Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайында өткен
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысының жұмысына қатысып, өз сөзінде елімізді дамытуға және жаңғыртуға бағытталған бастамалар мен ұсыныстарды пысықтау ісіндегі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің рөлін атап өтті.
– Ұлттық кеңестің әрбір мүшесінің өзіндік пікірі мен ұстанымы бар. Бұл дамыған азаматтық қоғам үшін қалыпты жағдай. Біз бәріміз менің ұлықтау рәсімінде «Әртүрлі пікір – бірыңғай ұлт. Шын мәнінде, баламасыз, бастамасыз және белсенділіксіз даму болмайды. Осы үш кит ілгерілеуді қамтамасыз етеді» деп айтқан сөзімді негізге алуымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның саяси реформаларының алға бірден жүгіріп кетпей, ақылға салып, біртіндеп жүзеге асырылатынын, дамуға және жемісті жұмысқа бағытталатынын айтты.
Жиында Ұлттық кеңестің мүшелері – Рақым Ошақбаев, Мұхтар Тайжан, Айдос Сарым, Асылбек Қожахметов, Қазыбек Иса, Саясат Нұрбек, Айман Омарова, Ермек Тұрсынов, Сейдахмет Құттықадам, Ораз Жандосов сөз сөйледі.