Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде облыс орталығында іске асырылып жатқан шаралар және алда тұрған міндеттер жайында журналистерге кеңінен баяндап берді.
Брифинг барысында қала әкімі алдымен ұлттық құндылықтарымызды ескеріп, танымдық жағынан білуімізге үлкен жол ашқан Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығына тоқталды. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға көкшетаулықтар да бір кісідей атсалып отырғандығы айтылды. Бағдарлама қолға алынғаннан бері облыс орталығында 186 жоба мен 2 мыңнан астам шара жүзеге асырылған.
– Соның ішінде Көкшетау қаласының 195 жылдығын атап өту шеңберінде «Құрақ көрпе fest» және көркемөнер шеберлерінің «Көкшетау жұлдыздары» қалалық байқауы, «Бизнес балалармен бірге, бизнес балалар үшін» стартап жобаларының байқауы, «Құлагер» ұлттық және халықтық спорт түрлерінен облыстық спартакиада ұйымдастырылғанын атап өтуге болады. Жастар жылы шеңберінде «Бүгінгі жастар – ертеңгі елдің тарихы» жастар форумы өткізілді, – дей келе, қала әкімі «Сананың ашықтығы», «Прагматизм» бағыттары бойынша ауданда атқарылып жатқан шаралар туралы, жасөспірімдердің санасында адалдық, шыншылдық ұғымдарын қалыптастыру мақсатында мектептерде «Адалдық дүкендері», «Адал ұрпақ» клубтары ашылғанын атап өтті.
Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған сәттен бері оған 100-ден астам меценат, 114 үкіметтік емес ұйым мен бастамашыл топ, 10 мыңнан астам ерікті тартылған. Олардың Отанға деген сүйіспеншілігі, жауапкершілігі және нағыз патриоттық сезімі үлгі боларлықтай.
Сонымен қатар, облыс орталығында «Туған жер» бағдарламасы аясында іске асырылған жобалар да айтуға тұрарлық. Аталмыш бағдарлама бойынша жыл басынан бері 140 миллион теңгеден астам қаражатқа екі спорт алаңы мен бір шағын футбол алаңы салынды.
– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Н.Назарбаев: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз қажет», – деп атап өткендей, латын графикасына көшудің маңыздылығы туралы кеңінен ақпараттандыруды насихаттау жұмысы 20 мыңнан астам халықты қамтыды, 575 іс-шара өткізілді. Көшедегі аншлагтар, көрнекі ақпарат, маңдайшалардағы жазулар кезең-кезеңмен латын әліпбиіне көшуде. Жоғарыда аталғанның барлығы – қоғамдық сананы жаңғыртуға, адамдардың патриотизм сезімін нығайтуға, туған өлкенің тарихын тереңірек зерттеуге бағытталған. Бұл жұмысты одан әрі де жалғастыратын боламыз, – деп сөзін қорытындылады қала әкімі.
Аслан Оспанов,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.