Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бурабай курорттық аймағы барлық жағынан тартымды болуы керек - АРҚА АЖАРЫ

Бурабай курорттық аймағы барлық жағынан тартымды болуы керек

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткізілген кезекті әкімдік мәжілісінде Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту,

соның ішінде қысқы жылу беру маусымына дайындық, жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтарып алу, туристік нысандардың құрылысы, ауыз сумен жабдықтау және жолдарды жаңарту мәселелері қаралып, міндеттер белгіленді.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары мен салалық басқармалардың басшылары, Бурабай ауданының әкімі мен орынбасарлары және бөлім басшылары қатысты. Әкімдік мәжілісінде Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев «Щучинск-Бурабай» курортты аймағын дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламалар мен жергілікті жобаларды жүзеге асыру барысы туралы айтып берді. Оның айтуынша, бүгінгі күні курортты аймақ үшін басты мәселе алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары. Қазіргі кезде, бұрынғы «Термотранзит» коммуналдық кәсіпорны жабылып, оның орнына «Бурабай» жылу кәсіпорны құрылған. Сонымен қатар, ауданда мемлекет мұқтаждығы үшін жер телімдерін қайтарып алу жұмыстары да жүргізілуде. Қазір осындай 13 жер телімі анықталған. Бұл жер телімдерінің кейбірінің иелері әкімдік ұсынып отырған ақшаны азсынып, келіспей отырған көрінеді. Осы орайда, облыс әкімі Е.Маржықпаев бұл бағытта сылбырлық танытып отырған аудан басшылығының жұмысын сынға алып, оны ширатуды талап етті. Ауданда тұрғын үй, жол құрылысы, туристік инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік саясат және басқа мәселелерге айрықша назар аударылады.
– Аудан орталығы Щучинск қаласында көп балалы отбасыларға тұрғын үй салу да жоспарда бар. Қазіргі кезде 60 және 50 пәтерлі үш үйдің құрылысының жобалық- сметалық құжаттамалары әзірленуде. Бұл үйлерді Көкшетаудағы «Регион строй» тұрғын үй комбинаты қолға алатыны жоспарланған. Жалпы, ауданда 2300 адам пәтер кезегінде тұрса, 5348 адам жер телімін алуға кезекке қойылған, – дейді аудан әкімі Әсет Мұздыбаев.
Жиында Щучинск қаласы мен Бурабай кентінің санитарлық тазалығы мен аталмыш елді мекендерде кәріз жүйесін салу бойынша жобалар талқыланып, осы мақсаттағы жұмыстарды кестеге сай жүргізіп, бөлінген қаржыны толық игеру мәселелері де айтылды. Бірқатар елді мекендерді байланыстыратын жолдарды жөндеу, тұрғын үй аулаларын абаттандыру жұмыстарына да көңіл бөлінді. Аудан әкімінің мәліметінше, кейбір ауылдарға баратын жолдардың құрылысы мердігерлердің жауапсыздығынан тұралап қалған көрінеді. Курортты аймақты жарықтандыру жұмыстары да қолға алынуда. Осы ретте, 8 көшені жарықтандыру бойынша 4 жоба жүзеге асырылуда.
Облыс әкімі аудан басшылығына курортты аймақ тұрғындарының әлеуметтік желідегі сұрақтары мен айтылған сындарын тек қана тізіп отырмай, оны жедел шешу қажеттігін атап өтті.
Соңғы кездері, аудан тұрғындары тарапынан коммуналдық сала, жол, су мәселесін жиі көтеріп келеді. Әсіресе, әлеуметтік желіде айтылған мәселелер жергілікті биліктің ғана емес, Үкіметтің де назарында. Сондықтан, облыс әкімі бұған аса мән беру керектігін ескертті.
Айта кетейік, курортты аймақтың дамуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкіметтің жеке бақылауында тұр. Үкімет басшысы Асқар Мамин биыл Бурабайға арнайы жұмыс сапарымен келгенінде осы мәселеге баса назар аударған еді. Жоспарланған қаражаттың толық игерілуін және мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың кестеге сай жүргізілуін қамтамасыз етуді тапсырған болатын.
Жиынды қорытындылаған Ермек Маржықпаев айтылған барлық мәселелерді ескере келе, Бурабай ауданы әкімдігі мен салалық басқармалардың басшыларына бірлесіп, «Щучинск-Бурабай» курортты аймағын дамыту бойынша қолға алынған шаралардың орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ, алдағы жылдары жүзеге асырылатын тың жобаларды анықтап, осы бастан қолға алуды тапсырды.
***
Сол күні Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев сондай-ақ, «Самұрық- Қазына Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Нұржан Әбдімомыновпен кездесті. Кездесуде өнеркәсіп саласында екіжақты әріптестікті дамытудың перспективалары талқыланды.

Аслан Оспанов.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар