Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жуантөбе – Жылымды - АРҚА АЖАРЫ

Жуантөбе – Жылымды

туған жер туралы толғау

Бабам Бесім атақты ел адамы,
Жуантөбе төрінен жер алады.
Ырыстан кенде етпес деп зәу-затымды,
Сарыөзек, Жылымдының кең алабы.
Бұл шамамен он сегізінші ғасырдың аяқ шені болса керек. Қалмақтарды қуып, босаған жерге қалың Қарауылдың жаппай қоныстана бастаған тұсы. Бесім Сандықтау баурайын, Сарымсақты бойын жайлаған Жаулыбай Қарауылдың Есенкелді Майлысының тұңғышы Малай батырдың екінші ұлы.
Жалпы Майлыдан Малай, Қасқа, Қаратал деген үш ұл туады да, Малайдың кіндігінен Қасаболат, Бесім, Қарабатыр, Тасым атты төрт оғлан тарайды. Еті тірі Бесім ат жалын ерте тартып мініп, тез баийды да, соны өріс, тың қоныс іздеп, Жуантөбе баурайына көшіп келіп, Сарыөзек бойын жайлайды. Өзге ағайын-туыстары түгелге жуық сол Сарымсақты, Жабай өзендерін бойлап, жоғары өрлеп, Атбасарға дейінгі өңірде көшіп-қонып қала береді. Әрқайсысының атында Қасқа, Қаратал, Малай сияқты жерлер мен белдер, ауылдар бар. Қазіргі Сандықтау ауданына қарасты «Мәдениет» елді мекені бұрын Малай батыр ауылы атанған.
Жуантөбе өңірінің басты суы Сарыөзек (Сары – көне түрікше басты деген сөз) Айыртаудың тізбек-тізбек сілемдерінің бір биігі етегінен ұшар басына дейін қалың жыныс қарағайлы қалың орман басқан Баршын тауынан бастау алып, бұрала ағып, бұлаң қағып, жетпіс шақырымдай жердегі Жолдыбай көліне құяды. Сол өзеннің Сулықамыс, Жәңке сияқты жайылымдарының сағасындағы Бұзауөлең, Санжетер деген көз жасындай екі көлшігінің жағасындағы шоқ-шоқ ақ қайыңдардың саясында қоңсы-қолаңдарымен бірге Бесім балаларының ауылдары отырды. Бұрын бұл қалмақ батыры Санжетердің қонысы болған екен. Оның өзі әлгі көлдің жағасына жерленіп, басына биік мазар тұрғызылыпты. Құлаған моланың биік төмпесіндегі қызыл қыш-кірпіштер бертінге дейін көрініп жататын.
Бесім балалары дегенде, оның өз кіндігінен тараған Әлібек, Бердібек деген екі ұлы болыпты. Бердібек елін жауға, жерін жатқа бермейтін ержүрек батыр бопты деседі. Барымта-сырымтасы, атыс-шабысы көп сонау жаугершілік заманда әр қотанда бір батыр болуы заңды да сияқты ғой. Ал Әлібек ауыл-аймақ, ағайын-туыстың тілін тауып, ел ұстайтын, арғы-бергіні болжап біліп отыратын ақылман байыпты кісі екен. Одан Деріпсалы, Батыр, Күрдек және Кенжеболат атты төрт ұл туады.
Азан шақырып ат қойғанда есімін Батыр деп атауы тегін болмаса керек. Оның өзі тумысынан ірі, алып тұлғалы алапат күш иесі екен. Оның өзі тірісінде бұл әулетке ешкімнің тізесі батпаған. Жорықта Әлібектің Батыры бар деген тұсқа еш дұшпан батып келе алмаған. Оған енші бергенде бабамыз Сарыөзектің Сулықамыс иінінен бастап, Қарүйген шұбарына дейінгі Лекаман шағынан бастап Жалпақ-жамантомарға дейінгі алапты бөлген. Батырдың екі ұлының бірі Тәттімбеттің інісі Жәпек аю алған деген сөз бар. Бұрын Басқарағай орманында аю болса керек. Жаз ел жайлауға көшкенде олар қабірді қопарып, мәйітті жеп қоймас үшін жұртқа әдейі ержүрек жігіттердің біреуін тастап кетеді екен. Бір жылы сондай күзетте Жәпек пен немере інісі Ержан қалыпты.
Бір күні Жамантомар мен Басқарағайдың арасындағы қыстауда шөп шауып жүрген Жәпекке ойламаған жерде орманнан шыға келген бір аю бас салады. Батыр баласы да қорықпай, үрікпей ұстаса кетеді. Аю ақырып төңіректі жаңғырықтырады. Сол дауысқа жүгіріп келген Ержанды көрген мылқау мақұлық бұрылып қарай бергенде, Жәпек жалма-жан қонышынан сапысын суырып алып, қолтық тұстан сарт еткізіп сұғып жібереді. Алдыңғы екі аяғынан қапсыра құшақтап тұрған жыртқыш ақырып-бақырып сылқ ете түседі. Сол жер күні бүгін де «Аю алған» аталады.
Інісі Күрдекке Жанатайдан бастап, Жалтыркөлге дейінгі Жылымды көлінің айналасындағы алқап тиген. Ұлдың кенжесі ретінде қарашаңырақ иесі саналған Кенжеболат Бесім бабаның атақонысында қалып, Сарыөзектің терістік-батысындағы Есіркеп жазығы мен Сықырлауық қайыңдарына дейін көсіліп жатқан Киікбай даласын ен жайлайды. Ағасымен үзеңгілес жүріп, жауға бірге шапқан Кенжеболаттың батырлығынан гөрі жетім-жесір, жарлы-жаңбайларға көп қарасқан атымтай жомарттығы үшін мырза атағы кең тараған.
Ал, Әлібектің тұңғышы Деріпсалы жанды-жақты әрі малды болғандықтан атақоныс аумағына
симай Жуантөбенің бірсілемі Айыршоқының шығыс беткейіндегі Балакөлдің ық жағын мекендеп, қос қапталы қалың қарағай Баубек өзенін бойлап, өрісін Әупілдек көлінің жағасына төніп тұрған тағы бір Жуантөбе деген тауға дейін ұзартады.
Бір ғажабы, арасы алашабыр шоқ-қоқ тобылғылы мұбармен жалғасып жиырма шақырымға созылып жатқан, алыстан қарағанда басын жерге салған алып сусиырға ұқсайтын осы екі тау бір-бірінен аумайды. Екеуінің де жанында мама биеге қосақталған құлынындай екі дөңгелек төбе бар. Биіктігі төрт жүз метрдей, айнала шеңбері бес шақырым піл сауырлы жалпақ жоталар, етек жақтары қарағай, қайыңы аралас қалың ағаш. Осы атырапты мекен еткен елді жұрт Жуантөбедегі Жаулыбай атап кеткен.
Әлбетте, олар бір Бесім балалары ғана емес. Бесімдермен бір мезгілде бұл өңірге Майлы Қасқаның, Жәсібек тармағы көшіп келіп, Майлықонған адырынан Елшібай даласын жанай отырып Қосқарағай орманының түстік баурайынан Айдарлы төбесіне дейін көсілген кең алқапқа ірге тепкен. Одан сәл кейін Бесімнің інісі Тасымның кенжесі Қойман арқа тұтып ағасына кеп паналайды. Бабамыз оған да енші бөліп, өз алдына ауыл ғып шығарып, Бесқарағай мен Жуанқарағай орманына дейінгі жерді береді. Ел аузындағы аңызға қарағанда, Тасым атаның тоғыз ұлы болған деседі. Тоғызы да шетінен сен тұр, мен атайын деген тентек болса керек. Көрші ағайындарға қияғы мен тұяғы тие берген соң сол тұстағы содырлыққа қарсы заң бойынша ел жақсылары жиналып билер сотының шешімімен Тасым балаларын түгел елден қуады. Сонда кенже ұл Жәмеңке (Қойманның әкесі) елін қимай ағаларымен бірге қашпай дәу қазанның астына жасырынып, аман қалады да әкесінің ағасына кеп жан сақтайды. Қалың Жаулыбайдың арасындағы тасымдар соның Қойманынан тарағандар.
Жалпы, тұрымтай тұсына тарап жан-жақта жүрген тасымдар сол баяғы біздің бауырлар болуы әбден мүмкін. Олар Ертіс бойында, Ерейментау баурайында, Қараой жақта, Омбы өңірінде де бар көрінеді. Біздегі тасымдардың бір атасы – Бақайты да шілдей шашырап кеткен сол бауырларымыздың бір бұтағы болуы ықтимал. Ертеде аталарымыз Қызылжар жақта орыстардың малын бағып бір қазақ баласы жүр, бәлкім тентіреп кеткен Тасым атамыздың ұрпағы шығар деп жолға жиналады. Айтқан жерге жетіп, орыс мұжығына сұрағанын беріп, жеткіншекті алып қайтады. Қазақтың кепе-кепе көжесі мен табақ-табақ етінен мезі болып, қысқа әрең шыдап шыққан бозбала көктем туып, егін егіп, көкөніс отырғызатын кезді аңсайды. Күткен көктем де келеді. Бірақ, селт етер қазақ жоқ. Сәске түске дейінгісі – ұйқы. Сонда қырға шығып, дегдіген жерді, түрен тілеп бусанып жатқан топырақты көріп балаң жігіт «Пахать, пахать пора!» деп айғайлайды екен. Кәдімгі «оян, қазақ» ұранының алғашқы ұшқыны сияқты. Бірақ, оны естір құлақ қайда. Қайта бозбаланы келеке етіп, жеңгелері «Бақайты» атап кетіпті. Сол Бақайты тасымның белді бір атасы болды. Одан Есіл бойындағы Қара батыр әулетінің бір бұтағы Жансейіт балалары көшіп келіп, тасым тұқымын толықтырды.
Бертін Сарымсақты жақтағы Майлы қасқалардан «Үш сары» атанған үш жігіт келіп, Күрдек бай ауылына жапсарлас қонып, Майлықонған мен Жалғыз қарағайдың арасын жайлап, өрісін Ақсор мен Баскөлге, Айыршоқыға дейін созды. Содан бастап Майлықонған адыры «Қасқа қорасы» атанған. Бұларды «Атанның алтауынан» тарағандар дейді. Қасқаның бір тұяғы – Атан батыр барын да, малын да ортаға салып, дәулет ірікпеген нар кісі болса керек. Түстік ғұмыры үшін кештік мал жинамаған ұрпағы да бертін кедейленіп, кейбірі құтты қоныс, жайлы өріс іздеп Жуантөбедегі бауырларына келген.
Бертін бұл бауырларға келіп Қошқарбайдағы Жаулыбайлардың құты – атақты Алабас бүркіттің иесі Дүйсен бидің кенжесі Дүңкелді балалары қосылып, Аққозыдан Терең шұңқырға дейін Сарыөзектің оң жағасын мекендейді. Диаметрі бір шақырымдай, тереңдігі қырық метрдей, түбінде ботаның көзіндей мөлдіреген күміс көлшік бар дөп-дөңгелек осы шұңқыр геолог ғалымдардың зерттеуін күтіп жатқан іспетті. Аумаған Семей полигонындағы Атом көлі сияқты. Баяғыда бір метеорит түсіп, содан пайда болмаса, қолдан қазып ондай аңғарлы ор жасау мүмкін емес.
Сол шұңқырдың Жолдыбай жақ жағасында Өтеген ауылы отырған. Оларды Молда балалары деп атайды. Патша ұлықтары тартып алып, Арықбалық пен Саумалыкөлге апаратын керуен жолдары түйіскен жолайрықтан келімсектер мекенін салғанша Молда балалары Балакөлдің терістік жағасын жайлаған. Көлді көп жұрт Молда көлі деп атайтыны да содан болар. Орыс орнатқан мекен алғаш Линеевка деп те атанса керек. Кейін ол Еленовка деп құжатталған. Кеңес дәуіріне дейін орыс елді мекендерінің атауы бір тұрақтамай жылма-жыл өзгеріп отырған.
Айыршоқының сыртындағы құйқалы қара топырақты өңірге Бекет шоқысына дейін ұласып жатқан шұбардың барқынына егін егіп, Балакөл мен Құмкөлдің арасындағы кең жазықты еркін жайлап мал өмірген жартылай мұжық тектес қазақ орыстар аз жылда күрси байып, құдайын танымастай жағдайға жетіп, қазақтарға шекесінен қарай бастайды. Күзгі сабантойлары апта не, айға созылады. Сондай есірік жиындарда самагонға қай қожайын сылқита суарса, селоның атын соның есімімен атайды. Сондай желді жиындардың бірінде оң жақта отырып қалған байшігеш Елена деген кәрі қыз жұрттың бәрін араққа жығып, селоны өз атымен ататып, қағазға түсіріпті.
Арық-балық пен Саумал көлге баратын пошта жолының айырығындағы Линеевка аталатын орыс селосы содан бастап Еленовка есімін алыпты. Дәл ортадан шіркеу салынып, жанынан приход мектебі ашылады. Бірақ, оның табалдырығын казак-орыс балаларынан басқа бір пенде аттамаған. Сабақ шіркеу күмбезіне орнатылған дағарадай жез қоңыраудың даңғырымен басталып, аяқталып тұрған. Бұл жаққа қазақтың бала тұрсын, ағасы, ата-анасы да қадам баса алмаған. Мұжықтар жазда малын бақтырған қазақтардың өзін қыста ауылдарына қайтарып, қоңсы да қондырмайды екен.
Жан баласын жат көрмейтін қазақтың құлағына қанша бауырмал болғанымен қала сөзі суық естіледі. Сондықтан да, олар қала деп Еленовкаға үрке қарап, үйіріле қоймайды. Оның да өз ауылындай елді мекен екенін, тіл табысса орыстардың да туғанындай болып кететінін бертін білді. Сонда да қала десе состия қалатын ғадет қазақтан көпке дейін қалған жоқ. Соның сарыны бала күнімде үздік-создық үзінділері жадымда жатталып қалған мына бір өлеңде де байқалатын сияқты.
Біз барамыз бір арба,
Арам шөптер жұларға.
Хақымыз бар бір тоқты,
Сірне жасап соярға.

Басшымыз Әкпар, Жәнібек!
Көп сұраудың жөні жоқ.
Қасым, Қошқар, Зағипа,
Көмектесер Жүсіпбек.

Көк жусаны қолды осқан,
Майлықонған даласы.
Көрініп тұр ар жақтан,
Еленовка қаласы.

Жөнелтіп ек сол тұстан,
Боздақтарын ауылдың.
Көрінсе ғой соғыстан,
Елге оралған бауырың.

Көріне ме қарасы,
Кәне, көз сап қарашы!
Әкелерін күтіп жүр,
Ауылдың бар баласы.

Ерсіз елдің сәні жоқ,
Қалғанының мәні жоқ.
Қасқыр тартқан қой берді-ау,
Басы менен саны жоқ.
Мұны менің әкемнің майданда опат болған құрдасы Бикен Бектасовтың жалғыз тұяғы Өтегеннің анасы Дыбыс Жетпісбайқызы шығарыпты деседі. Осы өлеңді бір арба боп егіннің арам шөбін отауға баратын қыз-келіншектер ауылдың шетіне шыға сап егіс басына дейін шырқаушы еді.
Ара-тұра ауылға соққанда сол жолмен жүре қалсам, оның сазды әуені құлағымда қайта жаңғырып, жанымды жылы мұңға бөлейді.
Сондағы Еленовка бертін Бұлақ атты МТС-тің, одан сол аттас кеңшардың, аз күн тіпті ауданның да орталығы болып, ақар-шақар кентке айналды. Отызыншы жылдардың ортасына дейін түбі қасқа Бақақтың Шонасы мен қаратума Баймұраттың Қайыржанынан басқа бір қазақ болмаған мекен МТС ашылуына орай сәберлі, бірі механик, бірі шопыр Тасым, Қасым, директор Қомпай Тәкібаев, оның саяси орынбасары Амантай Шаңқұлов сияқты қазақ азаматтарымен толыға түсті. Гараж, пошта, сельпо тәрізді мекемелерде істейтін қадау-қадау жігіттермен жергілікті ұлт өкілдерінің басы құрала бастады.
Мектеп болған шіркеу үйінің алдынан бөренеден бұрап, екі қабатты МТС кеңсесі салынды. Көсемінен басқа құдай болмасқа тиіс кеңес өкіметінің сая-
сатына сәйкес жаңа мекеменің басшыларына бұрындары күмбезі құлатылғанда ғибадат залының төргі бұрышына түсірілген шіркеу қоңырауы көзге шыққан сүйелдей көрінді. Ара-тұра клуб, қызыл бұрыш ретінде пайдаланылатын ол жерде қоңырау тұрмауы керек. Оны шығарып күресінге тастау ләзім. Салмағы жиырма путтай мыс құйманы көптеп-көмектеп сыртқа шығару қиын емес қой. Алайда, орталыққа жиналып қалған жігіттер оны күш сынар ойынға айналдырғысы кеп, «балуан жігіттердің біреуі көтеріп көрсін» деген ұсыныс енгізді. Жұрт бірден қолдап ду ете қалды.
Арнайы келген ауатком төрағасы Николай Овчинников қасында қатар отырған Айдос балуанға қарап: «А у нас есть же непобедимый борец. Ну, Айдос давай попробуй!» деп арқасынан қаға бергенде ол қағып жіберіп бастықтың қолын сылқ еткізді. Былтырғы төңкеріс тойында Көкшетаудағы базар алаңында күресіп, еңгезердей қарсыласын иықтап бір жұлқып етпесінен түсіріп, бұрыла беріп, бөкседен ап айналдыра соққанда солқ еткізіп жауырынын жерге тигізген балуанның мына мінезіне ол аң-таң болды. Айдостың жауырынына қол тигізгенді ұнатпайтынын қайдан білсін ол бейбақ.
–Кешір, бұл қола күңгірлегіңді бір көтерсе Қабды ғана көтереді. Менен ол әлдеқайда қарулы. Оған күшпен теңесер бұл дуанда ешкім жоқ. Ал мен аруақ көтеріп, айламен ғана аламын,–деп Айдос ағынан ақтарылады.
–Асыра сілтеп, артық мақтап жібердің-ау, Айдос,–деп Қабды қысылып қалды.
–Жоқ, имандай шыным осы,–деді Айдос. –Менен күшің әлдеқайда басым, әлеуетің әлдеқайда артық екенін несіне жасырамын. Ал, аруаққа сиынып, көрсет осы жолы кім екеніңді.
Қабды сәберлі Ордабайдың баласы осы МТС-те аймақтық агроном. Еңсегей бойлы, ер тұлғалы, сымбатты, сұлу жігіт. Айдоспен түйедей құрдас. Ту асауды құлақтан шап беріп тұқыртқанда тоңқалаң асырады. Бар қуаты бұлшық еті ойнаған білегінде сияқты, қолы аса қарулы. Құрдасымен сан мәрте белдескен. Қаңқ көбелек көтеріп алуын алады-ақ, бірақ дүңк еткізіп тастай алмайды. Айдостың не сиқыры барын кім білсін, ойда жоқта түсіріп кетеді. Бертін күресуді қойды, жанаяспас дос. Достың сөзі қамшы болып, орнынан көтеріліп ол баяу басып, дағарадай қола қоңыраудың қасына барады. Алдын ала әзірленген сына ағашпен көтеріп, қол сиятын саңылау жасады да, бойын бір тіктеп алып қайта еңкейді де бір қолын сына ашқан саңлауға тығып, екінші қолымен мылқау темірді қапсыра құшақтап «о, аруақ» деп кеудесіне көтеріп, төсін төсеп есікке қарай аттады. Он метр шайқалмай адымдап келіп зілдей қоңырауды табалдырыққа әкеп түсірді де, «ендігісін өздерің жайғаңдар» деп, маңдайына шып-шып шыққан терін сүртті. Жиналғандар ду қол шапалақтап:
–Жаса Қабды!
–Жарайсың жігітім!
–Молодец! Так держать Ордабаевич! – деп шулай жөнелді.
Қабды балуанның күш атасы екені жиһангерлік соғыс кезіндегі ұрыстарда бар қырынан көрінді. Бейқам жатқан бейбіт елге қанқұйлы жау тұқиылдан тап бергенде ауаткомның бронін қалқалап ол да елде тыныш жүре алмады. Өзі тіленіп майданға аттанған ол пулеметшілер ротасын басқарды. Ат әрең сүйрейтін «Максим» пулеметін қолда ойнатып талай дұшпанды жер жастандырып батырлық пен батылдықтың үздік үлгісін көрсетті. Кезінде ол туралы аға газетіміз «Социалистік Қазақстан» «Қазақ батыры» деген тәп-тәуір суреттеме де берді. Майданда ауыр жараланып, бір қолы істен шығып елге оралған соң «Қарлыкөл» ауыл шаруашылығы артелін басқарып, тың еңбеккерлерін жеңісті жақындатар ерлік еңбекке жұмылдырды. Сонда ол шаруашылықтағы жалғыз комбайн тоқтап қалса моторын бір қолымен-ақ көтеріп жерге түсіріп жөндеседі екен.
О кісіні мен алғаш елуінші жылдардың орта шенінде көрдім. Шынында да атан түйедей алып адам еді. қасында отырғандар оның иығынан ғана келетін. Сапарлы қоңыр мұртты бетінің толықтығын білдірмей өңін ашып тұратын. Алпысты алқымдап қалса да әжімсіз жүзі тым шырайлы көрінетін аса сұлу кісі болатын. Үлкен ұлы Сейітқалимен бір институтта оқыған дос едік. Сол айтатын: «Бопағым бір центрлік қапты бір қолымен-ақ көтеріп, арбаға сала береді» деп. Бірде дәу қошқарды құрдасы құда жігіт Нұрмаш екеуі ұстап алып шарбаққа кіргізе алмай тұрса, үйден шыққан Бопағаң көріп қап, сыңар қолын оның бауырына салып жіберіп көтеріп ап, шарбаққа тастай салады. «Батырдың күші қайтпайды, ақынның тілі қартаймайды» деген осы да.
Ал, елуінші жылдардың басында ұжымдық шаруашылықтар біріктірілгенде іріленген колхоздың орталығы болған Еленовкаға айғай салса, дауыс жететін жердегі «Жаңауыл» жартылай «Қарағай» түгел дерлік көшіп келіп, ол орысынан қазағы көп кенттердің қатарына қосылды.
Елуінші жылдардың ортасына жетер-жетпес кезде машина-трактор стансалары таратылып, оның арнасында кеңшарлар құрылғанда Бұлақ МТС-нің ауқымында шаңырақ көтерген кеңшар тағы да «Бұлақ» аталды. Бұл бір кезде қарауында ол сегіз елді мекен болған Бұлақ ауылдық кеңесінің атауы. Ол жылдары Еленовка да соған қараған. Ал, кеңес орталығы Уәлиханның інісі Шыңғыстан тарайтын Елікті төрелерінің ұйысқан жері – Шоңай ауылы болатын. Оның алғашқы төрағасы Жолдыбай тауының баурайындағы, Жолдыбай көлінің жағасындағы Бұлақ ауылының тумасы Нұрғали Хасенов. Ауылдық кеңестің осылай аталуына сол кісінің ықпалы болғаны өз-өзінен түсінікті ғой. Ол ауыл қазір де бар. Бірақ, басқа ауылдық аймаққа қарайды.
Бір қызығы, осы отыз үйлі аядай ауылдан Айдос Нұрғали ғана емес, соғысқа дейін Қарағанды обкомының бөлім бастығы Дәрәп Құлатаев, Солтүстік Қазақстан облсотының мүшесі Әлкеш Қарымсақов сияқты айтулы азаматтар шыққан.
Осы атау әуелі МТС-қа, сосын совхозға ауысып, Еленовканы жұрттың көбі әлі де «Бұлақ» совхозы атап жүр. Оны бір ізге түсіріп, не көлдің, не жердің атымен атайық деп жан ұрып жүрген бір пенде болсайшы. Жалпы Көкше өңірінде қаптап кеткен Алексеевка, Антоновка, Ефремовка, Лавровка, Лосевка, Комаровка, Серафимовкалардың атауы қаймағы бұзылмай әлі тұр. Әкім-қаралар оларды өзгертсе, аруаққа шекиетті болатындай, не үндеместердің тұзағына түсіп қалатындай күні бүгінге дейін өлердей қорқатын сияқты. Әйтпесе тұрғын халқына сай тұрған мекеннің атын қалыптауға болады ғой. Қазір әлгі аталған селолардың кейбіреуінде орыс ағайындар атымен жоқ.
Бір кезде Балакөлдің шығысындағы тақия тасты төбелердегі бұлақтан бастау алып Бәйтен жылғасына барып қосылатын Баубек сайының қос қапталы сыңсыған қарағай болыпты. Соның түстігінде бір желі қайыңды шұбардың екі арасында Дөкең ауылы отырған. Жиырмасыншы жылдардың аяғына таман осы ауылдың аясында «Қарағай» атты ұжымшар ұйымдастырылып, оған екі Жуантөбенің арасын жайлаған Жаулыбай ұрандастар жиналған. Болком төрағасы Жәсібек Мешелдің жаналысының басшылығымен Баубек сайы Бәйтенге жетпей бөгеліп, табаны тереңдетіліп қазан шұңқырдан айдын көл пайда болып, оны жұрт Кәтлабан атап кетті. Су қоймасының жағасына қарағайлы орманды саялай қонған ел ұжымдық шаруаға үйреніп еңсесін енді көтеріп келе жатқанда отызыншы жылдардың қолдан жасалған аштығы басталып, мал-мүлкінен айырылып шетінен шетіней бастаған жұрт тым-тырақай тарап, бұрынғы ата қоныстарына барып жан сақтады. Әуелі құрылысқа деп оталып, кейін өрт жалмап қарағайлар құрып кетті де, өз орнында қалған Дөкең ауылы жәдік бауырларымен бірлесіп «Қарағай» атын сақтап ауыл шаруашылығы артелін құрып алды. Ашаршылық алапатынан да, зілмауыр соғыс ауыртпалығынан да аман шыққан шағын шаруашылық ұжымшарлар ірілендірілген тұста тұтастай төрт шақырым жердегі