Қадірменді жерлесіміз, қажырлы қалам еңбеккері, көрнекті жазушы-журналист әрі ақын Сарбас Ақтаев 30 қыркүйекте сексен бестің сеңгірінен асқалы отыр. Жасы ұлғайып, соңғы мүшелдің үзеңгісіне аяқ салғанымен, қаламгерлік қарымы, ақындық арыны қаз-қалпында. Оған соңғы жылдары жазған айшықты туындылары айғақ. Солардың ішінде өмір шындығынан ойып алынған өлең-жырларының орны бөлек. Сол салмақты жырлардың біразын ақын ағаның мүшел тойына орай, оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Сексеннің сыры
Сексеннен астық,
сеңгірден талай секіріп.
Қиындықты да,
қызықты да бастан кешіріп.
Сәби жүзімізді
шарпытып соғыс өртіне,
Айрылып қалдық,
етжақындардан да опынып.
Тағдырымыз ғой бұл,
бақыт пен соры аралас,
Өмірден оны
Тастай да алмайсың өшіріп.
Маңдайдың терін,
таңдайдың сөлін сыпырып,
Еңбекпен ғана,
еңсені келдік өсіріп.
Асып та кетпей,
тасып та кетпей қалыптан.
Түзедік тұрмыс,
көрпемізге қарай көсіліп.
Байлық та қумай,
айлықпен жалаң күнелттік.
Жасаған жоқпыз,
қалардай қылық өкініп.
Жақсылық көрсек,
шуағына жанды суардық.
Жамандық көрсек,
іргені аулақ көшіріп.
Осынау асқақ
адамдық пенен адалдық.
Болсыншы мирас
ұрпақтарымызға от үміт.
Сүйсіне шүйгіп
қызығы мен қызуына солардың,
Өлместей болып
отырмыз тастай бекініп.
Тоқсанға қарай
барамыз тартып іркілмей,
Жасамыс жүрек
жастардан бетер лепіріп.
Сексеннің сырын
шамалап көр де, сесін ұқ.
Бойыңда қуат,
ойыңда қанат барында.
Қартайдық деу де өтірік,
Өтірік!
Әке рухы
Жан әке, ақылманым, данышпаным,
Айбарың – еліңе айбын, арыстаным.
Арманым өз арқаңда аспан шарлап,
Қиялмен үркер қонып, ай ұстадым.
Көрсем де қиындықтың неше атасын,
Өзіңше өрге ұмтылдым, қайыспадым,
Жағамды жыртқызғам жоқ еш уақытта,
Болса да қанша мықты алысқаным.
Бәйгеден құралақан қалған емен,
Болса да қанша жүйрік жарысқаным.
Дабылды, дүбірлі өмір додасында,
Олжасыз қалған емес құйысқаным.
Сексеннің сәйгүлігін ерттеп мініп,
Тоқсанның жазығына жылыстадым.
Өзіңнен қалған мирас болу керек,
Төңірегім толы – дос-жар, туыстарым.
Тату-тәтті әулеттің ұйытқысымын,
Көргем жоқ ешқайсы жүз шайысқанын,
Арман жоқ көрмей өтсем ұрпағымның
Бірінің де тырнағы майысқанын,
Осыны қалап еді-ау арыс жаның.
Құрдастарым – жыр бастауым
жан достарым Олжабай мен Мырзағали және Рүстемге
Туған күнін тойлап жатқан әр тұста,
Құрдастарым биыл менің алпыста.
Шым болаттай шыңдалғандар шетінен,
Тірлік үшін қиян-кесті тартыста.
Жасы асар-аспасында алтыдан,
Сәби жүзін соғыс өрті шарпыған.
Әкелерді қан майданға жөнелтіп,
Біз едік қой жылап қалған артынан.
Балқұрақ ек үлгермеген көктеп те,
Көктей жұлып соғыс жайпап кетпек пе.
Майдандағы әкелерге медет боп,
Хат жазғалы ерте бардық мектепке.
Үйдің, түздің тірлігіне үлгердік,
Сабақтан соң аналармен бір жүрдік.
Қол орақпен олар орған астықты,
Бастыратын ат басына біз міндік.
