Жақында Чехия Республикасының фермерлері TURKUAZ Мachinry халықаралық фирмасының шақыртуымен облысымызда болып, агроөнеркәсіп
саласының жай-жапсарымен танысты.
Шетелдік делегация сапарын әлемнің танымал компаниялары шығаратын ауыл шаруашылығы техникаларын сатумен айналысатын TURKUAZ Мachinry халықаралық фирмасының Көкшетаудағы филиалынан бастады.
– Чех фермерлерінен бөлек, бізге Еуропаның көптеген елдерінен әріптестеріміз тұрақты түрде келіп тұрады, – дейді филиалдың басқарушы директоры Оғыз Құран. Бұл жолы Чехия фермерлерін қарсы алып отырмыз. Олар ақмолалық шаруалардың қолданып жүрген ауыл шаруашылығы техникасы мен алып отырған өнімінің нәтижесімен танысуда. Әрине, олар брендке айналған шетелдік техникаларды бұрыннан пайдаланады. Бірақ та, біз де соншалықты қалып отырған жоқпыз. Инвесторлардың арқасында осы күні алымдылығы жоғары ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алудамыз.
Бұдан кейін чех фермерлері Бурабай ауданындағы іргелі шаруашылықтардың бірі «Есіл Агро» ЖШС-нің мал шаруашылығы кешенінде болды. Мал шаруашылығымен бірге егін шаруашылығын қатар жүргізетін серіктестік өз өнімдерін ұқсатумен де айналысады. Шетелдіктер серіктестік дайындаған ауыл шаруашылығы өнімдерімен бірге, мал қорасы, малды азықтандыру жұмыстарымен танысты. Сапар барысында шетелдік қонақтар Бурабай курортты аймағының Абылай хан алаңы, Айнакөл көлі, Оқжетпес тауы сияқты сұлу жерлерін тамашалады.
Ал, Бұланды ауданында Макинск қаласында орналасқан «АСКОП» серіктестігінің күзгі егін орағы жұмыстарының барысына назар аударды. Науқан барысы туралы аталмыш серіктестіктің атқарушы директоры Жанат Досаев айтып берді. Оның айтуынша, серіктестік 65 мың гектар алқаптың егінін орып, астығын жинауда. Науқанға 45 «Джон Дир» комбайны, 7 агрегат тартылған. Гектар берекесі 15,5 центнерден айналуда.
Осылайша қонақтар «Джон Дир» сияқты қазіргі заманғы ауыл шаруашылығы техникалары мен өзімізде құрастырылатын
«КамАЗ» жүк көліктері сағым даланың шаңын бұрқыратып, көркін қыздырып жатқан егін орағын көріп, қызу еңбектің куәсі болды.
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.
Суреттерді түсірген автор.