«Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы екінші «Швейцария» атанған Көкше өңірінде орналасқандықтан, орталыққа келген балаларды әдеттегідей жер жәннаты-Бурабайға танымдық саяхатқа апару дәстүрге айналған.
Десек те, саяхатқа бару арқылы балалар талай ақын жырлаған көз тоймас Бурабайдың сұлулығын өз көздерімен тамашаласа, екіншіден тарихымен танысады. Соған байланысты, бүгін «Балдәуренде» жастарға ел тарихы мен мәдениетінен толығырақ мағлұмат беру мақсатында Бурабай курорттық аймағына танымдық экскурсия ұйымдастырылды.
Орталықтың ұйымдастырушы-ұстаздары киелі де қасиетті Көкше жерінің, соның ішінде Абылай ханның ордасы болған тарихы туралы, сондай-ақ бүгінде аттары аңызға айналған «Бурабай», «Жеке батыр», «Оқжетпес», «Жұмбақтас» және «Көкшетау» тауларының ерекшеліктеріне тоқталды. Әрі қарай балдәурендіктер көрікті Көкшенің сұлу табиғатын тамашалап, жандарына рахат сыйлап қайтты.
Осындай естен кетпес саяхат барлық ауысым қатысушылары үшін қазақ даласын одан әрі танып-білуге, олардың өз еліне, жеріне деген ыстық сезімдерін оятып, патриоттық тәрбие берері анық.
«Балдәурен» РОСО баспасөз хатшысы- Ерденова Айнұр Жетпісбайқызы