Интернаттың қара нанын қорек қып,
Сан саладан санамызға нәр ектік.
Жеңіс жебеп, болашақты бетке ұстап,
Білім нұрын бар ғұмырдың мәні еттік.
Диплом алып, мерей тасып келгенде,
Құшақ жайған жан болмады-ау бізге елде.
Қайда барсақ келімсектер шала мас,
Майлы шелпек іздеп келген тың жерге.
Ертеңінен үміт күтер жаны адал,
Білімі бар жасты енді кім бағалар?
Ауылнай боп, рабочком боп жүнжіп жүр,
Бұрын аудан басы болған ағалар.
Олар-дағы емес еді-ау осалдар,
Бар болатын, әлі де игі іс жасар хал.
Билік бермей отырған соң не шара,
Сырттан келген шала сауат Рошальдар.
Өмір кештік соларменен жұлқысып,
Көңіл шіркін бір шарықтап, бір түсіп.
Келешектен бірақ күдер үзбедік,
Күн туар деп ел қуанар нұр құшып.
Туып сол күн, тәуелсіздік таңы атты,
Ұзақ қылғай сүйінерлік сағатты.
Жұқарғанмен мұқалмаған құрдастар,
Қайта самға, еркін сілте қанатты.
Тәрік қылып беделіңді жиған бар,
Тағы тартып алмасын тек Ивандар!
Арқаның бір кеңшарын жиырма жыл
басқарған бастауыш та білімі жоқ тыңгер.
Ақпан, 1995 жыл.
Ар арқауы – адалдық
Бүгінде дәурен – арсыз, арамдікі,
Жан бағу боп қалды тек адалдікі.
Баста түк болмаса да басып тұр ғой,
Қалталы, қарға тамыр надан мысы.
Қолда – мөр, төңірегі – тоңды, шенді,
Қарсы айтып табар ма опа одан кісі.
Пара – би, дара би боп тұрғанында,
Келмейді оған мына қоғам күші.
Ондайға көңіл бөлме, құлындарым,
Еншің боп – адал еңбек көп алғысы.
Бақыттың солар ғана баяндысы.
Ер жасы – елуді де еңсердіңдер,
Дер шақ бұл тың іс бастап, ел сендірер.
Ақ жолмен келе жатыр алға ұмтылтып,
Тасқыннан тайсалмайтын желкен жігер.
Ар аттап арамдыққа бармадыңдар,
Жаныңды өртендірер, жеркендірер.
Аты арып, адалдықтың тоны тозбас,
Алдыңнан жаз жанары ертеңді көр.
Зобалаң заманыңа қыр алдырмай,
Еңсеңді асқақ ұста, кеудеңді кер,
Не жақсы, не жаманын зердең білер.
Ұлт ұйытқысы қайда жүр?
Қорқамын кейінгі жас балалардан.
АБАЙ.
Теңіз ойлы телегей
Хакім Абай сақтаған,
Мен де қауіп ойлаймын
Кенже буын жастардан.
Тілі екеудің – діні екеу,
Үшке тағы бөлінді.
Ата дәстүр, салт-сана,
Тіл мен ділден безінді.
Ағылшынша әңгірлеп,
Шүршітіңше шүлдірлеп,
Ана тілден айырылып,
Бара жатыр бір-бірлеп.
Сымнан сауып құлаққа
Құяды жат ән-күйді.
Жат әуенмен шалықтап,
Бұлғаңдайды, балқиды.
Бөкселері бұлтыңдап,
Тізелері жылтыңдап,
Қайда көрсең тұрғаны
Сигар сорып жыртыңдап.
Ұлт ұйытқысы – қыздарда.
Ынсап, иба қалмады
Көбінің-ақ байлық пен
Жасыл қағаз – арманы.
Қалың болса қалтасы,
Әңгі, зәңгі демейді,
Шетелдікке тиіп ап,
Мұхит асып жөнейді.
Қазір қазақ қыздары
Кез-келгенге шығады,
Ұлтты осылай жоярын
Қашан ғана ұғады?
Отызда да отаусыз
Жігіттер көп сұрбойдақ.
Қырық жаста қыз алып,
Не жарытар бұл бейбақ.
