Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жақсыдағы спорт салтанаты - АРҚА АЖАРЫ

Жақсыдағы спорт салтанаты

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Жақсы ауданының орталығында облыстық дәстүрлі «Ақ бидай-2019» жазғы спартакиадасының ашылу салтанатына қатысып,

құттықтау сөз сөйлеп, аймағымыздың барлық қалалары мен аудандарынан келген спортшыларға жарыс жолында жеңіс тіледі.

Облыстық дәстүрлі «Ақ бидай-2019» спартакиадасы биыл Жақсы ауданындағы түбегейлі қайта жаңғыртылған стадионда өткізілді. Өңірлік айрықша маңыздағы оқиғаға жақсылықтар тыңғылықты дайындықпен келгені қалың жұртшылықтың жүзіндегі қуаныш шырайынан көрініп тұрды. Өйткені, аудан көлемінде мұндай ғажайып әлеуметтік нысан бұрын болып көрмеген. Жасанды жасыл шөпті футбол алаңы FIFA стандарттары талаптарына толық жауап береді. Жүгіру жолақтары, баскетбол, волейбол алаңдары тартан түсті жамылғыға оранса, стадионның бүкіл аумағы әсем қоршалып, жарықтандырылған. Әсіресе, 400 орындық жанкүйерлерге арналған екі бірдей трибуна, қос қабатты әкімшілік және спортшылар бөлмесінің ғимараты ерекше көз тартады. Облыс, аудан басшылары қаржы мәселесін дер шешіп бергеніне де жұртшылық дән риза.
Спартакиада Қазақстан Республикасының Әнұранын шырқаумен ашылды. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев өз сөзінде бұл шараның Жастар жылы мен Жақсы ауылының 80 жылдығына орайластырылып өткізіліп отырғаны оның ауқымын кеңіте түсетінін атап көрсетті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласын дамытуға айрықша көңіл бөлуде, – деді Ермек Боранбайұлы. Біздің өңірімізде тұрғындардың денешынықтыру мен спортпен айналысуына, саламатты өмір салтын қалыптастыруға жақсы мүмкіндіктер жасалып отыр. Облыста 2,5 мыңдай спорт нысаны жұмыс істейді, жеті ауданда денешынықтыру-сауықтыру кешендері бар. Мұндай нысан жуырда Астрахан ауданында ашылса, Ерейментау, Егіндікөл, Біржан сал аудандарында құрылыс ісі қарқынды жүргізілуде. Бұл орайда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы ортақ іске екпін берді. Жоба аясында, Аршалы, Бурабай аудандарында спорт кешендерін салу жоспарланған. Соңғы екі жылда 70-тен астам спорт және балалардың ойын алаңдары игілікке берілді.
Бұдан кейін өңір басшысы облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестік белсенді сипат алғанына ризалық білдірді. Соңғы жылдары бұл іске республикалық деңгейдегі «Самұрық-Қазына» қоры да атсалысып, 11 спорт және воркаут алаңдарын сыйға тартты. Сондай-ақ, 2020 жылы осындай 11 нысан қатарға қосылмақ екен. Жақсы ауданы тұрғындарының 30,3 пайызы жаппай спортпен айналысып отырғаны осының жарқын көрінісі.
Бүгінгі спартакиадаға 1500-ден астам үздік спортшы қатысып отыр. Театрландырылған қойылымда 300 адамдық балауса әртістер тобы ел тәуелсіздігінің құндылықтарын жарқырата паш етті. Спартакиада алауын жағу құрметі Жақсы ауданының түлегі, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, грек-рим күресінен Азия чемпионы Дастан Зарлыхановқа берілді. Реті келгенде айта кетелік, бұл ауданнан бокстан әлем және халықаралық турнирлердің чемпионы, республикалық жарыстардың 9 дүркін жеңімпазы Дина Жоламан, бокстан халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, «Астана-Арланса» кәсіби бокс клубының мүшесі, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрдәулет Жарманов, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Бүкіләлемдік WSB бокс сериясының чемпионы Сабыржан Бекбергенов, тағы басқа танымал спортшылар тәрбиеленген. Бұларға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушылары Александр Высоцкий, Бақтияр Тұрғымбай, Егор Мукштат, олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко тәлімді тәрбие берсе, «Агрофирма ТНК» ЖШС бас директоры Батырбек Уәлиев және басқа меценаттар демеушілік көрсетуде.
Елімізге белгілі «Жігіттер» тобының қатысуымен ашылған ауқымды концерттік бағдарлама Жақсы ауданының орталық алаңдарында да жалғасын тапты.
Тартысты өткен жарыстарда аудандар арасында бірінші орынды жақсылықтар, екінші және үшінші орынды есілдіктер мен зеренділіктер жеңіп алды. Ал, қалалар бо-
йынша бірінші орынға көкшетаулықтар, екінші және үшінші орынға атбасарлықтар мен степногорлықтар көтерілді.
Бақберген Амалбеков,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Жақсы ауданы.
Суреттерді түсірген Айбек Данияров.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар