Щучинск қаласындағы шаңғы-трамплин кешенінде кедергілер арқылы жүгіруден «Race Nation Burabay – 2019» халықаралық жарысы өтті.
Осымен қатарынан екінші жыл ұйымдастырылып отырған жырыстың ашылуына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Марат Иғалиев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Жарыс «Экстремальды атлетика» қоғамдық бірлестігінің кəсіпқой командаларының ұйымдастыруымен және облыстық туризм басқармасының қолдауымен өтті. Төзімділікті талап ететін жарысқа қатысушыларды облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың атынан құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Марат Иғалиев аталмыш шараның өңірде туристік әлеуетті көтеруге бағытталғанын атап өтті.
– Щучинскі шаңғы-трамплин кешені осындай жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстарды өткізуге өте қолайлы. Мұнда спортшылар үшін барлық жағдай жасалған. Жыл бойы кешен спортшылардан бір босаған емес. Міне, биыл «Race Nation Burabay – 2019» кедергілер жарысын екінші жыл қатарынан өткізіп отырмыз. Өздеріңіз байқап отырғандай, бүгінгі жарысқа қатысушылардың саны көп. Өткен жылы 300-ден асса, биыл 500-ге жетіп отыр. Бұл адамның бойындағы эмоциясын сыртқа шығаратын тартымды спорт. Сол себептен баршаңыздың бойларыңыздан жеңіске деген жігерді көріп тұрмыз. Қатысушыларға жеңіс тілеймін. Келешекте біздің курортты өңір туристік орталық қана емес, салауатты өмір салтының символына айналатынына
сенімім мол, – деді Марат Иғалиев.
Жарыс кезінде қатысушылар түрлі кедергілер арқылы жүгіріп, төзімдерін сынап көрді.
– Қатысушылар ұзындығы 5 шақырымдық жарыс жолында 24 кедергіден өтті. Атап айтқанда, қолмен жүру, саз балшық ваннасы, рампа, ауырлыққа төзу жəне тікенекті сым сияқты кедергілерді бағындырды, – деді Race Nation Burabay жарысының бас төрешісі Тимур Артюхин. Халықаралық жарысқа 10 команда, 500-ге жуық адам қатысып, Open, Team жəне Elite санаттары бойынша күштері мен төзімділіктерін сынап көрді. Олардың арасында Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркия және АҚШ сияқты онға жуық елдің өкілдері бар. Бұдан бөлек жарысты ұйымдастыруға 100-ге жуық еріктілер қатысты.
Әсіресе, қолмен жүру, саз балшық ваннасы, рампа, ауырлыққа төзу жəне тікенекті сым сияқты кедергілерді бағындыру оңайға соқпады. Соған қарамастан, жарысқа қатысушылардың көңіл-күйлері көтеріңкі болды.
– Биыл бұл жарысқа бірінші рет қатысып отырмын. Ерекше сезімдемін. Кедергілерден өту қиын болды. Бірақ та, жарысқа қатысқаныма еш өкінбеймін. Өйткені, денедегі қара күш пен төзімділікті қажет ететін бұл спорттың денсаулыққа пайдасы өте зор. Келесі жолы мықтап дайындалатын боламын, – деп өзінің әсерімен бөлісті Ерлан Ахметов есімді жарысқа қатысушы.
Айталық, Race Nation немесе «Ұлт жарысы» – ойлы-қырлы жерде жасанды кедергілермен жүгіру жарысы. Күш жүгірісі (5+ км және 24 кедергі) кіреді. Жарыс Open, Team жəне Elite санаттары бойынша өтеді. Open, Team жəне Elite жүгірісіне ең жақсы дайындалған, кәсіби және жартылай кәсіби спортшылар қатысады. Open жүгірісіне орташа және бастапқы дайындық деңгейіндегі спортшылар қатысады. Team жүгірісі –
командалық жүгіріс. Team үлгісінде мәре команданың соңғы қатысушысы бойынша есептелді. Elite бәсекесіне кәсіби жəне жартылай кәсіби спортшылар кіреді.
Жарыс қорытындысы бойынша ерлер арасында Наиль Башмаков, Евгений Величко, Дмитрий Коломеец, әйелдер арасында Дарья Рязько, Ирина Быкова, Анна Мельник үздік нәтиже көрсетті. Командалық есепте «Лыжный Щучинск» бірінші, «Pro Team» екінші және «Shrek Run» үшінші орын алды.
Бұл жолғы жарыстың жеңімпаздары Алматыда өтетін «Race Nation Kazakhstan-2020» кезеңінде бақ сынайтын болады. Сонда жеңіске жеткендер Киевте келер жылы өтетін əлем чемпионатында ел намысын қорғайды. Ал, 2019 жылғы Алматы жарысының жеңімпаздары Дмитрий Коломеец пен Анна Мельник қазан айында Ұлыбританияда өтетін әлем чемпионатына аттанады.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.