Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының Ақтау қаласына жұмыс сапарымен барып, жазушы,
қоғам және мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбайдың 80 жылдық мерейтойы аясында орнатылған ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысып, қаламгердің мүсінін салтанатты түрде ашып берді.
Тау тұлғалы талант, ғұлама ойшыл Әбіш Кекілбайұлының ерен еңбегі қандай құрметке де лайық екенін айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев, заңғар жазушы, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің рухына тағзым ету тек Маңғыстау өңірінің ғана емес, бүкіл еліміз үшін маңызды оқиға деп бағалады.
– Біз бүгін рухын ұлықтап отырған Әбіш Кекілбай – адамзаттық болмыстың жоғары деңгейіне көтерілген біртуар тұлға, қазақ халқының ұлы перзенті. Халқымыздың мақтанышына айналған азаматтардың есімін жадымыздан шығармау – баршамыздың парызымыз. Елбасының «Шіркін-ай, осындай қазақтар көбірек болса екен» деп Әбіш ағаға ризашылық білдіруі тегін емес. Зиялы қауым оған айрықша құрмет көрсетіп, «Қазақтың таңдайы» деп атады,– деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы қазақ зиялыларының салмақты сөзі – тәрбиенің тиімді құралы деп ерекше екпін берді. – Бүгінгі күні зиялы қауымның маңызды міндеті өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу деп санаймын,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.