Ұлы Отан соғысының ардагері, академик, жазушы Мәлік Ғабдуллиннің қызы Майдан Үсенова Көкшетау қаласына келіп кетті. Майдан Үсенованы облыс әкімі
Ермек Маржықпаев қарсы алды. Әкесі туралы естеліктерімен бөліскен батырдың қызы, ақмолалықтарға және өңір басшылығына әкесінің ерлігін ұмытпай еске алу шараларын өткізіп тұратындықтарына алғыс білдірді.
Өңір басшысы ақмолалықтар даңқты жерлесінің есімімен мақтанатындығын атап өтіп, батыл саяси жетекші бола білген жазушы, академиктің өмір жолы барлық қазақстандықтар, әсіресе, бүгінгі жас ұрпақ үшін үлгі екендігін айтты. Айта кету керек, Ермек Маржықпаевтың бастамасымен Зерендіде Батырға алғашқы ескерткіш орнатылған болатын.
Сонымен қатар, әңгіме барысында облыс әкімі Мәлік Ғабдуллиннің еңбек жолы мен өмірін дәріптеу мақсатында өткізіліп жатқан іс-шаралар туралы айтып кетті. Облыс орталығындағы музейде батырға арналған экспонаттар залындағы жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары яқталуға жақын.
Қоса кетейік, ағымдағы жылдың қараша айында Батырдың атындағы №3 Көкшетау көптілді профильдік мектеп-гимназиясы ұлы тұлғаның 100 жылдық мерейтойын атап өтеді. Мектептің 1956 жылғы түлегі, мемлекеттік кірістер органдарының облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Теңбай Ибраев мектеп директоры Рабиға Әбілхамитовамен бірге келген қонақтарға өткізілетін 100 жылдық мерейтой аясында жоспарланған іс-шаралар туралы айтып берді.
Майдан Мәлікқызы мектеп мұражайымен үлкен қызығушылықпен танысып, аты аңызға айналған әкесінің суреттері жайында әңгімеледі. Соғыстан кейінгі ғылыми-педагогикалық қызметі туралы айтып, іс-шара соңында құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды және алдағы болатын мерейтойға шақыртуды қабыл алып, алғысын білдірді.
Нұрлан ТЕМІРХАН.
Көкшетау қаласы.