колхоз орталығы Еленовкаға көшіп келді. Жергілікті ұлт өкілдерінің басым болуына орай елді мекен атын өзгертуге тура келсе, Қарағай атауы сұранып тұрған жоқ па! Әгәрәки осы төңіректе Қарағай атты тағы бір елді мекен бар деп сыртауратса, Балакөл тұр. Рас, алпысыншы жылдары Қостанай-Көкшетау темір жол желісі тартылғанда оның Елшібай даласындағы Соқырқұдық қайнары тұсындағы бекетіне жер жанашырларының бірі Қарағай атын бергізіпті. Бірі кент, бірі бекет қой оның несі әбес деп, бел байласа, бәрін де жасауға болады. Әттең, соған білек сыбанып, белсене шығар жан табылмай тұр-ау. Тақа бұл нұсқа ұнамаса, ауылдың атын неге Жаулыбай деп қоймасқа… деген ой келеді маған. Үлкен атаның балалары Бәйдібек бабаларының атымен үлкен бір ауданды да атап отырған жоқ па?! Ата атынан арланар жеріміз де, жөніміз де жоқ. Түптеп тартып көрсең Қарауылдың Мәшегінен Ақкісі, Бөлекей, Қарт туады екен. Ақкісіден сегіз ата Қарауыл: Есенбай, Қараша, Ананай, Қоңырша, Атқы, Жауар, Мөнтік, Сары тарайды. Бөлекейден – Тоқтауыл, Бектауыл, Құлымбет, Түнқатар. Ал, Қарттан – Жаулыбай, Шоқтыбай, Жолдыбай туады. Бағзы кезде Жолдыбай ұрпақтары қоныс қылған тау мен көл сол атаның атымен аталып кеткен.
Ал, Жаулыбайдың не жазығы бар. Оның бүгінгі Зеренді, Сандықтау аудандарын ен жайлап кең жайлаған ұрпақтарының өзі жиырмаға жуық елді мекен. Тіпті бір шеті Есілді жоғары бойлай қонып, Атбасарға да жетеді. Шашыранды жаулыбайлар Ертіс бойында, Омбы түбінде де бар. Жуантөбе, Қошқарбай баурайындағы жаулыбайлардың өзі бақандай он ауыл. Солардың тал өкпеде тұрған орталығы Балакөл жағасындағы Еленовка елді мекені, бұрынғы Бұлақ МТС-і, бертінгі Бұлақ кеңшары. Қазір оны Еленовка ауылы атайды екен. Еленаға неше жерден басына тұмақ, аяғына саптама етік кигізіп, иығына күпі жапқанмен қазақ болмайтыны, қазақ ұғымына симайтыны бесенеден белгілі. Оны ауыл дегіміз келсе Жаулыбай атын берейік. Оған Қарағай қуанбаса ренжи қоймас.
Қазір Қарағайдың орманы да, ауылы да жоқ. Орнында жетім баладай жаудырап қолдан жасалған Кәтлабан көлі жатыр. Кезінде оны айнала қонған аумағы атшаптырым ауыл болған деп ешкім де ойламайды. Сол сияқты Ақшабайдың, Қарлыкөлі, Шабан төренің Шоңайы, Атығайдың Ақшасоры, Балқадишаның Қараөткелі де құрып кеткен. Ақтоқты келін боп түскен Қызылағашта алты-ақ үй, Жазы биге қоныс болған Биіктесінде бес-ақ үй қалған. Ақан серінің екінші жерге көшіп Ақшарбақ нуының қойнына қоныс тепкен Кеңащысының да жағдайы мәз емес. Ұлы сазгер серіге орнатылған кешенді ескерткіш иесіз қалуға жақын. Мектебі жабылудың аз-ақ алдында тұр. Баратай, Қошқарбай ауылдарының тұрғындары мектептерін сақтап қалу үшін сәбилер үйінен бала асырап алып амалдап отыр.
Бес-алты кемпір-шал қалған елді мекенде мектеп қайдан болсын. Осылай ауылдар ауып, мектептер жаппай жабыла берсе, кешегі кеңес заманындағы жыларман халдің өзіне зар болып қалатын түріміз бар. Әйтеуір адым аттаған сайын көз сүрінер келеңсіздік, қадам басқан сайын кесе-көлденең тұрған қиыншылық. Сол келеңсіздіктерді жойып, қиындықтарды жеңу үшін халқыма қуат берсін жаратқан!
«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген халқымыз. Қырық-елу жылда ел де, жер де жаңарып, жаңғырып отыру керек, ол болмай миқы тірлік жүзге тартса, дүние қазандай төңкеріліп қалады дегені шығар.
Одан Алла сақтасын! Рас, ауылдың жағдайы әзірге мәз емес. Сонау ашаршылық жылдары «Қарағай» ұжымшары тарап, бас құраған шағын ауылдар өз атақонысына қайтып оралып, іргелес ағайындары бас құрап, Әлібек, Дүңкелді, Қасқа һәм Тасым балалары Жылымды ауыл шаруашылығы артелі болып Есжан ауылына кеп ірге тепкен.
Есжан Әлібектің кенжесі – Кенжеболаттың жалғыз ұлы. Оның үш әйелінен Әбділман, Бірімжан, Рақыш, Жақып, Ақып, Сапихан, Мұқыш және Қайырбек атты сегіз ұл туған. Әбділманнан Шәми, Төкежан деген екі ұл. Шәмиден Нұрғали, Пазыл, Жүсіпбек және менің әкем Ақтай. Оны өз кіндігінен бала болмай, ортаншы атасы Ақып асырап алған да, ол өмір-бақи Ақыпов болып кетті.
Ауылды артельге ұйымдастырушылардың бірі сол. Есжанмен еншілес Байарыстан деген бір атамыз болыпты. Бір жорықта жұртта жалғыз қалып қойған жас бала Байарыстанды Кенжеболат бабамыз ауылға алып кеп Есжаныма серік болсын деп бауырына салыпты. Одан Смайыл, Салық, Сасық, Бабакелді, Қасен туады. Өрісі де, қонысы да бір болып Есжан балаларымен енші бөліспей өтті. Жәңке мен Жамантомардың Ұстақарағай мен Қарағаштың арасындағы кең жазыққа әрең сиып отырса керек.
Көптің азаюы, аздың көбеюі қиын ба?! Сол Есжан мен Байарыстаннан Жылымдыда қазір алты-ақ түндік қалған. Осы ғасырдың басында түндік саны жүз жиырмаға жетіп «Бұлақ» кеңшарының товарлы-сүт фермасы механикаландырылған қырманы, кітапхана-клубы, екі бірдей дүкені, дәрігерлік нүстесі бар, үш мың гектар жерге егін егетін білдей бір бөлімшесі боп күрсіп тұрған ауылда жоғарыда аталғандардың бүгінде бірі де жоқ. Көп үйлер селдіреп, көшелер қаңырап қалған. Қазір небәрі қырық-ақ үй қалды деседі. Оларды да ұстап тұрған бұрнағы жылы жаңадан салынған орта мектеп қана. Ауылда шаруа қожалығын құрып, жақын-жуықтарына жұмыс тауып беріп жатқан бірде-бір пенде жоқ. Біреудің жүз жылқысы бар дейді, бірақ, оның да оларды сауып қымызын, сойып етін пұл ғып жатқанын естімедім.
Бір кезде бұл ауылда бие ұстап, қымыз жасау бәсеке сияқты еді. Әр үйдің қорасынан төрт-бес жылқы шығатын. Қазір қымыз екі-ақ үйден табылатын көрінеді. Бір заманда күре жолдың бойында қымызхана ұстаған ауыл деп бұны кім айтар?! Бұған кінәлі кім? Заман ба, қоғам ба? Заман да емес, қоғам да емес, адамның өзі болар, сірә. Біз бастан кешкен қиындықтарды бұлар көрмесінші деп кейінгі ұрпақты тым нәуетек қып өсірген сияқтымыз. Келіннің тікбақай, қыздың шошақай, ұлдың шалапай болуы, әлбетте содан.
Бірақ «қырық жыл байлық, қырық жыл жарлылық жоқ» дейді ғой дана халқымыз. Ауыл – ел бесігі, еңсесін тіктеп оны қалайда көтеру керек деп отыр ғой. Ал, қаймана қазақ үшін ауылдың орны тіптен бөлек. Ауыл оның сағынса жыры, сарғайса мұңы, талпынса нұры, табынса пірі. Жастық желікпен жеңіл өмір іздеп шет жайлап жүргендердің көбі түптің түбінде атамекеніне оралып, ауылын қайта көркейтуге кірісері күмәнсіз. Тек сол үрдісті тездетуге қол ұшын беру керек.

Сарбас АҚТАЕВ,
жазушы-журналист .
Алматы.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар