Көкшетау қаласында «Абайлаңыз – балалар!» республикалық акциясы шеңберінде мектеп оқушыларына жол қоғалысы ережесін түсіндіру бойынша веложарыс ұйымдастырылды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, халыққа қызмет көрсету орталығы аумағында орналасқан автодромда ұйымдастырылған шараға қаладағы бес мектептің оқушылары қатысты. Балаларға жол полициясының қызметкерлері жол қозғалысы ережесін түсіндірді.
– Балаларға жол қозғалысы ережесін түсіндіру мақсатында осындай шараларды жиі ұйымдастырып тұрамыз. Веложарысқа қатысқан балалар көшеде велосипедпен жүру туралы көп тәжірибе жинақтап қана қоймай, көңілдерін де көтерді, – дейді Көкшетау қалалық жергілікті полиция қызметі бөлімі ювеналды полицияның учаскелік инспекторы, аға полиция лейтенанты Назира Тұрсынбаева.
Веложарыс қорытындысы бойынша №10 орта мектептің оқушысы Дмитрий Сениковский 1-ші орын, №16 орта мектептің оқушысы Вячеслав Ахметов 2-ші және №12 орта мектептің оқушысы Нұрбек Әбішев 3-ші орын алды. Жалпы, шараға қатысқан барлық оқушыларға арнайы грамоталар мен естелік сыйлықтар үлестірілді.
Жалпы, акция барысында облыс бо-йынша 49 мыңнан астам жоғары сынып оқушысы мен мектепке дейінгі мекемелердегі жоғары топтағы балалар, 16 мыңға жуық ата-ана, 3 мыңнан астам педагогтың қатысуымен 1 955-ке жуық жол қозғалысы ережесі қауіпсіздігін сақтау, лекция сияқты түрлі шара ұйымдастырылды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.