«Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры Шыңғыс Әбішев бізбен әңгімесінде:
– Біздің кәсіпорын 2016 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен салтанатты жағдайда ашылған болатын. Содан бері бүгінгідей нарықтық қатынастар заманында өз орнымызды нақты айқындап, облыс, оған қоса, бүкіл республикамыз бойынша өз саламыздағы алдыңғы қатарлы жұмыс орындарының біріне айналып үлгердік. Осы орайда, біздің «Қазақстан – Беларусь ауыл шаруашылығы және коммуналдық шаруашылығы техникасын шығаратын индустриалдық-технологиялық паркі» инвестициялық жобасын іске асырумен айналысатынымызды айта кету керек, – дейді.
Өткен жылы кәсіпорын бір мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы мен басқа техника түрлерін шығарған болатын. Ал, биыл жыл басынан бері 900 дана шамасында осындай техника шығаруға қол жеткізіліп, олардың еліміздің жиырмаға жуық ірі қаласында саудаға түсуі қамтамасыз етілген. Тұқым себетін, жемшөп дайындайтын техника мен коммуналдық техниканың осы заманғы өндірушісі ретінде кәсіпорын сондай-ақ, Еуроодақтың, яғни, Ресей мен Беларусь республикаларының тракторлары мен комбайндарын сату құқығына да ие. Бұған өндіріс орнының биылдан бастап топырақ өңдеу, қар тазалау және тұқым себу техникаларын шығаратын американдық «AGKO-AMITY JC» компаниясының Қазақстандағы ресми диллері болып табылатынын қосуға болады.
Кәсіпорында бүгінгі таңда әлеуметтік жағынан тәуір қамтылған және тұрақты түрде еңбек ақы алып отыратын 130-дан астам адам жұмыс істейді. Алдағы жоспарларда жаңа өндірістік алаңдар салу жағы да көзделген. Өйткені, қазіргі алты мың шаршы метр жұмыс алаңы еңбек өнімділігінің артуына байланыс-ты мұндай кәсіпорынға аздық етуде.
Тракторлар мен комбайндарды жинау жұмыстарына қоса, тиегіштерді, тіркемелер үшін қораптар мен доңғалақтарды, эксковаторлардың ұзын мойындарын жергілікті материалдардан кәсіпорын жұмысшыларының өздері жасайды. Өндіріс алаңының кеңеюімен келешекте мұндағы жұмысшылар саны да артатыны анық. Уақытпен бірге адымдап келе жатқан корпорация алдағы уақытта өзінің күш-қуатын бұдан да молынан танытып, аймағымыздың өз саласындағы белді бір өндіріс орны болып қала беретіндігіне сенім мол.
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.
Суреттерде: кәсіпорынның атқарушы директоры Шыңғыс Әбішев; токарьлық цехтың бастығы Азат Шегіров және өндіріс ардагері Виктор Литвинов.
Суреттерді түсірген автор.