Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Халқына қадірі мол Мәдениет ауылы - АРҚА АЖАРЫ

Халқына қадірі мол Мәдениет ауылы

Биылғы жылдың 24 тамызында Сандықтау жері осы өңірдегі ежелгі қазақ елді мекені – Мәдениет ауылының тоқсан жылдық торқалы тойын атап өтті.

Осы мерекеге байланысты ауылдың 200-ден астам тұрғыны алыс және жақын шет елдерден өздерінің кіші Отанына жиналды.

Бұған ауылдың өз тұрғындары мен бір шеті Нұр-Сұлтан қаласы, облысымыздың өз ішінде тұрып жатқан адамдарын қосыңыз. Сонда қаншама жүректі осы бір ыстық мекен өзіне жақын тарта түскенін жазбай аңғарасыз. Той қонақтары – әртүрлі мамандықтарды меңгерген, ұрпақтар сабақтастығымен осы ауылдың топырағына аунап, көліне шомылып өскен әр жастағы абзал жандар. Оларды күні бүгінге дейін туған жеріне деген ыстық сүйіспеншілік біріктіріп келеді. Жер-жерден туған ауылында бас түйістіріп, оның тоқсан жылдық сырына қанығу, жерлестермен жүздесіп, үлкен тойдың бел ортасында болу әрине, әр мәдениеттік ұланның кеудесіне шексіз қуаныш сезімін сыйлағаны анық.
Осылай толғануға тура келетін айтулы мереке Ұлы Отан соғысының боздақтары мен ардагерлеріне және тыл еңбеккерлеріне орнатылған ескерткіш іргесіндегі митингіден басталды. Оған себет-себет гүл шоқтары қойылды. Бұл сонау бір қиын-қыстау, сұрапыл жылдары қан майданда от кешкен аға ұрпақ өкілдері мен тылда Ұлы Жеңісті жақындатқан абзал аналар мен аталарға, бұғанасы қатпаған балаларға деген бүгінгі ұрпақтың өлшеусіз тағзымы, зор қошемет-құрметі еді.
Бұдан әрі қалың көпшіліктің қатысуымен жасыл жамылғысы бар спорт алаңының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Бұл да айтулы мереке қарсаңында спортты жандары сүйетін ауыл жастарына өзіндік бір толайым тарту десек, артық емес.
Осынау бір тоқсан жылдық торқалы тойдың екінші бір атауы – Жерлестер форумы. Ол жағы да түсінікті. Түбі осы Мәдениеттен тараған бір қауым ел қайда жүрсе де өздерін жерлестерміз деп жүреді. «Туған ел – алтын бесігім» деген айшықты атпен өткен осы форум жұмысына қатысушылар алдында Сандықтау ауданының әкімі Асқарбек Үйсімбаев құттықтау сөз сөйледі. Өңір басшысының сөзінде мәдениеттіктердің ауданның, одан тысқары облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып келе жатқан үлестері кеңінен қамтылды. Бұл шараның бүкіл ел болып Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы іске асырылып жатқан айтулы кезеңде, Ата Заңымыз – Конституция күні қарсаңында аталып өтіліп отырғаны да айтылды. Ауыл тойына оның шетте, ауылдың өзінде жүрген әрбір тұрғыны өзіндік үлесін қоса білген. Мәдениеттіктердің «көптің күші – бірлікте» деген қағиданы берік ұстана түсуі той шырайын да барынша келтіре түсті.
Аудан әкімі көптің көзінше, салтанатты жағдайда еліміздің, аймағымыздың дамуы-
на ақ адал маңдай терлерін арнаған бір топ ауыл ардагерлері мен еңбеккерлеріне, ата-әжелерге иықтарына шапан, қамзол жауып, сый-сияпатын жасады, төсбелгілер тапсырды. Мұны көрген ел мерейі одан сайын асқақтап тұрды.
Мәдениет ауылының 90 жылдық мерейтойына Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалым Шойкин қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, қуаныш құшағындағы елді мекеннің өткеніне тағзымын, келешегіне сенімін білдірді.
Бұл күні сондай-ақ, футбол, үстел теннисі, волейбол сияқты спорт түрлерінен өткен жарыстар да тұрғындар мен осы тойға келген қонақтар көңілінен шықты. Мереке құрметіне дастархан жайылып, осы ауылдың өсіп-өркендеуінде еңбектері бар кешегі қариялар мен бертінгі азаматтар, Ұлы Отан соғысының боздақтары да ұмытылмай, құран оқылды. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары концерт қойып, жастар үшін дискотека ұйымдастырылды.
Сөйтіп, облыс көлемінде тағы да бір ауылдың кешегі тарихы жаңғырды, күнделікті тіршілік күйбеңімен күн кешкен тұрғындар өз елді мекенінің жарқын өткенін біліп, мол сырға қанығып, бір жасап қалды. Бұл орайда, әу баста осынау тоқсан жылдықты атаусыз қалдырмауды ұйғарған, оған білек сыбана кірісіп, істен нәтиже шығара білген барша жандарға ризашылық сезімін білдірсек те көп емес. Ең бастысы, жастар, келешек жеткіншектер бұл айтулы оқиғадан көп ой түйгені, туған ауылдарының қасиетін, қадірін танып-білгендері даусыз. Ендеше, әрі қарай да жасай бер, дамып, өркендей бер, көрікті Сандықтау топырағындағы қазақтың Мәдениет ауылы десек, әбден жарасып тұр!
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Сандықтау ауданы.
Суреттерде: ауыл тойынан көріністер.
Суреттерді түсірген Владислав ХОЛИН.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар