Осындай тақырыппен Көкшетауда мемлекет және қоғам қайраткері Аманжол Сейітжановтың өмір жолы өрнектелген кітабының тұсаукесері болып өтті
Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында өткен әдеби кешке облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова қатысып, сөз сөйлеп, Аманжол Сейітжанұлына облыс әкімінің атынан құттықтау хатты табыс етіп, жылы лебізін білдірді. Аталмыш іс-шараға өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, студент жастар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мәдениет саласының қызметкерлеріне ерекше көңіл бөлу керектігін атап өтті. Бүгінгі кітапхана дегеніміз – тек кітап алатын орын ғана емес, ең алдымен үлкен ақпараттық орталыққа айналып отыр. Біздің Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында ұлт руханиятына өзіндік үлес қосатын тағылымы мол танымды іс-шаралар көптеп өткізілуде. Бүгінгі іс-шараны соның айғағы деп білеміз. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, жазушы-журналист Өмірзақ Мұқайдың «Өмір академиялары» атты кітабында жерлесіміз, қоғам қайраткері Аманжол Сейітжанұлының еліміздің саяси әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі терең баяндалған. Ақмола өңірі – қазақ тарихында есімі құрметпен аталатын талай тұғырлы тұлғаларды дүниеге әкелді. Солардың бірі – Аманжол ағамыз деп мақтанышпен айта аламыз. Түрлі жауапты басшылық қызметтерде жүріп, қазақ елінің өркендеп, дамуы жолында соның ішінде, Ақмола облысының қарыштап алға басуына сіңірген еңбегі зор. Осындай тұлғалар жайында биографиялық кітаптардың жазылуы көңілге қуаныш ұялатады. Осы орайда, елге, қалың оқырманға «Өмір академиялары» атты тамаша кітапты ұсынған Өмірзақ Мұқайға облыс басшылығы мен тұрғындары атынан алғысымызды білдіреміз, – дей келіп, Айна Ермекқызы Аманжол Сейітжанұлына облыс әкімінің атынан құттықтау хатты табыс етті.
Кітаптың тұсаукесер кешінде мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Жабал Ерғалиев сөз сөйлеп, өскелең ұрпаққа кітаптың тағылымы мен танымы туралы тарқатып айтып берді. – «Өмір академиялары» кітабымен мен ертеректе танысып, оқып шықтым. Шындығында, алғашында мен бұл кітаптың атауына бір күмәнмен қарағаным рас еді. Академия деген біреу ғана болады ғой, бұл кісі неліктен көптік жақта қойды деген ой туды. Соның мағынасын енді-енді түсіне бастағандаймыз. Әбекеңнің институтта алған білімі бір бөлек, оның өмір академиясынан алған білімі, ол кісіні адал азамат, қоғам қайраткері, тұлға, дара, дана есебінде қалыптастырды. Сол өмір жолында жолыққан жақсылар мен жайсаңдардан алған үлгісі арқылы, өзінің халыққа, мемлекетке сіңірген адал еңбегі арқылы, осындай биік тұғырға жеткендігін айтқым келеді. Әбекеңді өмір тәрбиеледі. Өмір академиясы осындай биікке шығарды, өмір академиясы – Сенатор қылды, өмір академиясы – азамат қылды, өмір академиясы – әкім қылды, өмір академиясы – ел ағасы қылды! Ал, өмір академиясының ең үлкен ұстазы –халық. Бұл кісі осыны жан дүниесімен сезініп, өмір бойы қай жерде қызмет етсе де, сол халықтың көңілінен шығып, халқына адал қызмет етуді мақсат етіп, осындай биікке жеткен ел ағасы екендігін айтқым келеді. Біз бүгінгі жастарға аға ұрпақтың еңбектері жайлы көбірек айтуымыз керек. Әбекең сияқты елге әбден еңбегі сіңген, өмірдің үлкен жолынан өткен өнегелі жандар жастарға үлгі болуы тиіс, – деді жазушы Жабал Ерғалиев.
Әдеби кеш барысында кеш иесі Аманжол Сейітжанұлының өзі сөз сөйлеп, кітаптың жазылу тарихы, негізгі мақсатына тоқталып өтті. – Исландия деген шағын ғана мемлекет бар. «Әр елдің салты басқа…», –
демекші, мені таңқалдырғаны бұл елде әрбір отбасында атадан-балаға мұра болған бір жақсы үрдіс бар екен. Ол әр үйдің отағасы өз балаларына мирас болсын деген ниетпен өз өмірі туралы кітап қалдырып жазып кетеді екен. Бұл кітапты жазудағы менің де басты мақсатым, ертеңгі күні соңымнан қалар ұрпаққа үлгі болсын деген ниет еді. Сол себепті өзімнің басымнан өткен өмір кезеңдерін осы кітапта өрнектеп жазып, өскелең ұрпаққа мұра етіп қалдырып отырмын. Осы орайда, жазушы Өмірзақ Мұқайға айтар алғысым шексіз, – дейді Аманжол Сейітжанұлы.
Жиында өңіріміздің басқа да зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, кітаптың тағылымы мен танымы туралы тарқатып айтып берді.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.