«Құлагер» атшабарында Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ұлттық спорт түрі
жамбы атудан жастар арасында қалаішілік біріншілік өтті.
Дәл сол күні алғашқы қар жауып, аязды қыстың лебін сездіргендей қатты жел тұрмасы бар ма. Құдды жамбы атушылардың төзімділігін ызғарлы желдің өзі тексергендей. Ауа райының тосын мінезіне қарамастан, көрермендері аздау болса да, сайыс өз деңгейінде өтті. Қаламыздың жоғары оқу орындарынан жиналған он төрт қатысушы жігерлерін жанып, екі айналым бойынша өзара мықтыны анықтады.
Іс-шараны ашқан «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұл ата-баба дәстүрін жалғастырған спортшыларға ақ ниетін білдіріп, сәттілік тіледі.
– Қазақ тәуелсіздік алғаннан бері қаншама жақсы істер қолға алынды. Оның ішінде ұлттық спортқа көп көңіл бөлінуде. «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі ұлттық спортты, дәстүрді жаңғыртуға өзінше бір үлес қосып келе жатыр. Бүгін облыстық ішкі саясат басқармасының арнайы әлеуметтік тапсырысы негізінде «Әке көрген оқ жонар» деген байқау өткізіп отырмыз. Бұл енді біздің бабаларымыздың, әкелердің ұлағатын жалғастыру. Жастардың бойында ерлікке деген сондай сезім болу керек. Жастарымыз атқа мініп, қолына найзасын ұстап, садақ атып, ерліктің нышанын бойына сақтаса, еліміздің тәуелсіздігі нық бола түсетіні анық, – деді ол.
– Қазақтың ұлттық ойындарын бүгінгі күні жандандыру керек. Жастарға шамамыз келгенше ұлттық ойындарымызды үйреткен дұрыс қой деп ойлаймын. Мысалы, жүз адам осы жерге келіп қараса, соның ішінен бір-екеуі қарап, түсініп ізденетін болса, бала-шағасына үйретсе, соның өзі бүгінгі іс-шараның босқа өтпегенін көрсетеді. Сондай дәстүріміз болғанын дастархан үстінде де балаларға айтып отыру керек, – деп Ақмола облысы ауған соғысы ардагерлерінің төрағасы Ыбырай Дуанбай осындай сайыстар жиі ұйымдастырылса екен деген тілегін білдірді.
Ұлттық спорт мектебінің жамбы ату бөлімінің жаттықтырушысы Айболат Естайдың айтуынша, бірінші айналым қалқан атуда әр балаға екі мүмкіндік беріледі. Жасыл түс бір, сары – үш, қызыл – бес ұпай болып саналады. Осы кезеңде көп ұпай жинаған спортшылар келесі айналымға өтеді. Келесі айналымда жамбы ілініп тұрады. Соны дәл көздеп ату керек.
Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің бірінші курс студенті Жалғас Құрманның жамбы ату спортымен айналысып жүргеніне бір жыл болыпты. «Сұңқар» атты тұлпарын мініп келген Жалғастың айтуынша, бұл спорт түрі жылдамдық пен ұшқырлыққа үйретеді.
– Ата-бабамыздың дәстүрін әрі қарай жаңғыртып, дамытуға өз үлесімді қоссам деймін. Өзім негізі Сәкен Сейфуллин ауылынанмын. Атқа кішкентай кезімнен құмармын. Атқа отыруды әкем үйреткен, қазір соның арқасында аттың құлағында ойнаймын. Осы өнерді ауылдастарыма әкем үйретті. Сондықтан, дайындығым өте жақсы. Жамбы атуда жеңіске жету үшін тақым мықты болу керек, атты сезе білу қажет және дәл көздеп атумен қатар жылдам болу керек. Сонда ғана жеңіске жетуге болады, – дейді Жалғас. Ауылдастарының айтуынша, Жалғасты әр сайысқа үй іші жиналып, ата-анасы бата беріп шығарып салады екен.
Балуан Шолақ атындағы ұлттық спорт мектебінің директоры Марат Қойшин Ақмола облысы Ақтөбе қаласында өткен республикалық ұлттық спорт түрлерінің V фестивалінде жалпы командалық есепте үшінші орынға қол жеткізгенін айтты. Ақтөбеде екінші манеж құрылысы аяқталғалы жатыр, біздің облыста да сондай бір манеж салынса ұлттық спортымыз одан әрі дами түсетін еді деген ойын білдірді.
Сайыстың қорытындысы бойынша бірінші орынды Жалғас Құрман, екінші орынды Нұрсұлтан Жүсібалин, үшінші орынды Ерсұлтан Жүсібалин иемденді. Қатысушыларға Алғыс хат пен бағалы сыйлық табыс етілді. Осы жолы Сәкен Сейфулин ауылының жігіттері жарап, жарыс жүлделерін өзара бөліске салды.
Айтолқын АМАНГЕЛДІ.