әскер жұмысында жүргенде қатты ауырып, денсаулығына байланысты елге келіп, емделеді. 1944 жылы Ақмола облысының лекторлар тобының саяси жетекшісі, кейін бастығы болды. Обкомда жүргенде саяси жұмысқа жетік екенін көрсете білген. Өзінің де, өзгенің де саяси білімін арттырғаны үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасына ие болады.
1948 жылы Сталин аупарткомына екінші хатшы қызметіне жіберіледі. 1949 жылы Вишнев ауданында қызмет етіп жүргенде аупартком аппаратындағы екі адамды жұмысты дұрыс ұйымдастыра білмегені үшін жұмыстан босатып, екі қазақ азаматын қызметке алады. Сол кезде аудан басшылығында бірде-бір қазақ азаматы болмаған екен. Бірақ, бұл ісі өзіне соққы болып тиіп, қудалауға ұшырайды. Екінші хатшы әкеме «ұлтшыл» деген айып тағып, қызметінен шеттетеді. Бұл кез қазақтың білімді, саяси сауатты, еті тірі, бірбеткей азаматтарын тұқыртып, көзін құрту мықтап қолға алынған кез болатын. «Ұлтшыл» деген атты желеу етіп, партиядан шығарып жібереді.
Алайда, Көшербай Әміреұлы мұндай жалаға шыдамай, сол кездегі орталық – Мәскеуге барып, мәселенің ақ-қарасына жетуді алдына мақсат етіп қояды. Әкесінің жалғыз сиырын сатып, ақша жинап, Мәскеуде өзін қабылдаған Молотовқа барады. Жағдайды түсіндіреді. Ол әкемді байыппен тыңдап, құжаттарын көріп, «ұлтшыл» деген атты алып, партия билетін қайтарып беруді тапсырып, арызына белгі соғып, қол қойып береді. Елге келген соң облыстық партия комитеті партиялық билетін қайтарып бергенмен, саяси партиялық жұмыстарға жібермейді. Шаруашылық жұмысына ғана ауыстырады.
Әкемнің досы Төре Болатов өз мақаласында «Жақсыдан шарапат» дегендей, көкірегі ояу, санасында сезімі бар азаматтар өмірлерінде алғыс арқалап, айналасына жақсылықтан басқа бөтен ой ойламаса керек. Сондай Азаматтың бірі Көшербай еді…» деп еске алады.
Иә, әкем Көшербай Әмірәлин қай жұмыста, қай шаруашылықта жүрсе де, тез меңгеріп, абырой, атаққа ие болды. Халқы қолдап, әділдікті қорғап, ешбір жұмыстан бас тартпай, оны абыроймен атқара білді. 1950-1958 жылдар аралығында облысаралық «Сельхозмуканың» бастығы болса, 1958 жылдан бастап «Казглавмуканы» басқарды. Ол кезде бұл шаруашылықты басқарып, жандандыру ауыр жұмыс болатын. Сондай-ақ 1963 жылдан 1967 жылға дейін Қорғалжын ауданының Баршын заготзерносының жұмысын жүргізіп, «Райбаздың» директоры болады.
Әкем әдебиет, тарихқа да бейім еді. Суырыпсалма ақындығы да болатын. Бір ауыз сөзімен не бір шумақ өлеңімен кімді болса да аузын жабатын. Өзі де ақын-жазушыларға жақын жүрді. Сәбит Мұқанов, Сафуан Шәймерденовпен араласып тұратын. Сәбит аға мен Мария апай Ақмолаға арнайы келіп, қонақ болып қайтатын. Сәбең екеуі көп әңгімелесуші еді. Осының әсері ме, зейнеткерлікке шыққан соң кітап жазамын дейтін. Ол арманына жете алмай, өмірден озды. Бейнетінің зейнетін көре алмады.
Қай салада еңбек етсе де, аудандық, облыстық кеңестердің депутаттығына сайланып, партия конференцияларына, сондай-ақ, 1949 жылы Қазақстан КП IV съезіне делегат болып қатысады. Өмірінің соңына дейін Райбазда директор болып, 1974 жылы зейнеткерлікке шығайын деп жүргенде кенеттен жүрек ауруынан қайтыс болды. Отанымыздың гүлденуіне үлес қосып, егемендікті армандағанымен, бірақ, оны көре алмай кетті. Әйтпесе, ел тағдырын өз мүддесінен жоғары қоятын адам еді.
Ендігі бір ауыз сөзіміз, яғни, өтінішіміз Ақмола облысының Қосшы ауылының басшыларына арналып отыр. «Қосшы» ұйымының құрылуына араласып, «Тайтөбе» колхозында басқарма болған әкем ауылдағы 10 жылдық мектептің дамуына, қалыптасуына да көп еңбек сіңірді. Жетім балаларға қамқор болып, мұғалімдерді оқытуға көп көңіл бөлген. Енді осы мектепке Көшербай Әмірәлиннің есімі берілсе екен деген арманымыз бар. Өзі де мәңгілік мекенін Тайтөбеден тапты. Асқар таудай әкеміз Көшербай Әміреұлының есімі ескерусіз қалып, ұрпақтарына ескерткіш белгі бұйырмауына қамығып отырған жайымыз бар.
Әке аруағы риза болса, ұрпақтары – біз де әке парызын орындадық дер едік.
Клара ӘМІРӘЛИНА,
еңбек ардагері.
Қорғалжын ауданы.