Жарқайың ауданының прокуратурасы тексеру барысында ауылдық мектептердің 180 мұғаліміне дене және ақыл-ой дамуында мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істегені үшін қосымша ақының төленбегенін анықтады.
Базалық қызметтік жалақыға 40 пайыздан 50 пайызға дейін қосымша ақы төлеу жайы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен белгіленген. Құзырлы орган ұстаздарға төленуге тиісті осындай қосымша ақыны төлемей, соның нәтижесінде педагогтар алдындағы берешектің жалпы сомасы 11 миллион теңгеден асқан. Аудандық прокуратураның актісі бойынша мұғалімдерге тиесілі берешек толық көлемде төленді.
Айта кету керек, прокуратура осындай жұмыстарды Ақмола облысының басқа аймақтарында да жүргізді. Соның нәтижесінде біраз заң бұзушылықтар анықталды. Мәселен, Степногорск қаласында екі жыл ішінде 120 педагогке 9 миллион теңгеден артық қосымша жалақы төленбеген. Аршалы және Егіндікөл аудандарының 100-ден астам мұғалімі 2 миллион теңгеге жуық қосымша жалақыны алмай келген. Прокуратураның араласуымен ұстаздар алдындағы қарыз толық өтелді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.