Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша бүгінгі күнге дейін 4 миллион 379 мың 600 гектардың немесе барлық егістік алқабының 81,9 пайыз астығы жиналып, қамбаға 3 миллион 694 мың 400 тонна астық құйылды. Орташа гектар түсімі 10,3 центнерден айналуда.
Бүгінгі күні ауа райының қолайсыздығы өңір диқандарының қолын жіпсіз байлап отыр. Дегенмен, олар әрбір ашық күнді тиімді пайдаланып, ел ырыздығын шашпай-төкпей жинап алуға ұмтылуда. Мәселен, биыл Бурабай, Біржан сал, Зеренді аудандарында ылғал мол түсті. Соған қарамастан, Зеренді ауданының диқандары 193,4 мың гектар егіс алқабының 90 пайызын жинап үлгерді. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Батырбек Дүйсембаевтың айтуынша, 177,6 мың гектар егін орылып, 174,1 гектары бастырылды. Әр гектардан 15 центнерден өнім алынып, қамбаға 260,4 мың тонна астық тасымалданды. Зеренділіктер 21,8 мың тонна тұқым алуды жоспарласа, оның 90,8 пайызы жинап алынды. Қазір аудан қырмандарында астықты өңдеу жұмысы қызу қарқын алды.
Атбасар, Бурабай, Жарқайың, Сандықтау аудандары диқандарының да қимылы ширақ. Бұл аудандар барлық егіс алқабының 85 пайызын жинап алды. Жарқайың ауданының егіс алқабы 628,5 мың гектарды құрайды. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Берлібековтың айтуынша, аудан диқандары 537,8 мың гектар алқаптың егінін бастырып, қамбаға 484 мың тонна астық, 57,1 мың тонна тұқым құйған. Атбасар ауданы да астықты өңірлердің бірі. Аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдары 390,1 мың гектар егіс алқабының 335 мың гектарын орып, 333,4 мың тонна астық, 38,5 мың тонна тұқым жинады. Гектар берекесі 10 центнерден айналуда. Жалпы, Бурабайдың басынан бұлт кетпейтіні белгілі. Биыл да солай болды. Дегенмен, бурабайлықтар 106,1 мың гектар егін алқабының 97,8 мың гектарын орып, 126,1 мың тонна астық бастырды, қамбаға 15,1 мың тонна тұқым құйды. Әр гектардан 14 центнерден өнім алынды. Сондай-ақ, Сандықтау ауданының диқандары 291,7 мың гектар егін алқабының 85 пайызын жинап, қамбаға 376,5 мың тонна астық, 42,1 мың тонна тұқым құйып үлгерді. Гектар берекесі 15,2 центнерден айналуда.
Ақкөл, Аршалы, Бұланды, Есіл, Жақсы, Шортанды, Біржан сал аудандарының диқандары да орақ қарқынын үдетіп, барлық егіс алқабының 80-84 пайызын жинап алды. Мәселен, Жақсы ауданының егіс алқабы 444,6 мың гектарды құрайды. Қазір оның 377,2 мың гектары орылып, қамбаға 457,5 мың тонна астық, 50,2 мың тонна тұқым құйылды. Әр гектардан 12,1 центнерден өнім жиналды.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.