Болашаққа бойлатпай
Күндік күйбең көз байлап,
Жүргендер аз бүгінде
Ертеңді ойлап, елді ойлап.
Ата-баба дәстүрін
Тәрік қылса кешегі,
Тілсіз, ділсіз бұ қазақ
Қалай өрбіп өседі?!
Құлақ-кесті құлы боп
Жаһанданған ортаның,
Ұлағатсыз, ұрпақсыз
Қала ма ел деп қорқамын.
Мамыр, 2017.
Жұлдыз жыры
Жұлдыздар-ай!
Нұр қыздары ең көңілдің,
Бүгін не ғып жүзің сынық, көзің мұң?
Жалт-жұлт еткен жанарындай арудың,
Күй пернесін шертуші ең ғой сезімнің.
Жымың қағып баурап алар көргенді,
Елемеуге айналдық-ау, сендерді.
Жалғыз әнмен аты шыққан жұлдыздар,
Аяқ алып жүргізбейді жерде енді.
Жалған жұлдыз қаптап кетті өнерде,
Бақсаң мұның мәні жатыр тереңде.
Қолдан атақ жасайды екен кей қулар,
Бұйырмасын деп ол нағыз өренге.
Жерге түспей тұрсын жұлдыз одан да,
Көз жауын ап, жайнаң қағып әманда.
Жалған жұлдыз, жасанды өнер болмасын,
Сол пайдалы заманға да қоғамға.
Маусым, 2017 жыл.
Әйел-әлем
Әйелдерді еркектерден көп дейді.
Мұқағали Мақатаев.
Рас, бізден әйелдерді көп дейді,
Оқасы жоқ, бола берсін көп мейлі.
Оған ерлер әсте де елең етпейді.
Әйел – ана,
Әлемде
Анаға ешкім жетпейді.
Анаменен әманда
Келешегін көктейді.
Уысынан ананың
Ешкім шығып кетпейді.
Әйел деген қамқоршың
Жұмысыңды реттейді.
Жетпегенді жеткізіп,
Тұрмысыңды септейді.
Әйел барда аяу бар
Бастан бақыт кетпейді.
Бұл өмірде оларсыз
Ешбір қызық өтпейді.
Ошақтан от ешқашан
Олар барда өшпейді.
Балаларға олардың
Әкелерден көп мейірі.
Ағайынның ешбірін,
Кері серпіп теппейді.
Өзіңді де қартайсаң,
Кәрісің деп сөкпейді.
Өміріме қарасын,
Болып қана өт дейді.
Көңіліме жарасым,
Егіп қана өт дейді.
Әйел деген ақылға кең даналар,
Әйел деген алтын құрсақ аналар.
Солар барда өмір сәні бала бар,
Солар барда ертеңге ие балалар.
Әйел затын еркектерден көп дейді.
Болсыншы көп,
Әйел көптік етпейді!
Өмір-ай
Әй, өмір-ай, әккі әйел секілді,
Бір бүкпесіз бұрмайсың бетіңді шын.
Бұлт-сылт етіп түлкідей бұлаң қағып,
Кісінің зая етесің есіл күшін,
Сонда да сырт айналып кетпейді ешкім.
Құлшынып құшағына жету үшін.
Көзді арбап, көмейіңе күлкі үйіріп,
Баспай да қоймайды ғой сенің мысың.
Танытып кей кездері жылы қабақ,
Самғатып жібересің көңіл құсын.
Сарсаңға саласың-ау, сақи жұртты,
Сазарып енді бірде өңің, түсің,
Осылай мың құбылып, жүз түрленіп,
Тұрған соң да сүймейді өмірді кім?
Сүйген соң да сұлудай өтімдісің,
Әй, өмір, бұрсаңшы бір бетіңді шын.
Қызық халық
Қазақ-ай, қызық халықсың,
Сырт көзге керім алыпсың.
Ақ адал дос пейіліңді,
Жер-жаһанға таныттың.
Бірде ақылман данасың,
Бірде аңқылдақ баласың.
Ұландар қаптап жүргенде,
Мамандар жалдап аласың.
Халқыңнан жырған қаржыны,
Шетелге жымып саласың.
Жермайды сыйлап көршіңе,
Жанармай сұрап барасың.
Сутегін беріп темірді,
Тебен де таппай қаласың.
Өзің жақпайтын көмірді,
Күн-түн тынбай қазасың.
Кеніңнен өрген өнімді,
Қымбатқа сатып аласың.
Баласың-ау, баласың,
Кеніңді өзің өңдеудің
Жолын қашан табасың?!
Қазан, 2017 жыл.
Арда қазақ
Қазағың жоқ баяғыдай арда, асау,
Болғанға мәз басшысы аман, орда сау.
Бас амандап бүйтіп, мүлгіп отырса,
Қойнауда кен, қоймаңда дән қалмас-ау.
Ақ тілекпен атыратын әр таңын,
Тыныштығын тілеп тұрған ортаның.
Бейжайлығы, енжарлығы жұртымның,
Өз түбіне жете ме деп қорқамын.
Оянатын, ойланатын кез келді,
Сілкін жұртым, ұмтыл жұртым өрге енді.
Заманың да, қоғамың да өзгерді,
Көрмейсің бе өркен жайған өзге елді.
Жер сүмесін сыртқа сауып құбырмен,
Өз үлесін шетелге алып жүгірген.
Обырлардың, жебірлердің жолын қырық,
Ондайлардан елің де әбден түңілген.
Намысқа шап, алысқа шап тоқтама,
Тоқтайтындай бұл ортадан жоқ пана.
Болашақтың бас тізгінін ал тартып,
Халықсың ғой кеуде тосқан оққа да.
Сілкін қазақ, ұмтыл қазақ өрге енді,
Өрге өрлеп, өзгеретін кез келді.
Желтоқсан, 2017 жыл.
Жезделерім
Әлмағанбет, Насыр және Мүбәрактың рухына
Жарқын жол ертеңіне меңзеп елдің,
Жүретін ат үстінде зерделі ердің.
Соңына шырақ алып түскен сұмдар,
«Жау» десе де сенбеген сендер едің,
Сендер едің жаны ізгі жезделерім.
Сонда да сағы сынып зерделі ердің,
Түбіне кетті айдалып демде жердің.
Көз жазған әкесінен біз бейбақты,
Бауырға ап пана болған сендер едің,
Сендер едің жаны ізгі жезделерім.
Қалыспай қатарынан өзгелердің,
Ер жетіп сіңсе еңбегім елге менің,
Танылсам азды-көпті өз ортама,
Бастауында тұрған да сендер едің,
Сендер едің жаны ізгі жезделерім.
Өмір дүр жасатпай ма өз дегенін,
Түскен де кезім болды тезге менің.
Су сепкен қанатымен қарлығаштай,
Қол ұшын берген сонда сендер едің,
Сендер едің жаны ізгі жезделерім.
Хақым жоқ оны ұмытар мүлде менің,
Мың жерден іске асса да көздегенім.
Өзімшіл пиғылынан пенделердің,
Әманда таза да ада сендер едің,
Сендер едің жаны ізгі жезделерім.
Түсіме кіресіңдер кейде менің,
Рухтарың жебей жүрсін жезделерім!
Желтоқсан, 2017 жыл.
Қайда айбар?!.
Ел болғанмен, ер болғанмен көшелі,
Бұл қазақтың маңдай соры бес елі.
Жері, кені су тегінге сатылып,
Жат жұрттарға кетіп-ақ жүр есебі.
Басшы не айтса, «ләппай, мақұл!» деседі,
Ханды ықтырар айбары жоқ кешегі.
Ас пен тойға шашып жиған-тергенін,
Кембағалдың күнін кейін кешеді.
Момындығы қасиеті емес, кеселі,
Сонысынан жіберіп жүр есені.
Арбап қала, ауыл қалды аңырап,
Иесі жүр базардың боп есегі.
Ел болғанмен, ер болғанмен көшелі,
Мысы құрып, қайтқан әбден меселі,
Бұл қазағың қашан бір дүр сілкініп,
Айдарынан бақыт желі еседі?!
Қаңтар, 2018 жыл.
Баба мұра
Қайда кеткен баяғы жайраң күлкі,
Айықпайтын болыпсың ойдан бір күн? –
Дейсіңдер-ау, келеді қайдан күлкім,
Кетсе орыс боп қазағым – қайран жұртым.
Қалар дейсің байланып пәниге кім,
Ұлт болып қалу қазір әр үйге мұң.
Ана әлдиін қазақша есітпеген,
Тілі орысша шығады сәбилердің.
Сонан да олар өз тілін менсінбейді,
Мемлекеттік мәртебе берсін мейлі.
Ұлт дәстүрін мансұқ қып өскен жандар,
Тіпті туған жерін де жерсінбейді.
Шетте деп жанға пейіш иран бағы,
Біраз жас мұхит асып оралмады.
Оралғанмен мақұрым тіл мен ділден,
Ұлтқа ұстын, жұртқа тұтқа бола алмады.
Сырын ұқпай осының сағым сынса,
Үкім шықты үйрен деп ағылшынша.
Баба мұра – ар тілім, ана тілім,
Қалай тайды басыңнан бағың мұнша?!
Қаңтар, 2018 жыл.
Қызды қазақ қашан да қадірлеген
«Ырыс алды – қыз» деген қазақ атаң,
Артық көріп қызын ер азаматтан.
Расында да несі артық қыздан ұлдың,
Жаралған соң ол да ұлы махаббаттан.
Қыз болса, ұл келеді өз аяғынан,
Заңдылық бұл көпке аян баяғыдан.
Жатты – жақын, жақынды бауыр қылған,
Жоқ сірә қыздан асқан аялы жан.
Сондықтан қызды қазақ аялаған,
Пейілін, мейірін де аямаған.
Оң жағында қадірлеп қонағындай,
Ұзатқанда жанына сая қылған.
Сол халықтың сарабдал ұрпағымыз,
Қыз боп атып құлпырып тұр таңымыз.
Қызды біздей әлпештер әлемде ел жоқ,
Осымен әрқашанда ұтамыз біз.
Ол біздің көкірек ашар жұпарымыз.
Наурыз, 2018.
Ауылды аңсау
Ауылым көшіп барады Кермекөлге,
Кермекөл алыс дейді көрмегенге.
Мал жаятын жері жоқ, тек ну қамыс
Қорегі – өлі балық өлмегенге.
Халық жырынан.
Сары Арқа – сайын далам, сайран елім,
Бағыңда бұлбұлың боп сайрар едім.
Тізілген төсіндегі ақық алқа –
Ақшаңқан ауылдарым қайда менің?!
Самсаған самаладай жарығы көп,
Солардың бүгіндері жарымы жоқ.
Барының сән-сәулетін былай қойып,
Бұрынғы қарбаласқан халығы жоқ.
Жайнатып тұратұғын кешегі елді,
Қайда оның жасыл желек көшелері?!
Ортада қыж-қыж қайнап жатушы еді,
Сап бопты сауда-саттық кешені енді.
Қаңырап кітапхана – клуб үйі,
Бұрышта кітаптары тұр үйулі.
Жастары ойын қойып, кино көріп,
Думан ғып жатушы еді жиі мұны.
Тізгінін қу тірліктің қысып ұстап,
Шығуға жарар ма екен кісі қыстап.
Қотан да, қиқы-жиқы сиреп қалған,
Сусауық опырық шал тісіне ұқсап.
Тұрмыстың қыспағына қыстығулы,
Біраз жұрт кетіп қалған ұшты-күйлі.
Әкеткен басқа жаққа үйін бұзып,
Жұртында иесін іздеп иті ұлыйды.
Бай елмін деп өз басым өлең өрген,
Сырғып түскен сындымын төмен өрден.
Шет кезіп, жұмыс іздеп кеткендердің,
Көргенде үйін терезесі шегеленген.
Жабылып мектебі де бала болмай,
Қалған жұрт күн кешеді қаланы ойлай.
Дәрі тұрсын, қант-шәйға зәру тосқан,
Кемпір-шал өткенді аңсап, салады ойбай.
Жау шаппай, оқ борамай бұл не бүлік,
Деп достым, шын сөзіме жүрме күліп.
Қазіргі қырдағы елдің жағдайы осы,
Соны ойлап қанжыламын күнде егіліп.
Алтын құрсақ, ақ бесік қазағыма,
Ауыл бүгін айналды ой азабына.
Қит етсе, көшіп зор кент салсын дейді,
Биліктің бұл ойыны ма, мазағы ма?!
Алпауыттар басып ап, аймақты құт,
Туған жер деген ұғым болмақ па ұмыт?!
Он мың түндік бір жерге ошарылса,
Қай жаққа аз-мыз малын жаймақшы жұрт?!
Мал деген күнкөрістің көзі еді ғой,
Еңбектің адал саусаң өзі еді ғой.
Қазақтың малсыз күні не болмақ деп,
Өртейді ертелі-кеш өзегімді ой.
Сары Арқа-ай, самал таулы, сайын далам,
Жұмбақ боп тұр-ау, сенің жайың маған!
Қорламасын халықты
«Өз күніңді өзің көр» деп алдияр,
Тіреп қойды тұйыққа әкеп алды жар.
Жардан да өтер, ордан да өтер малдылар,
Не лаж қылмақ үйсіз-күйсіз жарлылар.
Тірлік жібін күрмеуге әрең үлгеріп,
Жүргендерге нанын тауып, күн көріп.
Жұмысының бар-жоғына қарамай,
Салық салды табысы бар деп күнделік.
Табыс па ол – өлмешінің амалы,
Отын жағып, біреуге шөп шабады.
Сонда қалай, есі бар ма биліктің,
Өлмейсің деп жұртқа салық салады.
Жұмыссызға саламыз деу салықты,
Қанаудың да көкесі ғой халықты.
Үкіметтің осынау ісі оспадар,
Үлкенді де, кішіні де налытты.
Ию-қию өзгерістер қажытты,
Қорламаңдар, қанамаңдар халықты.
Наурыз, 2018 жыл.
Абыздарша аңырау
Бағдарсыз бұлдыр заманда
Ана тіліңде сөйлеу ар болады,
«Тип-тип, шип-шип» дегендер ән болады.
Жыртық шалбар, аусыз дамбал сән болады,
Бидай наны мен бұлақ суына ел зар болады,
Сасық тұмсық сиыр пұл болады,
Оны ұшақпен таситын да күн болады,
Бетонбет, бетпақ қатын би болады,
Бетоннан құйылған ауасы тар үй болады,
Қыздарың жүрісті көшешіл келеді,
Ұлдарың жұмыссыз өсекшіл келеді,
Келіндерің бойкүйез төсекшіл келеді,
Туысқандарың тыйын-тебен санайтын есепшіл келеді,
Еркектер әлжуаз ұрысқақ келеді,
Әйелдер аурушаң тырысқақ келеді,
Балалары бас білмейтін ұрыншақ келеді,
Бір-бір жалғыз болған соң, ата-ана оны
Маңдайындағы тұлымшақ көреді.
Ақыл-ойды тәрк етіп, ақша ғана билік құрады,
Ақша үшін ар сатып, патшалар да ұрлық қылады,
Елден де, жерден де баз кешін,
Қалтаға ғана құлдық ұрады,
Қоғам да, заман да, адам да,
Осылай мың құбылады.
Ел әзір
Мезетбектер, «временщиктер» орысша,
Қайда әлгі өрге ырғуың барысша?
«Бақ-бағына» мақтанатын бақадай,
Қаламыз ба күпсіп, бықсып қорыста.
Қадам түзіп, «Қане, алға!» деп ұрандап,
Қысыр сөзбен халықты олар жүр алдап.
Ту-талақай талап жатыр қазынаны,
Сұқ көздері ен байлықтан тұмандап.
Бүйте берсе ел болу да күмәнді,
Ертеңге күн онсыз дағы тұманды.
Билік басында отыруы керек қой,
Кім болса әділ, адал әрі шын арлы?
Мезетбектер мезі етпесін енді елді,
Табандарын жалтыратар кез келді.
Халық налып қадерінше қалайды –
Өз билігін өзіне елдің бергенді,
Өзін-өзі билеуге әзір ел де енді!
Ақпан, 2018.
Сарбас Ақтаев