Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бір түйір дән далада қалмайды,– дейді ақмолалық диқандар - АРҚА АЖАРЫ

Бір түйір дән далада қалмайды,– дейді ақмолалық диқандар

Биылғы егін орағы біршама ауыр жағдайда өткізілуде. Оның ең басты себебі, жауын-шашынның шамадан тыс көптігі. Көктемгі егіс те әдеттегіден кеш аяқталып, дән кеш пісті.

Қыркүйектің басынан бастап еліміздегі ең астықты облыстардың бірі саналатын Ақмола облысының егіс алқаптары дұрыстап бір дегдімеді десек те болғандай. Бурабай, Біржан сал, Зеренді аудандарында 24-36,2 миллиметр шамасында ылғал түсті. Ал, Жарқайың, Есіл, Жақсы аудандарындағы жауын-шашынның мөлшері 11-22,4 миллиметр деңгейде болды. Қорғалжын ауданынан өзге жерлерде күн қабағы бір ашылмады. Жүруінен тұруы көп болған соң қанша күш салғанымен, науқанның алғашқы күндерінде диқандардың адымы ашылмады.
Ендігі арада уақыттан ұту үшін кез-келген ашық сәтті тиімді пайдаланған ләзім. Орақ жұмысы егінді тікелей орса, тезірек аяқталар еді, бірақ, дестеге түсірмей тағы болмайды. Кей алқаптардың егіні әлі жап-жасыл. Дестеде жатып пісіп жетілмесе, қамырлылығы артпай, тұқымға да жарамай қалады. Сондықтан, диқандар бітік өскен құнарлы жерлерде дестеге де жығып жатыр. Жауын-шашынның мол жылы мұның өзіндік машақаты да көп. Дестеге астықтың көктеп кету мүмкіндігі зор. Көктеді-ақ екен, шығыны шаш етектен.
Облыс диқандары үстіміздегі жылы 4 миллион 379 600 гектар жерге дәнді дақылдар тұқымын сіңірген болатын. Бүгінгі күнге дейін 3 021,7 мың гектар жердің астығы дестеге түсіріліп, 2 996,3 мың гектар алқап бастырылды. Бұл барлық көлемнің 68,4 пайызы. Гектар берекесі әзірге 10,3 центнерден айналуда. Картоп егілген алқаптардың 9,9 мың гектары немесе 57,1 пайызы жиналды. Көкөністің 74,9 пайызы қоймаға жеткізілді.
Ауа райы қолайсыздау жылы облыс диқандары бидайдың әр гектарынан 10,3, картоптың әр гектарынан 118,5, көкөністің әр гектарынан 94,7 центнерден өнім жинауда.
Алқаптардағы астық үшін өрістетілген тынымсыз жұмысқа 8,4 мың астық жинайтын комбайндар қатыстырылуда. Олардың 3518-і өнімділігі жоғары шетелдік техникалар. Астық тасымалдау біршама ұтымды ұйымдастырылуда. Қырманнан қамбаға дейін 4708 жүк көлігі, 7730 трактор тіркемелері жүйткіп жүр. Қызыл дән 494 механикаландырылған қырмандарға түсуде. Бұл арада қолбайлау болып отырған түйткіл жай жоқ.
Күзгі дала жұмыстарын уақытылы өткізу үшін 77,5 мың тонна дизель отыны қажет. Үстіміздегі жылы облысқа кепілдендірілген 72 мың тонна дизель отыны бөлінді. Осы көлемнің қазір 78,8 пайызы немесе 66,1 мың тоннасы ғана жеткізілген. Облыс диқандары күн ашық болса алдағы 8-10 күннің ішінде егін орағын толық аяқтаймыз деп отыр.
Облыс әкімдігі Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктеріне облыс та-уар өндірушілеріне қажетті 30 мың тонна дизель отынын бөлуін сұрап өтінім жасады. Дизель отыны егінді жинап алуға жеткенімен, ылғалды дәнді кептіруге жетпейді. Егер осы көлемде жеткізілсе, астық қабылдау кәсіпорындары мен кептіргіш агрегаттары бар ауыл шаруашылығы құрылымдарына бөлініп берілмек. Қазіргі күні астық қамбаларына 581 мың тонна дән жеткізілді. Оның 326,7 мың тоннасы жұмсақ және қатты бидай. Бір қуанарлығы, қамбаға түскен астықтың 80 пайызға жуығы үшінші класқа жататындығы. Жауын көп болған соң астықтың қамырлылығы азаяды деген күні бұрын айтылған сәуегейлік теріске шықты.

Байқал БАЙӘДІЛ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар