Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшетаудағы Сәкен тойы - АРҚА АЖАРЫ

Көкшетаудағы Сәкен тойы

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетауда өткен халқымыздың аяулы перзенті Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойы аясында

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде ұйымдастырылған «Кербез Көкшенің ақиығы – Сәкен Сейфуллин» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясының жұмысына қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, Сәкеннің туған халқына сіңірген өлшеусіз еңбегі мен өшпес рухына жүрекжарды лебізін арнады.

Алдымен, Көкшетауға Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойына келген құрметті меймандар облыс орталығындағы ескі мұсылмандар зиратында жатқан Сәкеннің жалғыз ұлы Аянның бейітінің басына орнатылған ескерткіш белгіге тағзым етіп, құран бағыштады. Одан әрі конференцияға жиналған көпшілік университеттің бірінші қабатында орналасқан «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбында ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Содан кейін қатысушылар назарына Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы арқау етілген видеофильм көрсетілді.
Алқалы жиынды Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Марат Сырлыбаев ашып, жүргізіп отырды. – Сәкен Сейфуллин қазақ поэзиясы, драматургиясы мен прозасының бастауында тұрған үлкен қаламгер болуымен қатар, білгір әдебиеттанушы ғалым, сарабдал сыншы болды. Осыған орай, конференция барысында Сәкен тұлғасы, Сәкен мұрасы, жалпы сәкентану мәселелері жөнінде қонақтар мен ғалымдар тарапынан жан-жақты талқылау болады деген ойдамын, – деді университет ректоры.
Ал, ғылыми конференция жұмысына Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының Сенаторлар кеңесінің мүшесі, «Сәкен» қорының төрағасы Оралбай
Әбдікәрімов, жазушы-драматург, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиев, Сәкен Сейфуллиннің туысы, «Құрмет» орденінің иегері, елімізге танымал бизнес өкілі Сәкен Орынбекұлы, «Сәкен Сейфуллин» музейінің директоры, белгілі ақын Несіпбек Айтұлы, филология ғылымдарының докторы, ұлт мақтанышы Тұрсынбек Кәкішев ағамыздың аяулы жары, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Күләш Ахметова және Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларынан келген ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, студент жастар қатысты.
Көкше жерінде ұйымдастырылған жиында өңір басшысы республикалық конференцияның табысты өтуіне тілектестігін білдіріп, құттықтау сөз сөйледі.
– Халқымыз үшін есімі аса қымбат тұлғаларымыздың бірі – Сәкен Сейфуллин. Өз заманында саясаттың құрбаны болған Сәкенге деген халық құрметі әрқашан да жоғары. Бүгін біздің алқалы жиынға көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімұлы бастаған белгілі ғалымдар мен танымал ақын-жазушылар қатысып отыр. Әрине, Сәкен барша қазақ елінің тұлғасы. Дегенмен, оның есімі біздің Ақмола өңірі үшін өте ыстық екендігі рас. Өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» романында жазушы 1917 жылы Ақмола қаласында «Тіршілік» атты қазақ газетін шығаруды қолға алғанын жазды. Сол «Тіршілік» газеті бүгінгі күні облыстық «Арқа ажары» газеті болып, жұмысын жалғастырып жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Бүгінгі «Арқа ажары» газетінің редакциясының ғимаратына 2017 жылы Сәкен Сейфуллинге ескерткіш тақта орнатылды. Көкшетау қаласының іргесіндегі мұсылмандар зиратында Сәкен Сейфуллиннің ұлы Аян жатыр. Көкшеліктер Аянның басына белгі тас орнатты. Сонымен бірге Сәкен Сейфуллиннің адал жары Гүлбаһрам да облысымызда орналасқан «АЛЖИР» лагерінде тұтқында болғанын ешқашан ұмытуға болмайды. Кербез Көкшенің сұлулығы мен әсемдігін Сәкен Сейфуллин өзінің әйгілі «Көкшетау» поэмасы арқылы қазақ еліне танытты, –дей келіп өңір басшысы ақжарма алғысын білдірді.
Ақмола облысында Сәкен Сейфуллин есіміне деген құрмет жоғары. Соның бір айғағындай өңіріміздегі қалалар мен елді мекендердің 74 көшесіне, 3 мектеп пен бір ауылдық округке Сәкен есімі берілгендігін баса айтсақ болады. Сонымен қатар, Бурабай ауданының Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектебінде ақынның бюсті қойылған. Сондай-ақ, ақиық ақынның 125 жылдығын атап өту мақсатында Ақмола облысында 400-ден астам мәдени іс-шара ұйымдастырылды.
– Бурабайдың баурайында болған ақындардың арасында оның көз суырар сұлу табиғатына тамсанып өлең шығармағаны кемде-кем шығар. Бірақ, солардың арасында Көкшетауды сұлу жырына арқау еткен Сәкеннің орны бөлек, – деп бастаған сөзін мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімұлы әрі қарай өңір басшысы Ермек Маржықпаевқа, университет ұжымына, сонымен қатар, Көкше халқына алғысын білдіріп, ақиық ақынның 125 жылдық мерейтойына байланысты республика бойынша өткізіліп жатқан іс-шараларға тоқталып өтті.
Конференцияға қатысушылар Сәкен Сейфуллиннің туысы Сәкен Орынбекұлымен дидарласып, ақын рухымен қауышқандай әсерге бөленді. Қазақ халқы «Тегі жақсы тегін болмас» деген. Сәкен Орынбекұлы бұл күнде елімізге танымал ірі кәсіпкерлердің бірі. Ол өз сөзінде атадан мирас болған әдеби мұраны жинақтап, ұрпақтан-ұрпаққа селкеу түсірмей жеткізіп келе жатқан ғалымдар мен зиялы қауым өкілдеріне зор алғысын білдіре келіп, алдағы уақытта киелі Көкше жерінде Сәкен Сейфуллинге арналған бір ескерткіш ашылса екен деген тілегін жеткізді.
Конференцияның негізгі бөлімінде алғашқы баяндама оқыған ғалымдардың бірі сәкентанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Күләш Ахметова. «Сәкен және Алаш арыстары» тақырыбында Алаш зиялылары туралы терең де мәнді баяндама жасаған Күләш Садыққызы сәкентану ғылымында ұлт мақтанышы Тұрсынбек Кәкішевтің еңбегін ерекше атап өтті. Айта кетуіміз керек, Ақмола облысының әкімдігі және университеттің ғылыми кеңесінің шешіміне сәйкес, алдағы уақытта аталмыш оқу орнында «Академик Тұрсынбек Кәкішев» атындағы ғылыми орталық ашылатындығы белгілі болды.
Ал, «Сәкен Сейфуллин» музейінің директоры, белгілі ақын Несіпбек Айтұлы, «Сәкен – қашан да Сәкен» тақырыбында баяндама жасады. – Сәкен небәрі 44 жылдық ғұмырында биікке самғап ұшып, биліктің ұшар басына шыққан, әдебиет пен өнерде өлшеусіз іс тындырған тарихи тұлға. Бүгінде ақыннан қалған мұраны көздің қарашығындай сақтап отырған Сәкен музейі – Сәкеннің қара шаңырағы іспетті. Музейге мен басшы боп келген тоғыз жылдың ішінде тоғыз кітап шығарылды. Бүгінгі Сәкен рухына арналған іс-шара Көкше жерінде өтіп жатқандығы қуантады. Кербез Көкшенің бар сұлулығын ақын Сәкеннің «Көкшетау» поэмасы арқылы қазақ сахарасына кеңінен тарады. Сәкен – қашан да Сәкен! Осыны ұмытпаған ақмолалықтар мен көкшетаулықтарға шынайы ризамыз! – дей келіп, «Аянға» деп аталатын өлеңін оқып, жиналғандарды бір тебірентіп тас-
тады.
Сонымен қатар, конференцияда көрнекті ғалым, академик, Тұрсынбек Кәкішұлының шәкірті, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлов, филология ғылымдарының докторы, белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтаев, жазушы-драматург, актер Қанат Жүнісов, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек баяндама жасап, сәкентану ғылымында әлі де зерттеуді қажет ететін қомақты мәселелер бар екендігін, сондай-ақ, ақиық ақынның азаматтық тұлғасын танытатын қызғылықты деректерді тілге тиек етті.
Конференция нәтижесін қорытындылай келе ғалымдар құзырлы мемлекеттік, қоғамдық мекемелерге және кәсіпкерлерге ұсыныс жасау үшін арнайы қарар қабылдады. Онда Көкшетау қаласында немесе Бурабай ауданында Сәкен Сейфуллинге ескерткіш орнату, «Сәкен жүрген ізбенен» атты халықаралық ғылыми экспедиция ұйымдастыру, Нұр-Сұлтан қаласындағы Сәкен Сейфуллин музейінің филиалын жер шоқтығы Бурабайда ашу және тағы басқа ұсыныстар айтылды.
Ұлы тұлғаны ардақтау мақсатында өткізілген коференция соңында жиынға қатысушылар естелік суретке түсті.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

P.S. Сол күні түстен кейін осы мерейтой аясында Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында «Сыр сандықты ашып қара…»атты аймақаралық ақындар мүшәйрасы өтті. Мүшәйра туралы материалды газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар