Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Арқаның ән көгінде қалықтай берші, аққу ән! - АРҚА АЖАРЫ

Арқаның ән көгінде қалықтай берші, аққу ән!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының өнер маусымы Біржан салдың 185 жылдығына арналған «Гәккулеткен, аққу жеткен Көкшетау» атты ІV-ші өңіраралық фестивалімен ашылды. Өнер кешіне Біржан салдың шөбересі Марал Теміртасов пен Үкілі Ыбырайдың немересі Елемес Есетқызы құрметті қонақ ретінде қатысты. Аталмыш өнер мерекесінің қорытынды гала концертінде мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Жабал Ерғалиев сөз сөйлеп, өнер мерекесінде әннен шашу шашқан өнерпаздарға ел атынан алғыс айтса, Ақмола облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Бекназарова қатысушыларды ұйымдастыру алқасының дипломдарымен және бағалы сыйлықтарымен марапаттады.

– Бүгінгі кеште киелі Көкшенің, «Гәккулеткен, аққу жеткен Көкшетаудың» көк аспаны, кең даласы, сексен көлі ән қанатымен серпілгендей, қайта жаңғырғандай болды. Бүгін сахнада той әншілері емес, қазақ әнінің шоқ жұлдыздары өнер көрсетті. Кешегі Біржан сал мен Ақан серіні, Балуан Шолақ пен Үкілі Ыбырайды, қазақтың топырағында дүниеге келген басқа да асқақ әншілерді, бір сөзбен айтқанда бабалар үнін естігендей, жүректі толқытқан сол бір іңкәрлік сағынышты оятқандай әсерде болдық, – дей келіп, жазушы Жабал Ерғалиев киелі сахнада өз өнерін ортаға салған жезтаңдай әншілерге алғысын білдірді.
Бірден айта кетуіміз керек, биылғы фестивальдің басты ерекшелігі – ән мерекесіне арайлы Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының бір топ оқытушылары арнайы келіп, өз өнерлерін ортаға салды. Атап айтсақ, олардың қатарында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, доцент Еркін Шүкіман, республикалық конкурстардың лауреаты, РhD докторы Амангелді Күзеубай, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, доцент Ардақ Исатаева, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Мұрат Әбуғазы, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты, консерваторияның аға оқытушысы Тілеулес Құрманғалиев бар.
Сәні мен салтанаты жарасқан гала концерт алдында бұқаралық ақпарат өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты болып өтті. Бұл жиында халық әндеріне қатысты кейбір кемшіліктер туралы, ән сөздерінің көбінің өзгеріске ұшырап, шатастыру мәселелері, орындаушылардың әндердің тарихына бойламай, түсінбей орындаулары жөнінде сөз болды. Жиынды Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншісі Сәрсенбай Хасенов жүргізіп отырды. Баспасөз мәслихатында журналистер фестивальге қатысушы құрметті қонақтарға сұрақтар қойып, өзара пікір алмасты.
– Бұл іс-шараның басты мақсаты – Арқаның ән мәдениетін сақтау, дамыту, дәріптеу болып табылады. Сонымен қатар, бұл өнер мерекесі дәстүрлі музыканы насихаттаушы әншілермен тәжірибе алмасуға арналған таптырмас өнер алаңы десе де артық емес. Өйткені, бұл мәдени байланыстардың дамуына ықпал ететін орта ғана емес, сонымен қатар, халық музыкасын дәріптеп, рухани құндылықтарды насихаттайтын бірден-бір игі шара деуге әбден негіз бар, – деп бастады жиынды Сәрсенбай Хасенов. Баспасөз мәслихатында Біржан салдың шөбересі Марал Теміртасов Біржан сал ауданында баба рухына арналған іс-шара туралы да тарқатып айтып, осы мәдени шараның өтуіне ұйытқы болған аудан басшысы Ермек Нұғымановқа зор алғысын білдірді. Сондай-ақ, ән өнерінің майталмандары күні бұрын фестиваль аясында Біржан бабаның туған жеріне арнайы атбасын бұрып, жергілікті өнерсүйер қауымға концерт қойып, өздері де рухани қуат алып келгендіктерін тілге тиек етті. – Біржан сал дүниеге келген топыраққа тағзым ету әрбір дәстүрлі әншінің парызы деп білемін. Киелі жерге табанымыз тиген сәтте ішкі жан дүниеміз аударылып түскендей, жүрек толқынысқа толып, ерекше сөз жеткізгісіз бір сезімге бөленгеніміз рас. Бізге осындай сәтті сыйлаған Ақмола облысының әкімдігіне, оның ішінде ұйымдастыру алқасына зор алғыс білдіргім келеді,– деді әнші Амангелді Күзеубай. – Тағы бір ерекше екпін түсіріп айтқым келетін бір мәселе – елімізде Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық ән байқаулары өткізіліп тұрады. Бірақ, ән өнерінің бастауында тұрған Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай атында бірде-бір ән байқауы жоқ. Алдағы уақытта осы Көкше жерінде осындай республикалық байқаулар ұйымдастырылып тұрса, құба-құп болар еді.
Расында да, ән дегеніміз – шежіре, ән дегеніміз тұнған тарих екендігі даусыз. Осы орайда, халық мұраларын зерттеуші Мұсатай Ғалым «Онсаусақ» әні Үкілі Ыбырайдың әні екендігін нақты дәлелдерге сүйене отырып, өз пікірін ортаға салды.
Қазақтың ән өнерін асқақтатып жүрген дүлдүл әнші Еркін Шүкіман болса, жалпы бұл сала әлі де болса зерттеуді талап ететіндігін баса айтты.
– Қазіргі жаһандану заманында ғылым мен техника дамып, алға жылжыған са-
йын дәстүрлі әннің тыңдаушысы азайып бара жатқан тұста осындай фестиваль ұйымдастыру үлкен еңбек деп білеміз. Жалпы, қазақтың ән өнерін әлі де болса зерттеп, зерделеуіміз керек. Біз Арқа әндері туралы сөз қозғағанда алдымен, Біржан сал бабамызды айтамыз. Әлі де ел ішінде зерттелмей жатқан дүниелер көп. Қазір Біржан сал мен Ақан серіге байланысты ел білмей қалған кейбір әңгімелер кешегі Кеңес өкіметіндегі газеттерге де жариялануы мүмкін. Соларды шаң қапқан архивтерден тауып, қайта зерделеп, жинақтап құрастырса. Жалпы, қазақ өнертану ғылымында Ақанның ұстазы кім дегенде қалайда Біржанның есімі аталады. Ал, Біржанның алдында кім бар деген сұраққа жауапты өнертанушылардың өздері дөп басып айта алмай отыр,–деді ол.
Жиын барысында бұдан да басқа ұлттық өнерге қатысты өзекті мәселелер әңгіме өзегіне айналып, ой-талқыда орамды ойлар, пәрменді пікірлер айтылды. Бір өкініштісі, сонау Алматыдан қазақтың ұлттық өнерін асқақтатып жүрген азаматтар келіп, өз тәжірибелерін ортаға салып, ой бөлісіп жатқан бұл жиынға облыс орталығындағы ордалы оқу орындарының студенттері қатыспады. Ұйымдастыру алқасы Көшетаудағы Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің, Біржан сал атындағы жоғары музыкалық колледжінің, Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студенттерін баспасөз мәслихатына арнайы шақырғандарын, алайда, сол оқу орындарынан бірде-бір адамның бой көрсетпегендіктерін қынжыла жеткізді. Шынында да, еліміздің өнер майталмандарын даярлайтын бас ұстаханасы саналатын Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушыларымен күнбе-күн сұхбаттасу мүмкіндігі бола бермейді ғой. Тағылым мен тәлім ұғып қалар зор мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмағанымыз өкінішті-ақ.
Баспасөз мәслихатынан соң, іле сәні мен салтанаты жарасқан концерт басталып кетті. Аталмыш шараны тамашалауға көкшелік өнерсүйер қауым көптеп жиналды. Концерттің шымылдығын Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, жезтаңдай әнші Ғазиза Жұмекенова «Көкшетау кестелері» әнімен ашты. Ғазиза әнші күміс дауысымен әсемді әнді шырқай жөнелгенде сұлу саз, ғажап үн, жан жүректі кәусар сұлулыққа шомылдырып, ән қанатында көңілді де әуелетіп әкетті. Беу, шіркін, қазақтың әндері-ай! Қазақ әндерінің сөздеріне тұңғиық тереңдік, әуенінде тылсым сыр жатыр. Бұлақтай сыңғырлап төгілген сыңғырлы саз күміс көңілдің пернесімен ойнайды. Арқаның көгінде әсем ән аққу қанатында қалықтап жүргендей. Оған ілескен біздегі көңіл де шарықтай жөнелген…
Біржан салдың «Сырғақты» әнін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкіман әсерлі орындап, өнерсүйер қауымның көңілін бір серпілтіп тастады. Сонымен қатар, Біржан салдың «Буырыл тай» әнін республикалық байқаулардың лауреаты Амангелді Күзеубай нақышына келтіре орындап, жүрек қылын шертіп, көңілді толқытып, жүректі тебірентті.
Сондай-ақ, бұл кеште дәстүрлі әннің ажарын ашып, мерейін асырып жүрген асқақ әнші Қажыбай Жахин Біржан салдың «Айбозымын» және Үкілі Ыбырайдың «Қалдырған» әнін жүрекке жеткізіп, құлақтың құрышын қандырып орындады. Ал, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ардақ Исатаева болса, Біржан салдың «Жонып алды» әнін желпіндіріп, нақышына келтіріп, әсерлі шырқап берді. Ардақпен бірге залда отырған көрермен де ән әуезіне елтіп, әншімен бірге қосылып шырқап, орындаушыға ерекше риза болды. Жасыратыны жоқ, әнді домбыраның сүймелдеуімен орындағанда ғана халық әнінің әсерлігі мен әдемілігі, жүрек қылын шертер дыбыс бояуы өз дәрежесінде шығады. Жалпы, өнер додасына жер-жерден ат басын тіреген қатысушылардың өздерімен сұхбаттаса қалсаңыз, олар Арқаның төсінде ән салу үлкен сын дейді. Себебі, Көкшетау ежелден ән меккесі екені аян.
Бұл фестивальда жергілікті филармонияның әншілерімен қатар, Біржан сал атындағы Көкшетау жоғары музыкалық колледжінің студенті Ерғанат Ерғұланбек те өз өнерін ортаға салды. Жас әншінің айтулы өнер майталмандарымен бір сахнада өнер көрсетуінің өзі мақтауға тұрарлық. Сонымен қатар, гала концертте өнер көрсеткен Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының «Айнакөл» фольклорлық ансамблі мен «Гәкку» би ансамблінің өнерпаздарына халық дән риза болды.
Гала концертте республикалық байқаулардың лауреаттары Сәрсенбай Хасенов, Бауыржан Нұрмұхан, Төлеген Аманов, Шыңғыс Сәрсенбай ән шырқап, кеш ажарын аша түсті. Осы орайда, фестивальді ұйымдастыру жұмыстарына ат салысып, қазақтың ән өнерін насихаттап жүрген Сәрсенбай Хасеновтың еңбегі зор екендігін баса айтқандығымыз жөн болар.
Концерт соңында облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Бекназарова сөз сөйлеп, төл өнерімізді өркендетіп, оның дамуына айтарлықтай үлес қосатын осындай фестивальдер алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізіліп отыратындығын айта келіп, қатысушыларды арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Өнердің туын биік ұстап, өз дарын-қабілеттерін ортаға салған таланты биік хас шеберлерге өнерсүйер қауым дән риза болысып, ақжарма тілектерін арнап тарқасты. Арқаның ән көгінде қалықтай берші, аққу ән, гәкку ән дейміз біз де!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар