Орталық коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина брифинг өткізіп, жұқпалы ауруларды вакцинациялау жұмысы жөнінде айтып берді.
–Қазақстан Республикасында жұқпалы ауруларға қарсы күрес бағдарламасы иммундық алдын алу арқылы жүзеге асырылады. Бұл бүкіл әлемдегі жұқпалы ауруға қарсы күресте ең тиімді әрі қолжетімді құрал ретінде танылды. Республикамызда 19 жұқпалы ауруға қарсы вакцинация жүргізілуде. Балаларды вакцинациялау үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арнайы вакциналар сатып алады.
Ақмола облысы бойынша жыл сайын он мыңнан астам жаңа туған нәресте, сондай-ақ, 7473 алты-жеті жастағы балалар туберкулезге қарсы егіледі. Бұған дейін облыста 6431 жаңа туған нәресте егіліп, иммундаудан кейінгі қолайсыз жағдайлар тіркелмеген. Туберкулезге қарсы егу балалар арасында менингит және диссеминирленген туберкулез тәрізді туберкулездің ауыр жағдайының дамуына жол бермеуге мүмкіндік берді,–дей келе, департамент басшысы соңғы екі жылда туберкулезбен ауырғандар саны 13,8 пайызға, өлім-жітім 2,6 есеге төмендегенін айтты.
Бұл деректер балаларды егуді қоса алғанда туберкулездің эпидемиологиялық жағдайын тұрақтандыру бойынша жүргізілген шаралардың тиімділігін растайды. Бұл жөнінде Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері бас дәрігерінің орынбасары Жазира Нысанбекова айтып берді. Одан әрі Айнагүл Мусина туберкулезге қарсы вакцинаны (БЦЖ) 35 елден Жапонияның өндіруші зауыты кері қайтарып алғандықтан, Қазақстанда туберкулезге қарсы егу уақытша тоқтатылғанын жеткізді.
– Осы орайда, 2019 жылдың қыркүйек айына жоспарланған алты-жеті жастағы балаларды туберкулезге қарсы егу уақытша жүргізілмейді. Қазір Қазақстан Респуб-
ликасы Денсаулық сақтау министрлігі Үндістан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сапасы арттырылған аталмыш вакцинасын тасымалдау шараларын ұйымдастыруда. Аурудың алдын алатын егуден бас тартқан ата-аналар баланы жұқпалы ауруға қарсы қорғау құқынан айыратынын есте сақтағаны жөн. Біздің департамент балаларды жұқпалы ауруға қарсы егу жөніндегі тексерісті жергілікті медициналық ұйымға жүктейді,–деген Ақмола облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы журналистер қойған сауалдарға жауап берді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.