Облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысовтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің жанындағы құқық қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысында «Қазақстан Республикасындағы 2020-2022 жылдарға арналған құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кешенді жоспар» талқыланды.
Шараға құқық қорғау органдарының және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысып, өз пікірлерін ортаға салды. Облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Серік Баймұханов облыстағы қазіргі қылмыстық жағдай туралы айтып, онымен күрес шаралары жөнінде баяндады. Кісі өлтіру, тонау сияқты бірқатар ауыр қылмыс түрлері бойынша қылмыс көрсеткіші өткен жылдармен салыстырғанда аздап азайғанымен, керісінше мас болып қылмыс жасау, отбасындағы тұрмыстық қылмыстар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны арта түскен. Осы орайда, жергілікті полиция қызметі қылмыстың алдын алу бағытындағы шараларға жете көңіл бөлуде. «Қазақстан Республикасындағы 2020-2022 жылдарға арналған құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кешенді жоспарын» жүзеге асыру бағытында 72 шараны қамтитын жоспар жасалып, мақсатты жұмыстар атқарылуда. Ол шаралардың қатарында жасөспірімдер қылмысының алдын алу, тұрмыстық қылмыстың алдын алу, есірткі саудасының жолын кесу, браконьерлікке қарсы күресті күшейту сияқты шаралар бар.
Республикалық кешенді шараны талқылау барысында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері тарапынан біраз ұсыныстар айтылды. Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов айтылған ұсыныстар мен пікірлердің ескеріліп, қылмыстың алдын алуға байланыс-ты жүргізілетін жұмыста қолданылатынын атап өтті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.