«Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығында «Спорт- біздің серігіміз» жас спортшылардың республикалық спартакиадасы 12-ауысымы аясында жасөспірімдер арасында шахматтан әлем чемпионы, 1998 жылы Қазақстан, АҚШ, Үндістан, Ресей. Индонезия, Латвия, Дания, Испания, Югославия халықаралық шахмат турнирлерінің жеңімпазы, 1994-2009 жылдары Шахматтан халықаралық гроссмейстр, 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы шахматтан әлем біріншілігінің чемпионы — Дәрмен Қанатұлы Сәдуақасовпен бір мезгілде өткізілген ойын сессиясы өтті.
Сегіз партиядан тұрған матчта Анатолий Карповты жеңген жерлесіміздің мінезі де нағыз чемпиондық екен. «Балдәуренде» бір уақытта бірнеше ойыншылармен өткізілген ойын сессиясында 12-ауысым президенті Юн Никиформен ойынды тең нәтижемен аяқтады. Ойын аяқталғаннан кейін еліміздің он жеті өңірінен келген жас спортшылармен кездесу өтті.
–– «Мен «балалардың бақыты аралында» ұйымдастырған бұл ойын сессиясына қатысқаныма қуаныштымын, себебі мұндай іс-шаралар жас шахматшыларды ынталандыруға ықпал етеді»- деп сөзін бастады Дармен Сәдуақасов балалармен өткізілген кездесу барысында. Халықаралық гроссмейстрдің айтуынша, шахмат адамның үйлесімді дамуына көмектесіп, ойынның логиканы, көңіл мен есте сақтауды дамытса, сондай-ақ, әр алуан нұсқаларды жылдам әрі дәл есептей білуге, жеңіске жетуге деген ерік-жігерді қалыптастыруға және басқа да моральдық қасиеттерді тәрбиелеуге көмектесетінін айтты.
Иә, өскелең ұрпаққа үлгі болар ағаларымызбен өткізілген мұндай іс-шаралар «Балдәуренге» келген әр баланың денсаулығының мықты болып, салауатты өмір сүруге насихаттап, көпшілікті ұлты мен жеріне, тілі мен дініне бөлмей өзіне ынтызар етер құдіреті жоғары спортқа баулитыны сөзсіз.
«Балдәурен» РОСО баспасөз хатшысы- Ерденова Айнұр Жетпісбайқызы