Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Қайырымдылық керуені» бастау алды - АРҚА АЖАРЫ

«Қайырымдылық керуені» бастау алды

Ақмола облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде республикалық «Қайырымдылық керуені» байқауына арналған брифинг болып өтті.

БАҚ өкілдері қатысқан брифингте Ақмола облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Дәмелі Қойшина мен аталмыш жобаның үйлестірушісі Раушан Тұрановалар «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауының елімізде екінші рет өткізіліп отырғанын айта келіп, бұл байқауға қатысу ережесімен толығырақ таныстырып, қойылған сұрақтарға жауап берді.
«Қайырымдылық керуені» екінші республикалық байқауы ағымдағы жылдың екінші қыркүйегінде басталды. Бұл туралы байқауды ұйымдастырушылар Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі жиында айтқан болатын. Байқауды «Елбасы» – Қазақстан Респуб-
ликасы Тұңғыш Президентінің қоры, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы, «Хабар» агенттігі АҚ, «КТК» республикалық телеарнасы және «Оқжетпес» сауықтыру кешені бірлесіп жүзеге асырады. Осымен екінші жыл қатарынан өткізілгелі отырған бұл байқау адамгершілік құндылықтарды, қайырымдылық және гуманизм идеяларын насихаттайтын болады.
– Аталмыш жоба – елімізде көпшілікке танымал бола бермейтін асыл адамдар, батыр да батыл жандардың көп екенін көрсетеді. Егер сіз игі істер адамы болсаңыз, мұқтаж жандарға көмектесіп, қиын жағдайда батылдық танытып, керемет бір іс-шараны өткізуге қол ұшын берсеңіз, онда сіз осы байқаудың қатысушысысыз,– дейді Дәмелі Қойшина өз хабарламасында. Сондай-ақ, «Қайырымдылық керуені» жобасының үйлестірушісі Раушан Сәлімжанқызы да бұған:
– Бүгінде «Қайырымдылық керуені» жобасы азаматтардың үлкен ықыласына ие болғаны қуантады. Біз осы жоба арқылы жүрегі мейірімге толы, заманымыздың нағыз батырларын анықтаймыз және оларды көпшілікке танытамыз, – деген өз ойын қосты.
БАҚ өкілдерімен болған брифинг барысында байқауға қатысу ережелері нақтыланды. Сонымен, байқауға әлеуметтік мәселелерді шешуге үлес қосатын және өздерінің игі істерімен басқаларды ынталандыратын жеке және заңды тұлғалар қатыса алады. Бірақ, кәсіпкерлік субъектілері және қайырымдылық қызметі мемлекеттік қолдаумен байланысты адамдар (мемлекеттік грант, мемлекеттік тапсырыс және т.б.) оған қатыса алмайды.
Өтінімдерді қабылдау 29 қарашаға дейін жалғасады. Ал, желтоқсан айында келіп түскен өтініштерге іріктеу жүргізіледі. Жарыстың жеңімпаздары 2020 жылдың ақпан айының соңында – Алғыс айту күні қарсаңында анықталатын болады. «Қайырымдылық керуені» байқауының жеңімпаздары бес номинация бойынша марапатталады. Олар: «Асар» (қайырымдылық қызметі халықтық салт-дәстүрлермен байланысты адамдарды насихаттауға бағытталған), «Туған жер» (туған жерге білім беру, экология және көгалдандыру, мәдени нысандарды қалпына келтіру және тағы басқа салаларда көмек көрсететіндерге арналған), «Батыл жүрек» (ерлік жасаған және жанқиярлық танытқан адамдар), «Мейірім жолында» (көмек көрсететін, ерікті негізде және қайырымдылықпен айналысатын адамға беріледі), «Қайырымдылық тарихы» (журналистер мен шығармашылық топтарға арналған номинация). Яғни, қоғамның назарын әлеуметтік проблемаларға аударатын материалдардың шығуын қамтамасыз ететін қайырымдылық тақырыптарын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
Өткен жылғы «Қайырымдылық керуені» бірінші байқауының нәтижелері бойынша «Асар» номинациясын да Қарағанды облысынан Сымбат Елікбаева, «Туған жер» аталымында Атырау облысынан Арман Хайруллин, «Батыл жүрек» номинациясы бойынша біздің Ақмола облысынан Ұлдана Совет, «Мейірім жолында» номинациясы бойынша Алматы қаласынан Расима Темербаев, «Қайырымдылық тарихы» номинациясында Солтүстік Қазақстан облысынан Александра Кондратова жеңімпаз атанды.
Ендеше, жүректері мейірім мен имандылыққа, қайырымдылық пен патриотизмге және батылдық пен өжеттікке толы жандар осы байқауға қатысыңыздар. Ал, осы байқаудың былтырғы жеңімпазы біздің Ұлдана өзі кішкентай 10 жастағы қыз бала бола тұра, жанып жатқан өрттің ішінен кішкентай інісі мен екі сіңлісін аман алып шықты. Бұл 2017 жылдың қараша айында болған оқиға еді. Байқау туралы толық ақпаратты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Қорының www.fpp.kz сайтынан, сонымен қатар, Ақмола облысының іскер әйелдер қауымдастығы «Жас қанаттар» мүшесі, жеке кәсіпкер, «Қайырымдылық керуені» жобасының үйлестірушісі Раушан Тұрановадан 87057690819 телефонымен women0508@mail.ru электрондық поштасы арқылы алуға болады.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар