Өз заманының ірі тұлғасы Еркін Нұржанұлы Әуелбеков кезінде Кеңестер Одағы мен тәуелсіз Қазақстанның Конституцияларында жазылған адамзат мұратының басты қиғадалары үшін көп еңбек сіңірген әйгілі ел перзенті. Жуырда облыс орталығының Сәтпаев көшесіндегі Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарып жүрген кезінде асыл аға тұрған үйдің қабырғасындағы бұрынғы ескерткіш тақта қайта жаңартылып, орнына жаңа мемориалдық тақта қойылды.
Еркін Әуелбеков! Өмірі – тарих, өмірі – шежіре осынау ұлы тұлға жайлы қаншама кітаптар жазылып, ән де шығарылғанымен, адамзат санасында мәңгілікке сақталатындай лайықты бағасын алды ма? Өскелең ұрпаққа ауыр салмақ саларлық осы міндетті тез шешу үшін не істеуіміз керек? Міне, бүгінгі таңда көкшетаулық зиялы қауым мен ардагерлерді көкейтесті осы мәселе қатты толғандырып отыр.
Өзінің алпыс тоғыз жылдық өлшемді ғұмырында Еркін Әуелбеков Көкшетау, Торғай, Қызылорда облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің бірнеше мәрте депутаты болып сайланғанда артында өшпестей із қалдырды. Ерекеңнің қайсарлығы, өжеттігі, ұлтжандылығы жайлы ел арасында айтылып жүрген аңыз әңгімелерге қарағанда, кемеңгер тұлғаның туған халқына деген шексіз сүйіспеншілігін айқын сезінгендей боламыз. Өйткені, үлкен жүректі мұндай адам өмірде бір-ақ рет туады.
Келесі жылы 22 маусымда Еркін Нұржанұлының туғанына 90 жыл толады. Осы айтулы датаға ішінара дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, Көкшетауда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткеріне ескерткіш орнатыла ма деген сауалдар жиі айтылып жүр. Өйткені, қызылордалық бауырлар орта мектепке атын беріп, бюстін орнатқалы қашан. Деуін десек те, жерлестеріміз қол қусырып отырған жоқ. Сенбі, 24 тамызда Қаныш Сәтпаев көшесі, 15 үйдің қабырғасындағы мемориалдық тақтаны жаңартуға арналған шара өткізілді. Кезінде Ерекеңнің ағалық қамқорлығын көп көрген әріптес шәкірттері Айдар Мурзин, Владимир Татарский Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиевтің қолдауымен жаңа тақтаны Қазақстанға танымал сәулетші Юрий Поповтың шеберханасында жасатты. Мемориалдық бұл тақта каолин комбинатының отқа төзімді балшығын 1000 градус температурада қыздыру арқылы құйылыпты.
Аталған оқиғаға арналған митингіні облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Амангелді Ақынов ашып, кемеңгер тұлғаның ғибратты өмірі жайлы әңгімелеп берді. Бұдан кейін Еркін Нұржанұлы Көкшетау облысын басқарған кезде әр салада лауазымды қызмет атқарған әріптестері: совхоз директорлары
М.Қиықов, В.Корябкин, СОКП XXIV съезінің делегаты, құрылысшы Т.Савенко, полковник Б.Балташев, партия және совет органдарының ардагерлері А.Мурзин, Г.Глухов, В.Соломина, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Б.Қошқарбаева, қарындасы Күләш Нұржанқызы, спорт ардагері М.Мұқатаев сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті. Айтылған пікірлерді бір ауыз сөзбен түйіндесек, Еркін Нұржанұлы қызмет барысында қаншалықты қатаң болғанымен, әділдіктің, адалдықтың ала жібін аттамаған.
Жиын аяқталғанымен, зиялы қауым біразға дейін тарамай, ел ардақтысының заманның қысылтаяң кезінде қойылған бұрынғы жұпыны тақтасын алмастырған жаңа мемориалдық тақтасы жанында фотоға түсіп, өздерін толғандырып жүрген тың ойларымен бөлісті. Ол ойдың бірегейі – Социалистік Еңбек Ері, ел ардақтысы Еркін ағаның Көкшетауда ескерткіші қойылса. Кемеңгер тұлғаға деген көкшетаулықтардың осынау шексіз сүйіспеншілігі бәлкім, Ерекеңнің екінші ғұмырының бастау алғаның анғартса керек.
Балталы Сәрсенбаев,
Қазақстанның мәдениет қайраткері.