Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Екі ұлтқа ортақ әулет - АРҚА АЖАРЫ

Екі ұлтқа ортақ әулет

Менің бұл жолғы кейіпкерім Қазбек Фатихұлы Ахметжанов. Әкесі Фатих таза татар ұлтынан, ал, тегі Ахметжан қазақ екен. «Татардың әкесі қалайша қазақ болған?» деген заңды сұрақ туады. Ол былай болыпты. Он тоғызыншы ғасырда Атбасар қаласы қазақ елінің солтүстігінде ірі сауда орталығы болыпты. Мұндағы жәрмеңкеге қазақ елінен басқа Ресейдің, Татарстанның, Башқұртстанның, тағы басқа елдердің саудагерлері, көпестері, іскер адамдары келетін болған. Сол Уфадан бір келгендерінде Қазбектің арғы атасы 12-13 жастағы Фатихты ала келеді.

Ал, Фатих осы жасында арабша оқып, жаза білген. Құранды жақсы оқыған, намазға жығылған, былайша айтқанда жәрмеңкеге келгендердің арасында зор беделге ие болған. Олар кезек-кезек өз киіз үйлеріне алып кетіп, баладан құран сүрелерін үйреніп, намаз оқуға дағдыланып, баланы үйлеріне қондырып жүрген. Бірде елдеріне қайтуға жиналғанда Фатих бала оралмайды. Баланы бірнеше күн іздейді, таба алмаған соң елдеріне бала Фатихсыз қайтады. Қандай себептермен екені белгісіз, бала Атбасар қаласынан алыс орналасқан Қарағайын деген елді мекенде болады. Бұл жерде атақты революционер Әділбек Майкөтовтың отбасы, ағайындары Қоғаш, Ғазиз тұрып жатыпты. Фатихты осы рудың белгілі азаматы Ахметжан асырап алып, балаға Ахметжанов деген фамилиясын береді. Содан бүгінгі күнгі ұрпақтарына дейін осы фамилияны арқалап жүр.
Бала он алты жасқа толғанда Ахметжан ақсақал жол қаражатын, азық-түлігін, ата-анасына сыйлықтар беріп, қимастықтан өз еліне жібереді. Бала ата-анасын қуантып, біраз болғаннан кейін ол жерді жерсінбей өзінің біраз тұрған елді мекені Қарағайынға, екінші әкесі Ахметжанға қайта оралады. Содан Фатихты Петропавлдағы мұғалімдік курсты бітірткізіп, жергілікті мектепке жұмысқа орналастырады. Бұл кезде жігіт болып қалған Фатих сол елде беделді ұстаз, әрі молда болып жүріп жатады. Біраз жылдардан кейін Ахметжан ақсақал қайтыс болып, Фатих Әділбек Майкөтовтың зайыбы Жәми шешейдің қамқорлығында болады. Әжептәуір азамат болып қалған Фатихты достары мен Жәми анасы Фатима атты татар қызына үйлендіреді. Бұл уақытта Әділбекті колчактар атып тастағаннан кейін зайыбы Жәми Жақсы елді мекенінде тұрып жатыпты. Келін болып түскен Фатима қазақшаны жақсы үйреніп, Жәми енесін қатты сыйлап, өзі о дүниелік болғанша есінен шығармапты. Фатима да білім алып, жолдасы Фатихпен бірге ұстаздықпен айналысады. Фатих Фатимамен жақсы отбасын құрып, балалы-шағалы болып, ауқатты тұрмыс құрып жатады. Жерлестері Фатихты Батық деп, Фатиманы Бәтима деп атап кетеді. Әділбек тірі кезінде еліне келіп жүргенде, Фатих пен Фатиманы коммунистік партияның қатарына өткізеді. Ауылдастарының айтуына қарағанда, Фатих 1930 жылдардан басталған ашаршылықта жерлестерінің аман-есен қалуларына көп септігін тигізіпті. Колхоздастыру, байлардың малдарын тартып алып жатқан кезде тұрғындардың біразы басқа жақтарға көшіп жатқанда Фатих та қоныс аударып Қима еліне көшіп барады. Осында кітапханашы қызметін атқарады.
Осы елді мекенде менің кейіпкерім Қазбек Фатихұлы 1935 жылдың 7 маусымында дүние есігін ашады. Бүгінде 85 жасқа қараған ел ақсақалы. Соғыстың қарсаңында отбасы Көкшетау қаласына көшеді. Соғыс басталғанда мосқалданып қалған Фатихты әу басында соғысқа алмайды, бірақ, артынан өзі сұранып қан майданға аттанады. Жаумен соғысып жүріп, эстон жерінде қаза табады. Әкелерінен айырылған отбасы, яғни, анасы мен ағасы, үшеуі қайтадан өз елдеріне қоныс аударады.
–Осы жерде қиыншылық жағдайда жүргенде қазақтардың қандай халық екенін сезіндім. Бізге барынша көмек көрсетіп, дұрыс өмір сүруімізге жағдай жасады – дейді Қазбек ақсақал.
Қазекең (Қазбек) осындай ауыр жылдарды басынан кешіре жүріп есейеді. Мектепті бітіріп, Отан алдындағы міндетін атқарғаннан кейін, өздерінің әкелерінің жоқтығын білдірмей, біреуден алда, біреуден кейін өсіріп жеткізген анасының қолын жылы суға салатын уақыттың болғанын сезінеді. Алғашқыда мектепке дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып орналасады. Осы кезеңде анасымен Целиноград қаласына қоныс аударады. Отбасын құрғандығы туралы Қазбек Фатихұлы былай деп әңгімелейді:
–Біз қалада бір кішкентай жер үйде тұратынбыз. Бұрын бізбен бір елді мекенде тұрған қазақтың қыз баласы бізге жиі келіп, шешеме көмектесіп жүрді. Өзі жас. Мен онша көңіл бөлген жоқпын. Бірде анам маған қыздың атын атап, «сен неге оған көңіл аудармайсың? Ол маған емес, саған келіп жүр» деп ұрысты. Ауылда тұрғанда менен екі-үш сынып төмен оқыпты. Менде көңілі болса керек, мен оны байқамаппын. Содан жақындасып бірге жүре бастадық. Тәрбиелі, адамгершілігі бар екендігін байқадым. Анама жақсы келін болатындығын сезіп, үйлену туралы ойлана бастадым. Бірде түскі ас ішіп отырғанымызда үш жігіт кіріп келіп, бірден әлгі қызға «сені жетім, қаңғырған татар баласына бермейміз» деп, барғысы келмей тұрған жерінен алып кетті. Енді не істеу керек? Қазақ қызына жолым болмады. Анама жайлы болуы үшін өз ұлтымнан алайын деген ой туды. Жылдар өтіп жатты. Бірде татар қызын кездестірдім. Бір-екі жұмадай жолығып жүрдік. Мені жұмыс істеп жүрген жерім алыс ауылға, телефон жоқ жерге астық жинауға жіберді. Қызыма хабарлай алмадым. Біраз уақыттан кейін оралсам маған өкпелі екендігін байқатты. Оның үстіне екі ағасы келіп, «сен біздің қарындасымызды мазақ қылып жүрсің» деп, қоқан-лоқы көрсетті. Сөйтіп, татар қызы да бұйырмады. Жас болса келіп қалды. Жастық шағым өткен Атбасарға досыма барғанда, бір орыс қызын кездестіріп, жақын танысып, біраз уақыт кездесіп жүріп, ақыры, сол қызбен отбасын құрдым. Міне, сол зайыбым дүниеге екі бала әкеліп, алпыс жылға тарта өмір сүріп жатырмыз, – деп үйлену хикаясын аяқтады.
Қазбек Фатихұлының қаны татар болғанмен, жүрегі қазақ деп соғып тұрған азамат. Барлық еңбек жолы осы Ақмола облысы мен жаңа астанамызда өтті. Бұрынғы Ақмола қаласында дене шынықтыру пәнінің мұғалімінен бастаған еңбек жолы облыстық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі, Жақсы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Целиноград аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, «Новоишим» кеңшарының партком хатшысы. Ақмола облыстық атқару комитетінің дін істері жөніндегі өкілі, тағы басқа жа-
уапты қызметтермен жалғасты. Кеңес Одағы ыдырағанша партия-кеңес жұмыстарында болған.
Қазір жасының сексен беске аяқ басуына қарамастан, қоғамдық жұмыстардан әлі қол үзген жоқ. Орталық ардагерлер кеңесінің тексеру комиссиясының мүшесі. Онымен қоса, республика астанасында тұратын Ақмола облысы ардагерлерінің ұйым жетекшісі. Солармен әртүрлі мейрамдарды бірге өткізуді ұйымдастырып, тіпті о дүниелік болғандарды соңғы сапарға өз дәрежесінде шығарып салуға ұйытқы болып жүрген ақсақалымыз.
Қазбек Фатихұлы Ахметжанов татар мен қазақ халқына, Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласына ортақ сыйлы азамат. Қазекеңе бәйбішесімен әлі де бақытты ұзақ өмір сүре беруіне тілектестігімді білдіремін. Бұл кісінің өмір жолы небір қайшылықтарға толы ауыр да қызықты жол.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар