Көкшетаудағы «Қазақтелеком» орталық өңірлік телекоммуникациялар қызметінде Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай,
«Үш бәйтерек – үш алып» бағдарламасы аясында «Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл» атты конференция болып өтті.
Конференцияның ашылуында «Қазақтелеком» орталық өңірлік телекоммуникациялар қызметінің бас директоры Қажымұрат Темірханов тіл мерекесі мен Бейімбет Майлиннің өмірі және шығармашылық жолына қысқаша тоқталып, қатысушы меймандарға сәттілік тілеп, құттықтау сөз сөйледі.
Одан әрі қатысушылар Қанат Жүнісов дайындаған «Үш арыс» бейнеролигін тамашалады. Конференцияның ең маңызды да ұтымды тұсы – аталмыш телекоммуникация дирекциясының бас директорының арнайы шақыртуын қабыл алып, Петропавл қаласынан үш арыстың бірі – Бейімбет Майлиннің немересі Дәметер Сейітжанова келіп, атасы туралы сағынышқа толы естелігімен бөліскені қатысушыларды бейжай қалдырмады.
– «Би атамызға арналған іс-шараға шақырғандарыңызға көптен-көп рахмет. Мен бұл шақыртуды қуана қабыл алып, келінім екеуміз жолға шықтық. Атамыз Қостанай облысының Ақтөбе деген елді мекенінде дүниеге келген. Мен Би атамның Рәзия атты қызынан туған немересімін. Нағашы әжем Гүлжамал 1900 жылы Қостанай облысының Қарабалық ауылында туған. Бес бала тәрбиеледі. Әукен, Рәзия, Мереке, Еділ, Тұрсын. Би атамның «Шұғаның белгісі», «Азамат Азаматович», «Күлпаш» шығармалары оның нағыз реалист жазушы екенін көрсетеді. Жаушы деген жердегі «Он бес үй» шығармасының кейіпкерін мен нағашыларыма барып отырғанда Гүлжамал әжем мен анам Рәзия арқылы танып білсем, «Раушан коммунист» шығармасының кейіпкері де сол жердің адамдарының образы арқылы берілгенінің куәсі болдым. Қуғын-сүргін заманында аталарымыз – Сәкен, Ілияс, Бейімбет үшеуін бірінен соң бірін алып кетеді. Үшеуі де бір жылы туып, бір жылда 43 жастарында «халық жауы» атанып, атылып кетеді. Одан кейін «халық жауының» әйелі деп, әжемізді алып кеткен. Сол кезде анам КарЛАГтағы ауырып қалған шешесіне барып, бір ай қасында болып, бағып күтеді. Сол жерде аштықтың дәмін де аяусыз татады. Мұның бәрі анам Рәзияға оңай тимейді. Сөйтіп жүріп, Қарағандыда менің әкем Әбілқасым Сейітжановпен кездесіп, отбасын құрып, он бала дүниеге әкеледі. Бүгінде сегіз баласы бармыз. Өткен жылдың күзінде Майлина Гүлжамал әжемізге туған жерінде ескерткіш ашылды. Енді Би атамыздың 125 жылдығына арналған үлкен той Қостанайдың Бейімбет Майлин елінде өтетін болады. Би атамыздың атындағы мектебі, мұражайы, 100 жылдығында Қостанайда орнатылған ескерткіші бар. Еліміздің барлық өңірлерінде көшелерге аты беріліп, мақтанышпен аталады. Қазіргі таңда атамызға арналған түрлі жиындарға қатысып отырамын. Пошта маркалары шығарылды. Бұрын «Бейімбет Майлиннің ұрпағы жоқ», деген әңгіме болды. Ол бізге өте ауыр тиді. Сондықтан, Қарағанды, Қостанай, Петропавл, Астана, Алматы қалаларындағы немерелері жиналып, Бейсен Құранбек жүргізген Алматыдағы «Айтуға оңай» бағдарламасына арнайы барып, барлығымызды, нарлығымызды танытып қайттық», – деген Бейімбет Майлиннің немересі Дәметер Әбілқасымқызы үлкен тебіреніске толы өлеңімен әңгімесін аяқтады.
Одан әрі Әсел Белгібаева Б.Майлиннің «Ұмытқам жоқ» өлеңін оқыса, Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Дулат Қыдырменов «Бейімбет – тұғыры берік тұлға» тақырыбында сөз сөйледі, облыстық Мағжан Жұмабаев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының қызметкері Нысангүл Мағдиева Бейімбет Майлиннің өмір жолы мен шығармашылығына арналған шағын көрме ұйымдастырып, облыстық әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері Гүлзира Сәбитова «Ғасырлар үні» жылжымалы көрмесін тарту етті. Ал, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау қалалық мемлекеттік университетінің филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек «Бейімбет шығармалары көркем әдебиетіміздің айқын бейнесі» атты тағылымы мол танымдық жазбаларымен бөлісті.
Айтулы кеште Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің студенті Ербол Бағзор арнау өлеңін домбырамен жеткізсе, Аружан Сейітханқызы «Дәмештің хатынан монолог» оқыды. Ал, Бейімбет Майлиннің бүгінгі ізбасарлары, жас ақындар Сәдуақас Тұрар, Елемес Мэлс, Талғатбек Мирас, Келгенбай Оспандар өздері шығарған өлеңдерін оқып, қатысушыларды өнерлерімен бір серпілтіп тастады.
Қазақ әдебиетінің классигіне арналған конференцияға Қостанай қалалық «Қазақтелеком» орталық өңірлік телекоммуникация қызметкерлері де онлайн-режимде қатысып, Гүлназ Нұрмұханбетова жерлестері атынан ыстық лебіздерін жолдап, өздерінде сегіз жыл абыройлы қызмет еткен Қажымұрат Жұмабекұлының білікті басшы және әдебиет жанашыры екеніне ризашылықтарын білдірді. Өз кезегінде Қ.Темірханов аталмыш телекоммуникация дирекциясы атынан Петропавлдан арнайы ат терлетіп келген қадірменді мейман Бейімбет Майлиннің немересінің иығына зерлі шапан жапты.
Иә, Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, руханиятына үлкен үлес қосқан, өлмес туындыларымен өшпес із қалдырған «Үш бәйтеректің» бірі – Бейімбет Майлин сіз бен біздей ұрпақтарының арқасында мәңгі жасай берері сөзсіз.
Асылай Қадырқызы.
Суретті түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.