Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Елорданың Жастар театры – Көкше сахнасында - АРҚА АЖАРЫ

Елорданың Жастар театры – Көкше сахнасында

Өткен сейсенбі күні Көкшетауға өнер сапарымен келген Нұр-Сұлтан қаласының Жастар театры маңдайалды спектакльдерімен көпшілік көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Театр әртістері гастрольдік сапарларының алғашқы күні «Көкшетау» мәдениет сарайында кішкентай көрермендерге Дж.Родаридің «Чиполлино» ертегісін ұсынса, сол күні кешкісін әлемдік классиканың алтын қорына енген У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясын қойды. Ал, келесі күні Ғ.Мүсіреповтың «Жібек» мюзиклімен көрерменге мол рухани азық пен жақсы көңіл-күй сыйлады.

Жастар театры – өзінің сан қырлылығымен, жаңашылдығымен қазақ театр өнерінде өзіндік орны бар жас та болса, жасампаз өнер ордаларының бірі. Биыл театр өзінің он үшінші маусымын гастрольдік сапармен бастап отыр. Қазан айының 3-6 күндері аралығында Солтүстік Қазақстан облысында болған өнер ұжымы енді киелі Көкше жеріне ат басын бұрды. Екі күнде театрдың талантты әртістері жерлестерімізге тамаша көңіл-күй сыйлады. Ертең тағы «Көкшетау» мәдениет сарайының сахнасында «Жанарымдағы жалғыз әуен» атты музыкалық қойылым қоймақшы.
Осы ретте, біз Жастар театры директорының орынбасары, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Ләзима Сайбанованы әңгімеге тартқан едік.
–Театрымыздың он үшінші маусымын гастрольдік сапардан бастап жатырмыз. Бұдан бұрын Петропавл қаласында болдық. Онда төрт күн бойы бірнеше спектакль қойылды. Оның біреуі балаларға арналған «Чиполлино» ертегісі. Мұнда келіп отырған шығармашылық топтың құрамында отыз адам бар. Солардың ішінде бүгінгі таңда елге танымал Әділ Ахметов, Дәурен Серғазин және Мейірғат Амангелдин секілді әртістер бірге келді. Театрымызға соңғы жылдары қосылған, елге енді-енді танылып келе жатқан жас актер, актрисаларымыз да бар. Өзім осы қара шаңырақта театр алғаш құрылған күннен бастап еңбек етемін. Жуырда Қырғызстан Республикасында өткен «Арт-ORDO» VII халықаралық театр фестиваліне қатысып, «Ғасырдан да ұзақ» атты спектаклімізбен бас жүлдені жеңіп алдық. Алда үлкен жоспарларымыз бар. 20 қазанда астанада театрымыздың он үшінші маусымының ашылуы болады. Қарағанды қаласында 26 қазанда өтетін театр фестиваліне «Жібек» мюзиклімен қатысуға шақырту келді. Одан кейін қарашаның 18-23 күндері аралығында Ашхабад қаласында өтетін халықаралық театр фестиваліне қатысамыз. Театрымызда көрерменге байланысты ешқандай проблема жоқ. Петропавлда да өнерімізді тамашалауға жұртшылық көптеп келді. Жалпы, қойылымдарымыз көкшетаулықтарға ұнайды деген ойдамыз, – деді Ләзима Сайбанова.
Көкшетауға театр ұжымын бастап келіп отырған қадірлі мейман өз сөзінде театр он үш жылдық тарихында халықаралық, республикалық деңгейдегі байқаулардан 13 мәрте Гран-при жүлдені иеленгенін тілге тиек етті. Бүгінде театр репертуарында 46 спектакль бар. Көпшіліктің қошеметіне ие болған өнер туындысының қай-қайсысы да айрықша атап өтуге тұрарлық қызықты қойылымдар. Мұндағы актерлердің басым көпшілігі – Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының түлектері, профессор, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, режиссер Нұрқанат Жақыпбай шеберханасында тәрбиеленген шәкірттер.
Иә, Жастар театры әртістерінің шеберлігінде сөз жоқ. Патша көңілді көрермен астаналық меймандардың өнерін зор ықыласпен қабылдады. Өткен сейсенбіде қойылған «Асауға тұсау» комедиясын көпшілікпен бірге біз де тамашаладық. Мәдениет сарайына келген жұртшылықтың қарасы көп болғаны сонша, көрермендер залында ине шаншар жер қалмады. Ең бастысы, көрермендер мұнда келгендеріне еш өкінген жоқ. «Асауға тұсау» көңілдерінен шықты.
Италиядағы бейғам патшалықта өмір сүріп жатқан бай-бағланның екі бойжеткен қызының қолын сұрай келген жігіттердің қадамы жайында баяндалатын пьеса басталысымен-ақ көрермен езуін жия алмады. Қойылым желісі бойынша, Баптистаның қыңыр мінез үлкен қызына серілер сөз салмақ түгілі, алдына баруға бата алмайды. Алайда, әкесі Баптиста үлкен қызын ұзатпайынша, кіші қызы Бьянканы тұрмысқа бермейтінін кесіп айтады. Сөйтіп, жанындағы көмекшілері Катеринаның мінезін көтере алмаса да, оған оның ақшасын көтере алатын күйеу іздеудің қамына кіріседі. Мұны естіген алғыр мінезді Петручио сұлудың асау сезімін тұсаулауға тәуекел етеді. Алғашында қыздың байлығына қызыққанымен, артынан екі жастың тартысты басталған таныстығы үлкен махаббатқа ұласады.
Комедиялық ситуацияға құрылған оқиға желісі актерлік шеберлік арқылы көрермен назарын бей-жай қалдырмады. «Асауға тұсау» асау қызды ауыздықтау емес, кіршіксіз махаббатты шынайы түсінуден тұратын ерлі-зайыптылар арасындағы адал достықты жыр етеді. Сөзі өткір, өр мінезді Петручио мен тапқыр әрі ақылды тентек Катерина екеуінің әзілді қақтығыстары қыз бен жігіттің айтысындай өте тартымды. Әзілқой Грумио, жылпос Транио, жұмсақ мінезді Баптиста, тағы басқа кейіпкерлердің мінез-құлқы жалынды жастардың актерлік шеберлігіне ұласқанда, сахна көңілді көріністерге тола түсті. «Асауға тұсау» шынымен де, жарасымды қалжыңымен баурап алатын көркемдік құдіретімен қымбат шығарма екеніне көрермен айқын көз жеткізді. Қоюшы режиссері – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай. Комедиялық қойылымдағы басты кейіпкер Катеринаның рөлін ұжымның белді әртісі Айнұр Асанқызы, Петручионың рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметов сомдады.
Осы орайда біз көрермендердің көзайымына айналған белгілі
театр және кино әртістері, Жастар театрының негізін қалаушылардың бірі – Әділ Ахметов пен Дәурен Серғазинге спектакль басталар алдында арнайы жолығып, алдағы шығармашылық жоспарлары жайлы сұраған едік.
Әділ Ахметов: – Өнер сапарымен Көкшетауға үшінші рет келіп отырмыз. «Асауға тұсау» спектаклінде асау қызды тұсаулайтын Петручио деген жігіттің рөлін сомдаймын. Сапарымыздың соңғы күні әріптестеріммен бірге «Жанарымдағы жалғыз әуен» музыкалық қойылымында өнер көрсетемін. Киноға келетін болсақ, жуырда режиссер Ақан Сатаевтың «Томирис» тарихи фильмі жарыққа шыққан болатын. Ол фильмде мен Томиристің ғашығының рөлін ойнадым, –десе, аталмыш комедияда Баптистаның кіші қызы Бьянкаға ғашық серілердің бірі Лученсионың рөлін сомдаған актер Дәурен Серғазин бізбен әңгімесінде биылғы жазда әскери киноға түскенін, ол алдағы қарашада отандық кинотеатрларға прокатқа шығатынын айтты. –Киноға түсуге жиі шақырту алып жүргеніммен, негізгі жұмысым театрда. Қазақстанның қай түпкірі болса да, бізге жақын, жанымызға ыстық. Көрерменге өнерімізді көрсету, есеп беру, халықтың батасын алу мақсатында келіп отырмыз, – деді актер.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, әртістердің өнеріне деген көпшіліктің қошеметінде шек болмады. Спектакль аяқталғаннан кейін әртістерге Ақмола облысы әкімінің, Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының ықылас гүл шоқтары табыс етілді. Облыстық орыс драма театрының директоры Бейбіт Салауатұлы алғы сөз алып, сонау 2007 жылы тарихы басталған театр бүгінде елорданың өнегелі ордасына айналғанын айта келе, әртістерге Көкше қауымының атынан зор ризашылық білдірді, күні кеше Жастар театрында облыстық орыс драма театрының гастрөлдік сапары басталғанын айтты.
Жастар театрының екі бірдей фестивальде бас жүлдені жеңіп алған «Жібек» мюзиклі де көрерменге қатты ұнады. Кеше қойылған мюзикльде Жібектің рөлін жас актриса, «Үміт» сыйлығының иегері Назерке Серікболова сомдады.Айта кетейік, астаналық өнерпаз меймандардың қаламызға гастрольдік сапары ертең «Жанарымдағы жалғыз әуен» музыкалық қойылымымен өз мәресіне жетеді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар