Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қылмыстың алдын алуға жете көңіл бөлінуі тиіс - АРҚА АЖАРЫ

Қылмыстың алдын алуға жете көңіл бөлінуі тиіс

Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімінің жанындағы құқық қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысында түзеу мекемелерінен жазасын өтеп шыққандарды жұмысқа орналастыру, қылмыстың, оның ішінде жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мәселелері қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

Ақмола облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы Қайрат Айдарбеков түзеу мекемелерінен жазаларын өтеп шыққан азаматтарды еңбекке орналастыру, өмірге бейімдеу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады. Оның айтуынша, биылғы жылдың алғашқы жеті айында түзеу мекемелерінен босаған 953 азамат пробациялық бейімдеуден өткен. Олардың 146-сы жұмысқа орналастырылған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 120 адам болған екен. Яғни, жазасын өтеп шыққандарды жұмысқа орналастыру бағытында аздап ілгері жылжушылық бар. Департамент бастығы осы орайда, бірқатар аудандар мен қалалардағы жергілікті  әкімдік жазасын өтеп шыққандарды еңбекке орналастыру мәселесіне мүлдем көңіл бөлмей отырғандығын айтты. Степногорск қаласында жазасын өтеп шыққан адамға берілетін бір реттік жәрдемақы берілмеген. Бостандыққа жаңа шыққан адамның алғашқы кездерде өмір сүруі үшін ақша қажет болатындығы түсінікті. Жұмысқа орналаса алмай, адамдар тарапынан қамқорлық сезінбеген ондай жандар қайтадан қылмысқа бой ұратынын өмір көрсетуде. Сондықтан бұл мәселеге жеңіл-желпі қарауға болмайды. Облыс басшысы осыған орай, мәжіліске қатысқан қала, аудан әкімдеріне аталмыш мәселеге байыпты қарап, қажетті қаржы қарастыру қажеттігін ескертті. «Қазіргі күні  түзеу мекемесінен шыққандардың 35 пайызы ғана еңбекпен қамтылған, ал 129 адам мүлдем жұмыссыз. Бұл мәселені шешуге жеткілікті көңіл бөлінуі керек. Егер жазасын өтеп шыққандарды еңбекпен қамтысақ, онда қылмыс көрсеткіші  қазіргіден басқа болар еді» -деген облыс басшысы мәселені шешуге байыпты қарау қажеттігіне назар аударды.

Жергілікті полиция қызметінің бастығы Серік Баймұқанов қылмыстың алдын алубағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып берді. Жыл басынан бері  обылыс аумағында жасалған 8 мыңдай қылмыстың 2,5 мыңын жұмыссыз жүрген азаматтар жасаған екен. Бұның өзі қылмыстың бір себебінің жұмыссыздық болып отырғандығын көрсетеді. Сонымен бірге,  жалпы қылмыстың қомақты бөлігі арақ ішіп алып қылмыс жасайтындардың еншісіні тиеді. Осыған орай, полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда арақ ішкендерге қарсы күреске, заңсыз  спирт ішімдіктерін сатудың жолын кесуге ерекше көңіл бөліп, рейдтер өткізіп тұрады. Жыл басынан бері қоғамдық орындарда арақ ішіп жүрген 7 мыңнан астам адам ұсталып, айықтырғыштарға апарылған. Қазіргі күні 500-ден астам адам маскүнем ретінде тіркеуде тұр. Сілетідегі маскүнемдіктен емдеу орынында жыл сайын 300-дей адам емдеу курсынан өтеді.  Полиция қызметкерлерімен жүргізілген рейдтер барысында 129 заңсыз арақ сату оқиғасы анықталып, 4 дүкен иесі лицензиясынан айрылған, ал 24-нің лицензиясы уақытша тоқтатылған. Осы арада жергілікті полиция қызметі бастығы өткен жылмен салыстырғанда арақ ішіп алып қылмыс жасаушылар санының 18 пайызға артқанын айтып, Атбасар, Целиноград және Бурабай аудандарынан айықтырғыш аталып жүрген айықтыру-оңалту орталықтарын ашу қажеттігін тілге тиек етті.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботакөз  Дүйсенова балалар мен жасөспірімдер арасындағы заң бұзушылықтар мен қылмыстың алдын алу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Соңғы бес жылдың ішінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс жасау көрсеткіші 1,5 есеге кеміген.  Жасөспірімдердің қолымен жасалған қылмыстардың көбі мүліктік сипаттағы қылмыстар, атап айтқанда ұрлық, тонаушылық, қарақшылық және бұзақылық қылмыстардың үлесіне тиеді. Дегенмен де, биылғы жылдың жеті айында жасөспірімдер арасындағы қылмыс өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 11,4 пайызға өсіпті. Жыл басынан бері жасалған қылмыстардың 38-і мектеп оқушыларының үлесінде болса, 41-ін колледж оқушылары жасаған.

Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу бағытында білім басқармасымен мақсатты жұмыстар жүргізіліп келеді. Әр мектепте қылмыстың алдын алу кеңестері құрылып, жұмыс жасайды. Оның құрамына мұғалімдермен бірге психологтар, ата-аналар кіреді. Қазіргі күні тәртібі нашар 431 жасөспірім арнайы есепте тұр. Олармен тұрақты жұмыстар жүргізіледі. Биылғы жылы басқарманың ұйымдастыруымен есепте тұрған балаларды түзеу мекемелеріне саяхатқа алып бару шарасы ұйымдастырылыпты. Жыл басынан бері осындай 26 саяхат ұйымдастырылған. Тәртібі нашар балалар түзеу мекемесін көзімен көргенде көзқарастары өзгереді дейді басқарма басшысының орынбасары.  Балалар арасындағы қылмыстың алдын алудың тағы бір жолы – балалардың уақыттарын қызықты және пайдалы іспен айналысып өткізулеріне жағдай туғызу. Қазіргі күні облыс мектептерінде оқитын 90 мың бала қосымша сабақтар мен үйірмелерге, ал 60 мың бала спорт секцияларына қатысады. Бүгінгі күні облыс мектептерінде 226 әскери-патриоттық клуб жұмыс жасайды. Сонымен бірге отбасы клубтары ашылып, жұмыс жүргізіп жатыр.  Қазіргі күні 8 мектепте медиация жұмыс істейді. Оның құрамында маман медиатормен бірге ата-аналар, оқушылар да бар. Мектеп медиациясы балалар арасында болған келеңсіз жайларды өзара түсіністікпен шешуге жағдай жасайды.

Облыс прокурорының көмекшісі Санат Шәріповтың айтуынша, ауыр және аса ауыр қылмыстар саны өткен жылдармен салыстырғанда біршама өскен. Әсіресе, ұялы телефон ұрлығы көбейіп кеткен. Қылмыстың бұл түрі барлық қылмыстың 20 пайызын құрайды. Қылмыс жасаушылардың 90 пайызы жұмыссыздар болса, түзеу мекемелерінен шыққандардың еншісіне тиетін қылмыстық көрсеткіш те жоғары болып отыр.

Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі қылмыстың алдын алу бағытында атқарылатын жұмыстарға жергілікті әкімдіктердің жете көңіл бөлуі қажеттігін ескертті. Қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Қалкөз ЖҮСІП.

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар